ҚАЙДАН КЕЛГЕН КҮШ?

Терроризм бе, түрік пе?
Жақында, Ресей президенті Владимир Путин федералды жиында отандастарына  өзінің жолдауын жариялады.  Көрші ел басшысының жолдауы –  болашаққа бағдар, келер жылдың жұмыс жоспарына бағытталған. Елеңдейтіндей ештеңесі жоқ.  Ел тізгінін ұстаған кез-келген басшының атқаратын ісі, халқының алдындағы тікелей міндеті. Дей тұрғанмен, көрші ел басшысының бұл жиыны – ерекше басталды.  Әңгімесіне кіріспес бұрын, Сирия жерінде қаза тапқан сарбаздарын үнсіздікпен еске алған Путин осы мәлімдемесінде көрші-көлем, дос-жарандарының қайсысымен қарым-қатынасын сақтайтынын  ашық айтты.кайдан келген куш
«Терроризм – жер жаһанға төнген қауіп! Саналы мемлекеттер оны жоюға күш біріктіруі тиіс» — деп бастаған В.Путин кейбір мемлекеттердің содырларды сүйемелдейтініне қынжылысын білдірді. Қара алтын үшін араб елдерін әбігерге салып, бір-бірімен қырқыстырып қойған батыс елдерін сілкілеуден басталған айыптау – түркі елдерін де қамтып өтті. Қамтығаны сол, жолдаудың тұтастай бір бөлігі – Сирияда құлаған «СУ-24», Түркиямен ара-қатынасқа арналды.
Сирия президенті Башар Асадқа, соған жақтас күрдтер мен  қоластындағы шенді-шекпенділердің барлауына сүйенген Владимир Путин Түркия мемлекетінің басшысын терроризмге қаржылық қолдау көрсетіп жатыр деген айып тақты. Оның уәжіне құлақ асар болсақ, Реджеп Тайып Ердоғанның жақтастары Қазақстан мен бірқатар елдерде мойындалмаған, террористік ұйым есебінде қара тізімге алынған  ислам мемлекетінің мұнайын  саудалап, солардың қаржылық жағдайын жақсартуда. Осылайша, терроризмнің күш алып, қатарларын толықтыруына, қару-жарақ саудалауына септігін тигізіп жатыр.
Бір қызығы, «түріктердің көлеңкелі бизнесін ертеден білген едік» —  дейді В.Путин. Ислам мемлекетіне қарсы пікірін ашық білдіріп, АҚШ бастаған коалицияға барынша қолдау көрсетіп отырған Түркияның ерсі әрекетін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі білсе, баяғыда-ақ теріс айналар еді. БҰҰ-да, басқасы да мұны білмейтін болып шықты.
 
Терроризмге түріктер де қарсы
Үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде Түрік-Сирия шекарасында орналасқан Суруч қаласында содырлар 32 адамның өмірін қиған болатын. Қастандықты ислам мемлекеті мойнына алды. Бірер күнде террористер шекарашыларға оқ жаудырып, тағы бірнешеуін жер жастандырды. Түркия Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен осы сәттен бастап, мойындалмаған ислам мемлекетінің әзірлік орындары, кеңселері мен содырлар шоғырланған жердің барлығы да нысанаға алынды. Осылайша, түріктер алпауыт елдермен тізе қосып, содырларға қарсы қару көтерді. Шынымен де, Отанын оттан қорғаудың амалымен террорға қарсы соғыс ашқан Ердоғанның бүлікшілермен келісімге келуі мүмкін емес.
Америка мемлекеттік департаментінің өкілдері де түріктердің мұндайға бармайтынына нық сенімді Мойындалмаған мемлекетке қарсы қару көтерген елдердің назарын еріксіз өзіне аударған Ердоған ресейліктер таққан айып дәлелденсе, тағынан кетерін мәлім етті. Сонысына қарағанда, бауырластарымызға тағылған айып үшін ақталып, басын сауғалайтындай ешбір негіз жоқ сыңайлы.
Сонда, содырларға күш қайдан келіп құйылуда? Мәселе, осында. Мойындалмаған мемлекет контрабандалық жолмен саудаға салынатын мұнайдан жылына 2 млрд. АҚШ долларынан астам табыс табады. (Оны қай мемлекеттің кәдесіне жаратып жатқаны беймәлім).  Бұған содырлар жайлаған елдегі адам саудасы, ұрлық-қарлық, тонаудан түсер табысты қосыңыз. Террористердің қалтасын толтырған қаржы – қару-жарақ алып, адам жалдауға жетеді.  Қаржы қанша жерден жеткілікті болғанымен, коалиция – қарсы топты техникалық жабдықтау, материалдық, медициналық көмек көрсетуге шектеу қойған болатын.
 
Шектеумен шешілмейтін мәселе . . .
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция іспетті алпауыт елдердің ұсынысын өзге мемлекеттер де қуаттап, содырларға қарсы соғыс ашпағанымен, террористердің ошағын шектеуге тырысты. Дей тұрғанмен, олардың қолынан орыстың атақты «калашнигін» де, америкалықтардың «М-16» да көруге болады. Бұл – бергі жағы. Ең сорақысы, мойындалмаған мемлекеттің баскесерлері атақты «Тойота» маркасының су жаңа жол таңдамайтын және пикап көліктерін тізгіндеп жүр. Тіпті, терроризмнің бренд белгісі есебінде, бейнебаяндары мен жолдауларында жиі қолданатынды шығарған. АҚШ тарапы осыған байланысты Жапонияға сұрау жолдағанымен, ол жақтағылар да тұщымды жауап қайырмаған. Тек, Таяу шығыс пен соғыс жүріп жатқан аймақтардағы Тойота сауда филиалдары мен көлік құрастыру кешендерінің жабылғанын хабарлады. 
Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, террористердің қатарын жыл сайын он мыңдаған адам сырттан толықтырып отырады. Олардың басым бөлігі посткеңестік елдерден шыққан. Араларында (бірен-сараң болса да) еуропадан келгендері де бар көрінеді. Жасырып қайтеміз, бізден де кеткендер бар. Елімізде, терроризмнің қауіптілігі түсіндіріліп, салдарын жою шаралары барынша насихатталып жатса да, Таяу шығысқа көз тіккендер әлі де жетерлік. Құзырлы мекемелер оларды барынша анықтап, жазалап жатыр. Алдын-алу жұмыстарына әлі де назар аударған абзал. Бұл жайында Елбасымыз да ұдайы айтуда.
Соғысып, қантөгіп жүргендердің киім-киісі мен қоңы да жақсы. Атыс-шабыстан әбден қалжыраған сол елдің тұрғындары содырларға керегін кедергісіз беріп жатыр деп айта алмайсыз. Күштің сырттан құйылып жатқаны ақиқат. Тек, қайдан келіп жатыр? Кім беріп жатыр? Бұл жағы беймәлім. Әрине, тауарының өткенін кез-келген кәсіпкер, тіпті, мемлекет қалайды. Тек, оның адамзатқа қарсы қолданылып жатқаны – ешбірін алаңдатпайтын сыңайлы. Өкініштісі осы. . .
 
Жұматай Кәкімжанов
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓