Арма, ағайын!

Алдымен, Сіздерге деген ақжарма алғысымызды айтамыз: қолдарыңыз­дағы «Қос­танай таңы» биылғы жаңа 2016 жылда он бір мың данадан асып  шығарыла бастады. Бұл бүгінгідей  шыр­ғалаң шақтың өзін­дегі­ өңірдегі қазақ жұртының өз тіліне, өз діліне  деген құрметі, ықылас-пейілі. Бұл — Қазақ сөзінің еңселі, өрелі де өркенді екендігінің белгісі. Адамды адам еткен — ой мен сөз. Мұны газет шығарып отырған ұжым да жақсы түсініп, өздеріне артылып отырған міндет пен қызметті ойдағыдай атқаруға бел буып отыр.
Биылғы жаңалық – бұдан былай газетіміздің әрбір нөмірі табиғаттың  өзіндей түрлі-түсті бояу­мен, ал сәрсенбі мен  жұмадағы сандары алма-кезек 16 және 24 бет («Қостанай ақшамы») болып былтырғыдан да  көбейіп жарық көрмек. Піл көтермегенді тіл көтереді. Облыстың жасампаз тыныс-тіршілігінен толыққанды сыр тартып,  ой-пікір алаңын кеңейтіп, қалың оқушыларымыздың талап-талғамына орай жүзеге асар тың серпінді іс болары анық.
Биылғы жыл – қасқыр намыс, жылқы мінез қайран қазақ үшін айрықша жыл. Қазақ елінің Тәуел­сіздігіне 25 жыл! «Ширек ғасырлық шежіреміз бізді мерейлі мемлекет ретінде әлемге танытты. Бағытымызды белгілеген Ұлт жоспары ұлағатты жолға бастап келеді. Алдағы Мешін жылында да абыройымыз асқақ болады деп сенемін!», – деді Елбасы.
Биыл –  2016 жылы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл. Төрткүл дүниеге қазақ жастарының қайтпас-қайсар қаһармандығын паш еткен, республикадағы демократиялық жаңару басталған жыл. Осы жаңарудың сонау түп-тамыры 1916 жылғы ұлт-­азаттық көтерілісіне де  100 жыл. 
Биыл – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы. 
Биыл –  жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы. 
Биыл  –  қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес­тер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шеккеніне  25 жыл.
Биыл – Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл.
Міне, ағайын, бұл  мерейтойлар мен атаулы күндердің бір парасы ғана. Биыл күнтізбе бойынша – кібісе жыл. Ғалымдар әр үш жылдың 365 күнге аяқталып, ал әрбір төртінші жылдың күн саны алдағы үш жылда бір күннің артық қалуы салдарынан 366 күнге толатынын есептеп шығарған. Содан барып, хрис­тияндар  «високосный», ал мұсылмандар «Кібісе жыл» деп атайтын жыл пайда болған. Үш жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн ақпан айының еншісіне тиіпті. 
Ал, жалпы Мешін жылының жарқын жағына үңілсек, жалындаған жасампаз да жарасымды  істер көп, жан жылытар сәтті  басқосу мен жүздесулер болады дейді.
Қазаны оттан түспейтін, босағасынан кісі үзілмейтін қазағымның пейілінен құдай айыр­масын!
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓