Тентексайдың ыстық суы

Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылынан 12 шақырымдай жерде жер астынан ағып жатқан шипалы су бар. Тентексай деп аталады. Ауру-сыр-қауына, әсіресе, тері ауруымен ауыратындар алыс-жақыннан мұнда жиі келеді. Ақкөл ауылына келген қонақтар жолшыбай осы ыстық суға шомылмай өтпейді. Ақкөлдік ағайынның айтуынша, бұл шипалы су көзі 1989 жылы табылған. Сол жылдары Башқұртстаннан келген геологтар осы өлкеде бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында анықтапты. Құбыр бойымен жоғары атқылаған ыстық су жайылып, қазір кішігірім көлшікке айналған.P1020314
Мұнда жаз мезгілі туғанда сырттан келушілердің қатары көбейеді. Олар отбасымен бірге басына түнеп жатып, ем қабылдайды. Қазақстанның әр аймағынан, тіпті Ресейден келушілер де кездеседі.  Судың шипасы теріге шыққан жараларды ғана жазбайды, буын ауруларына да бірден-бір ем. Өйткені, судың температурасы 56С градусқа дейін жетеді. Жаздың ыстық күндері ыстықтығы 70С градус-қа дейін көтеріледі екен. Ол кезде шомылу тіпті мүмкін емес. Табиғаттың тылсым күшіне таң қаласың. Қол-аяғыңды батырсаң, кәдімгідей қыздырады.
– Зертханада тексергенде бұл судың құрамында йод, феррум, күкірт бар екені анықталған. Оны ешқан- дай зертханасыз да байқауға болады, – дейді ауыл тұрғыны Байжан Әбілев. Шынында да ыстық су ағып жатқан көл-шіктің жиегі күкірт-ке, темір ұнтақтарына ұқсайтын қиыршықтарға толы. Су астындағы қара батпақтың да емдік қасиеті бар. Оны тіпті ыдыстарына салып әкеткендер де кездеседі.
– Бұрынырақта, балық аулап жүрген жылдары қыс кезінде байқаусыз жылымға түсіп кетіп, үйге мұз киіммен оралған едім. Содан кейін аяғымнан баса алмай қалдым. Жазда осы ыстық суда жарты сағаттан үш рет жатып шығып, бойымдағы бүкіл суығымды кетірдім. Міне, қазір жүгірмесем де, барар жеріме қиналмай жетемін, – дейді Байжан Әбілов.
Бұл қыста да қатпайды, буы бұрқырап, аспанға көтеріліп жатады.  Алыстан арнайы дертке дауа іздеп келгендерге қиын-ақ. Өйткені маңайында ешқандай ем алып, қонып, жатуға жағдай жасалмаған. Сондықтан ауылдықтар алдағы уақытта шипалы су емделетін орынға айналса екен, дейді. 
 
Ш. АҢСАҒАНҚЫЗЫ.
Ақкөл ауылы,
Жанкелдин ауданы. 
 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓