Балалар ауруханасына 4 миллион теңгенің құрал-жабдығын сыйға тартты

Еуразиялық Топтың көмегі арқасында балалар ауруханасында емнің тиімділігі бірнеше есеге артпақ.
Рудныйда церебральді сал ауруына шалдыққан 50 бала бар. Олардың қажетті ем алып, ел қатарына қосылуына мемлекетпен қатар жеке кәсіпорындар да қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, жуырда облыс әкімдігі мен Еуразиялық Топ арасындағы меморандумға сәйкес «ССКӨБ» АҚ балалар ауруханасына 4 миллион теңгенің құрал-жабдығын сыйға тартты.ZFV_4423
Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан да оның дені сау, озат ойлы, патриот болып өсуіне ел болып үлес қосуымыз қажет. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты көңіл бөліп, олардың өмір сапасын жақсарту – сауапты іс. Осыны ескерген кен алыбы қаладағы сал ауруына шалдыққан балаларға арнап сауықтыру киімдерін, дене шынықтыру кабинеті мен сенсорлы бөлмеге тренажерлар мен арнайы құрал-жабдықтар сатып әперді. Соның ішінде жүйе мен тірек-қимыл жүйесін сауықтыруға арналған «Фаэтон» комбинезоны скафандрға өте ұқсас. Оны киген бала өзін кішкентай ғарышкер ретінде сезінетіні анық.
– Миы мен орталық жүйке жүйесі зақымданған балалар үшін кейбір іс-қимылдарды жасау қиынның қиыны. Ал мұндай комбинезонмен олар өздерін он екі мүшесі сау адамдай сенімді, әрі еркін сезінеді, – дейді Рудный қалалық балалар ауруханасының бөлім жетекшісі Сәлима Бекболатова.
Осындай костюмдармен остеохондроз, бел ауруы, тірек-қимыл аппараты мен бұлшық еті зақымданған жеткіншектерді сауықтыруға болады. «Гравистат» рефлекторлы костюмін дайындауда да ғарыштық технологиялар қолданылған. Ол ауырлықты дененің барлық бөлшектеріне біркелкі таратып, бұрын жұмыс істемеген бұлшық еттерді «ояту» арқылы баланың жүріп-тұруын жақсартады.ZFV_4544
Меморандум шеңберінде сатып алынған әмбебап тренажерлардың денсаулық үшін пайдасы зор. Онымен арбаға таңылған балалар да еш кедергісіз жұмыс істей алады. Белсенді жаттығулардан кейін балақайлар комбинат қаржысына жасақталған сенсорлық бөлмеде тынығады.
– Бұдан бұрын балалар «тұз шахтасында» дем алатын. Қазіргі психологиялық жеңілдену бөлмесі заман талабына сай өте әдемі безендірілген. Балалар үшін бұл бөлме терапия емес, нағыз мерекелік бөлмеге айналғандай. Олардың өмірге деген құлшынысын, бал-бұл жайнаған жүздерін көру – біз үшін үлкен бақыт, – деп ағынан жарылады бөлім психологы Галина Ленко.
Айта кетерлігі, бұл бірлестіктің денсаулық сақтау мекемелеріне көрсетіп отырған алғашқы көмегі емес. Соңғы 1-2 жылдықтың өзінде «ССКӨБ» АҚ қалалық ауруханаға, перзентхана үйі мен жедел жәрдем қызметіне он шақты миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар мен техниканы сыйға тартты.
– Мүмкін еместің өзі мүмкін екен. Өйткені еліміздің ірі қалаларында ғана кездесетін бағалы құрал-жабдықтарды өз ауруханамызда көреміз деген ой қанша ұйықтасақ та түсімізге кірмеген. Сондықтан да бұл қамқорлығы үшін «ССКӨБ» АҚ мен Еуразиялық Топқа айтар алғысымыз шексіз, – дейді дәрігерлер.
 
Анықтама: Церебральді – (латынша «cerebrum») «ми» деген мағынаны білдіреді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓