Қасым атты қас батыр

 
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған майдангер Қасым Ахметов туралы сыр
Ұлы Отан соғысында ескерусіз қалып, тарих қойнауына кеткен талай оқиғалар мен деректер аз емес. Әсіресе, көзсіз ерлігінің арқасында Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылып, кейін түрлі себептермен сол марапаттарды ала алмай кеткен боздақтар қаншама? Әрине, сұрапыл майданға ешкім батыр болу үшін бармағаны анық және ұрыс кезінде көрсеткен ерлігін бұлдап, орден-медаль, даңқ сұраған жоқ олар.IMG_0460
Қысқа ғұмыры ерліктің үлгісіне толы осындай батырларымыздың бірі – жерлесіміз Қасым Ахметов. 1943 жылы 30 желтоқсанда 63-армияның 41-атқыштар дивизиясы 244-атқыштар полкі 2-атқыштар ротасының бөлімше командирі кіші сержант Қасым Ахметовтің Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы дерек 70 жылдан кейін табылып отыр. Өткен аптаның аяғында Ресейдің қорғаныс министрлігінің бас мұрағатынан соғыста қаза тапқан аталарын іздеуге кеткен Асановтар кездейсоқ Қасым Ахметовке қатысты тың дерек тауыпты. Ол әлгінде айтқан жоғары марапатқа ұсыну туралы қағаздың көшірмесі. Бұл сүйінші хабарды майдангердің жақындары тілшілер қауымымен бөлісіп отыр.
Өңірімізде Ахметов, Көшмыр­зин әулетін білмейтін жан кемде-кем шығар. Білікті педагогтар, тәжірибелі ұйымдастырушылар, қоғам өмірінде қолтаңба қалдырған азаматтары бар жанұядан Қасым секілді батырдың шықпауы мүмкін емес. Батырдың есімін ұлықтап, оның есімін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында оның бауырлары, елге белгілі қарт ұстаз Қажымұқан Көшмырзин, Федоров ауданының қазіргі әкімі Қайрат Ахметов, ҰОС ардагері, ауылдасы, жамағайыны Қажи Маманов бастап жиын өткізді.Снимок1231354
Алдымен сөз етіп отырған кейіпкерімізге тоқтала кетейік. Қасым Ахметов Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Төлеңгіт елді мекенінде 1917 жылы дүние­ге келген. 1939 жылы қыркүйек айында Қызыл Армия қатарына шақырылыпты. ВКП (б) мүшелігіне де қабылданған. Әскер қатарында 85-атқыштар дивизия­сы 477-атқыштар полкінің құрамында Кеңес-Фин соғысына қатысады. 1941 жылы әскери борышы енді аяқталады деп жүргенде, адамзат тарихындағы ең сұрапыл Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қасымның толарсақтан қан кеше жүріп, жасындай жарқыраған кезі де – осы бір қатерлі майдан. Осындай ерлікке толы күндерде Қасым Ахметов І дәрежелі Отан соғысы орденімен (40-атқыштар корпусының 1944 ж. 8 ақпан №048н бұйрығы), «Қызыл Ту» орденімен (Брянск майданы әскерінің №93889 1943 ж. 22 тамыздағы №087Н бұйрығы), ІІІ дәрежелі  «Даңқ» орденімен (63-ші Белорусь фронты армиясы, 41-атқыштар дивизиясы 1943 ж. 30 желтоқсандағы № 43Н-бұйрығы) марапатталған.
Ал 1943 жылғы 30 желтоқсанда Қасымды Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынған қағазда оның ерлігі былай жазылыпты:
«Жолдас Ахметов 244 атқыштар полкы  құрылғаннан бастап барлық ұрыстарға қатысты. 1943 жылғы 26 шілдеде Хатетово темір жол станциясы маңайындағы немістің артиллерия және пулемет күшіне қарсы ұрыста «Отан үшін», «Сталин үшін» деген  ұранмен ротаны жауға қарсы көтеріп, темір жол станциясын алғанда, ол орынға алғашқы болып жетті. Ахметов өзінің қайсарлығының арқасында осы шайқаста немісті жеңгені үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды (жоғарыда жазылған).
1943 жылдың 23 желтоқсанында Малый Козловичи селосының аумағында танк және зеңбірекпен мұздай қаруланған неміс әскері 17 адамнан құрылған Ахметов басқарған топ қорғап тұрған ыңғайлы орынды (зират аумағы) басып алуға тырысты. Алайда, жолдас Ахметовтің тобы түгел қоршауда қалса да, 3 сағат бойы жаудың 6 рет жасаған шабуылына төтеп берді. Осылайша, үш күн бойы кескілес­кен ұрыста фашистердің 100-ден астам әскерінің көзін жойды.
Отан үшін жасаған ерлігі үшін Ахметов жолдас Кеңес Одағының Батыры үкіметтік жоғары атағын алуға лайықты».
Осылай деп жазып, қол қойған 244-атқыштар полкінің командирі подполковник М.В.Колесовтың өтінішін 41-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор А.И.Сурченко қолдаған екен. Алайда, марапаттау қағазы жоғары әскери орындарда белгісіз себептермен қаралмаған (бәлкім соғыс уақытында белгіленген мекенжайға жетпеуі де мүмкін).
Осылайша кеңес әскері жауды тықсырып отырып, Германия жеріне де жетеді. 1945 жылдың 16 сәуірінде автоматшылар взводының командирі Қасым Ахметов Одер өзені жағасындағы жан алысып, жан берген шайқаста қаза тауыпты. Марқұм Бранденбург жеріндегі Одердегі Франкфурт округінің Зеелов ауданы Лебус елді мекенінде жерленеді.
– Біз енді атамыздың зиратының қайда екенін білеміз. Батырдың қабірін іздеуді алғаш Қажымұқан (Көшмырзаұлын айтады – Автор) ағайымыз бастады. Қасым атамыз соңғы ұрыста қаза тапқан жерде кеңестің 4700 солдаты жерленген екен. Соған қарағанда, сол 1945 жылғы сәуір айының ортасындағы үш-төрт күнгі ұрыс өте шиеленісті болғанға ұқсайды. Тағы бір жайт, Қасым атамыз қаза тапқан уақытта лейтенант шенді екен. Ал ең өкініштісі, батыр алты жыл бойы соғысып келіп, жеңіске үш апта ғана қалғанда жан тапсырғаны, – дейді Қайрат Ахметов.
Қасымды жасынан білетін Қажи Маманов ақсақал оны әскерге шығарып салған кез көз алдымда дейді:
– Ағамыз сұңғақ бойлы, жүріс-тұрысы салмақты, өзінен кішілерге үлгі болатын азамат еді. Ол кісіні әскер қатарына алғанда, мен он үш жасар бала едім. Ол кезде біздің өңір Орал әскери округіне қарайтын. Қасым аға әскери ұрыс жаттығуларды Златоуст елді мекенінде бастапты. Себебі, ол ата-­анасы Ахмет пен Шөкәлайға үнемі сол жақтан хат жазып тұратын. Бір рет әскери бөлім басшылығынан Қасымның жаттығуларды шебер меңгерген, тәрбиесі жақсы деп алғыс хат та келді. Ахмет ағайымыз бен Шөкәлай анамыз бірде ұлы Көшмыр­за мен немересі Жұмашты алып, ат арбамен Қасым борышын өтеп жүрген Златоуст жеріне он күн жүріп барып келді. Кейін ол Фин соғысына аттаныпты деген хабар естідік.
Ал Қажымұқан Көшмырзаұлы ағасынан келіп жүрген хаттардан қазір ештеңе қалған жоқ дейді. Себебі, 1945 жылы ауылға Қасымның қаза тапқаны жөнінде «қара қағаз» келгенде, анасы күйіктен барлық хаттарды өртеп жіберіпті. Ол соңғы рет өзінің амандығын қаза боларынан бір-екі күн бұрын ғана жазған екен. Батырдан қалған естелік тек 1944 жылы 5 тамызда Люблин қаласында түскен фотосуреті ғана. Оның өзі Жұмаш атамыздың үйінде сақталып қалыпты. Тағы бір өкінішті жайт, Қасымнан соңында тұяқ қалмапты. Әскерге 22 жасында кетсе де, оған дейін шаңырақ құрмаған екен.
Қазіргі таңда жауынгердің әулеті оның ерлігі туралы барлық мәліметтерді, құжаттарды жинастырып, еліміздің Қорғаныс министрлігі мен «Нұр Отан» партиясына тапсырып отыр. Егер бұл мәселе оң шешімін тауып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ресей Федерациясы тарапынан жерлесіміздің қаһармандығын растайтын куәлік беріліп жатса, сөз жоқ, облысымыздағы Жеңіс саябағы тағы бір батырдың есімімен толыққалы тұр.
 
Қыдырбек  ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

Читайте также:

1 комментарий

  1. казак кызы:

    Жаксы материал. Жазылуы да тамаша екен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓