Алқаудан шыққан бір арыс

Сәлімгерей Тоқтамысов туралы сөз
Салимгерей ТоктамысовСәлімгерей аға туралы мен талай адамдардан естідім. Бәрі де оның адамгершілігі мен іскерлігін, бауырмалдығы мен жанашырлығын жыр қылып айтатын. Әсіресе, партия-кеңес қызметінің ардагері, көпті көрген көшелі ағамыз Жұмабек Жансарин сол Сәкең туралы тебірене толғанатын. Ара-арасында «сенің Сәлім деген атың менің Сәлімгерей досымды үнемі еске түсіреді», – деуші еді марқұм. Жұмабек ақсақал осы «Қостанай таңында» ұзақ жылдар бойы еңбек еткен журналист Хамит Жансариннің әкесі еді, сондықтан да болар Жүкеңмен жиі жүздесіп жатушы едік.
1.Әлқисса
Ұлы Отан соғысы жылдары Сәлімгерей Тоқтамысов Аманкелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті, ал Жұмабек Жансарин сол аудандық атқару комитетінің төрағасы еді. Қиын-қыстау кезеңде осы екі азамат алыстағы ауданның даңқын шығарды. Мал шаруашылығын өркендетуге ерекше үлес қосты. Олардың майдан қорына ақша жинап, танк колоннасын жасау жөніндегі бастамасы ерекше қолдау тауып, Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің өзі алыстағы ауданға бір емес, екі рет телеграмма беріп, құттықтап еді… Сәкең 1945-49 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеді.
2.Баспалдақтар
Сәлімгерей Тоқтамысов құжат бойынша 1915 жылы туған деп жазылады. Негізінде, ол 1914 жылы дүниеге келген, комсомолға тезірек өтіп, ат жалын тартып мінер азамат болсам деп асыққан бозбала бір жасты қосып жаздырады. Туған жері – Меңдіқара ауданындағы бүгінгі Алқау ауылы. Жастайынан көрсем, білсем деп алға ұмтылған бозбала бірден қайнаған еңбек ортасынан табылып, комсомол жұмысына жегіледі. Төрт жасында әкесінен айырылған, оң-солын танып үлгірмеген бала ағайын-туғанның арқасында өмір көшіне ілеседі. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин салдырған мектепте оқиды. Ол көрнекті педагог-жазушы Спандияр Көбеев шәкірттерінің бірі еді. Кейін ұстазы өзінің «Орындалған арман» атты романында Сәлімгерейді өзінің үміт артқан шәкірттерінің бірі ретінде атайды. С.Тоқтамысов 1934 жылы Қостанай қаласы прокуратурасында хатшы, кейін тергеуші болады. Бірақ ол бір жылдан кейін жалған жаламен түрмеге қамалады. Ақыры «аққа құдай жақ» болып, қапастан босатылады. 1936 жылы Қостанай облысы құрыл-ғанда сауатты да іскер адам ретінде ол Аманкелді аудандық атқару комитетінің хатшысы міндетін атқарады. Ол осында аудандық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Әубәкір Арыстанбековпен танысып, достасып кетеді. Әбекең кейін Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болады, қазақ чекистерінің ішінде алғаш болып генерал атағын алады. Генералмен арадағы жолдастық қарым-қатынас Әбекең дүниеден өткенше жалғасады. Сәкең Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Темір Дарханбаев, Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Байқадамов және басқа халқымыздың біртуар перзенттерімен дос болады. КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқып жүргенінде талай марқасқалармен кездесіп, сырласады. Солардың бәрі де кейін Сәкеңнің сыйлас, сырлас дос-жолдастарына айналады. 1954 жылы біздің ағамыз Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Облыс өнер-кәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуда орасан зор жетістіктерге жетеді. 1958 жылы Ленин орденімен наградталады. Бірінші хатшы бұл қызметтен Қазақ кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайланады, соның алдында ғана ол омырауға Ленин орденін таққан еді. Кәсіподақ жетекшісі ретінде Сәлім-герей Тоқтамысов ұлан-байтақ республикамызды тынымсыз аралап, еңбек адамына жағдай туғызу, оны әлеуметтік қорғау мәселесімен түбегейлі айналысып, абыройға бөленеді. Республика кәсіподағы тізгінін ұстаған қазақ азаматын сол кездегі Бүкілодақтық орталық кәсіподақ кеңесінің төрағасы В.В.Гришин одақтық кеңестің хатшысы қызметіне шақырады. Бірақ сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған И.Юсупов бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болады. Құдайдың бұйрығы шығар, Сәкең кейін сол «қайраткердің» қаһарына ілінеді…
3.Ел мен жердің тұтастығын ойлап
1961 жылы Сәкең Қызылорда облыстық партия комитетінің біріншісі хатшысы болып тағайындалады. Сол тұста республиканың оңтүстік аудандарын Өзбекстанға беру туралы мәселе көтеріліп, талқылана бастайды. Осы тұста, 1963 жылы, Сәлімгерей республика басшысы И.Юсупов туралы пікірін ашық айтып, «Казахстанская правда» газетіне сұхбат береді. Онда туған елдің аумақтық тұтастығына қол сұққан басшының іс-әрекетін сын тезіне алады. Әрине, мұндай еркін пікірдің неге әкеп соқтыратынын ол білді. Бірақ ел, жер, халық алдындағы парыз оны үнсіз қалдыра алмады. Арада бірнеше күн өткенде одақтық «Правда» газетінде Тоқтамысовты тас-талқан етіп сынаған мақала шықты. Әр жағы сол заманның қалыптасқан сценарийі бойынша жалғасты. Мақаланы Орталық Комитетінің Пленумында талқылап, Сәлімгерейдің «сыбағасын» берді, қызметтен босатты. Араға талай жыл салып, журналистердің бірі «Сәке, сол әрекетіңізге өкінген кезіңіз болды ма?» деп сұраған екен. – Жоқ, – депті ағамыз, – жеріңді жұлмалап, еліңді еңіретіп жатқанда қай жігіт тартынып қалушы еді. Сөйтіп, Жұмабай Тәшенов ағамыз сияқты біздің Сәлімгерей аға да қысылтаяң шақта ағысқа қарсы жүрген қайраткер тұлға болып тарихта қалды. Содан талай уақыт жұмыссыз жүрген, көп балалы отбасының бас көтерер азаматына ұлтымыздың тағы бір марқасқа азаматы көмек қолын созады. Ол Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров еді. Ол Сәкеңді «Георгиев» кеңшарына директорлыққа шақырды. Бұл іргелі шаруашылық КСРО совхоздар ми-нистрлігіне қарайтын. Істе шыныққан қайраткер тұлға сеніп тапсырылған жұмысты өрге бастыруға жанын салды. Талай кедергілерді жоя отырып, азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға барынша үлес қосады. Сөйтіп, ел алдында тағы да беделі өсті, Еңбек Қызыл Ту орденін алды. 1967 жылы Сәкең Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, бұл міндетті 1975 жылға дейін мінсіз атқарады. Оның омырауына үшінші орден – «Құрмет Белгісі» тағылады. Сәлімгерей Тоқтамысов екінші және үшінші шақырылған Қазақ КСР Жоғар-ғы Кеңесінің, төртінші және бесінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Қазақстан тарихында ерекше орын алатын көрнекті қайраткер Д.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында Сәкең туралы ерекше жылы лебізін білдіреді. Мына мәселені де айтпай кетуге болмас. Кезінде еліміздің біртуар азаматы, қайраткер аға Асанбай Асқаровтың үстіне бұлт үйіріліп, тағдыры қыл үстінде тұрғанда өзіне тән алғырлық және өжеттікпен оны қорғаған жандардың бірі де осы Сәкең еді. – Биыл біздің даңқты жерлесіміздің туғанына 100 жыл толады. Соған орай Қазақ елінің қайраткер ұлының есімін мәңгі есте қалдыру үшін шаралар белгілеп, жүзеге асырса артық болмас еді, – дейді оның жерлесі, ішкі істер органының құрметті қызметкері Темірбек Ермағанбетов. Сәкеңнің алты баласы, жеті немересі, жеті шөбересі бар. Олар әке, ата есімін қастерлеген, өмірін жалғастырар ұлағатты ұрпағы. Сәкең 1997 жылы дүние салған еді.
 
Сәлім МЕҢДІБАЙ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓