Самат Ақышев: «Экономикалық дамуға бюрократия бөгет болмауы тиіс»

Бүгін Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты Самат Ақышев жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз клубын өткізді. Отырыста Самат Сағынтайұлы таяуда жарық көрген Елбасы Н.Назарбаевтің "Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол" атты мақаласына шолу жасап, ондағы басым бағыттар турасында түсінік берді.DSCN3719
Бұл мақалада, әуелі, осы уақытқа дейін өткен оқиғаларға сатылы түрде шолу жасалады. Ел экономикасының даму қадамдары тәптіштеліп баяндала келе, қысылтаяң кезеңдегі ахуалды ақсаңдатпаудың тетіктері тілге тиек етілген. Солардың маңдайалдылары — шағын және орта бизнесті қарыштату, инвестиция тарту, инновациялық жобаларды өркендету. 
-Инвестициялық климатты жақсарту, әлемге өзімізді ашық, бәсекеге қабілеті бар ел ретінде көрсету — негізгі нысана. Осындай-ақ, нарықтағы ширақтықтың, яғни өндіріс пен өнім сапалылығына екпін салудың да маңызы аса зор,-дейді С.Ақышев. — Жалпы, көреген көшбасшымыздың бұл мақаласына арқау болған жайттардың барлығы отыздықтағы озық елдердің тәжірибесінен қорытындыланған. Мәселен, Германия, Австралия сынды алып мемлекеттер экономикасының 65-70 пайызы — шағын және орта бизнестің үлесі. Елбасының нақ осы бағытқа ұдайы басымдық беретіні де сондықтан.
Бүгіндері алдыңғы қатарлы елдер модельдерін қолданысқа икемдеу, пысықтау қолға алынғанын, озық технологияларға бейімделу қажеттігін баяндайды экономист. "Әлемнің әлеуетті елдері осыларды өмір салтына айналдырған, біздің де сол ізге түсуіміз шартты" дейді ол. Тек кәсіпкерлікті дөңгелетушілер жаңашылдыққа беймаралдық, салқынқандылық танытпауы керек, бұл істе рөл ойнайтын басты фактор — адамдық капитал, идеология, кәсібилік, жан-жақты біліктілік.
-Сосын, ең бастысы, экономикалық дамуға бюрократия бөгет болмауы тиіс. Мақалада айтылғандай, мемлекет шығындар көлемін азайтып, бюрократияны бұғаттауды мақсат етуі керек. Жалпы, меніңше, әлемдік көзқараспен қарағанда, халық саны аса көп емес ел үшін бұл мәселенің шешімі табылады. Бұл да, бір есеппен, ортақ мүдде: "жұмыла көтеруді" талап етеді, — дейді С.Ақышев.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты тілшілердің экономика және саясат төңірегіндегі сұрақтарына жауап беріп, өз пікірлерін айтты… Толығырақ газеттің келесі санында жарияланатын болады. 
 
Ж.Жүсіпбек

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓