Ардагер өнегесі

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Жамбыл орта мектебінің 5 «В» сынып  оқушылары сынып жетекшісі мен мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Н.Оспанованың бастауымен «Сіздерге, алғысымыз шексіз, ардагерлер!» атты мектепішілік тәрбие сағаттарының аясында  Ұлы Отан соғысының  ардагері Абдолла Есниязовтың үйіне барды.  Оқушылардың көкейіндегі сұрақтарға ардагер-атамыз күні кешегі Отан үшін от кешкен сұрапыл соғыс жылдарын есіне ала отырып, әңгімелеп берді.            
Ұлы Отан соғысының ардагері Абдолла Исниязов  атамыз Семи­озер ауданы Көктал ауылында 1924 жылдың 23 қыркүйегінде дүниеге келген екен.женис 1
Семиозер аудандық әскери комиссариатының шақыруымен 1942 жылдың 3 қыркүйегінде қызыл әскер қатарына алынады. Түмен қаласында 316 атқыштар дивизиясының құрамында жарты жыл әскери дайындықтан өткен соң (аға сержант шенінде) 19 жасар Абдолла Ахметұлы Қырым түбегіндегі Керчь пен Севастополь қалаларын жаудан азат ету соғыстарына қатысады. Ол алғаш рет жау самолеттерінің аспаннан шүйліккенін, бомбалар мен снарядтардың жарылысын естіді. Жас жауынгер  өзге де жауынгерлермен бірге қан майданға араласып жүре берді. 1943 жылдың күзінде Волхов майданының құрамында жаудың қоршауында тұрған Ленинград қаласын азат ету соғысына қатысты. Сол кездегі КСРО астанасы Москвадан кейінгі екінші ірі қала Ленинградты жау қоршауынан құтқарғанын қарт жауынгер аса бір үлкен сезіммен, тебіреніспен еске алады.
151-гвардиялық бригаданың аға сержанты Абдолла атамыз 1944 жылдың наурыз айының 8 күні кезекті шабуыл кезінде ауыр жараланады. Соғыс госпитальдарында ұзақ емделіп, сол жылдың күзінде елге оралады.
1945-1947 жылдары Дон өзенінің бойындағы Ростов қаласының ауыл шаруашылық техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітірген соң Семиозер, Науырзым аудандарында зоотехник, бөлімше басқарушы сияқты ауыл шаруашылығының әр саласында қызмет атқарады. 1985 жылы зейнеткерлікке шығады. Ұлы Отан соғысының ардагері Абдолла Ахметұлының омырауында талай орден-медальдар бар.
Әңгімесінің соңында Абдолла  ата  қонақтарға, балаларға ақ батасын берді. Оқушылар да өздерінің  тілектерін білдіріп, өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, «28 батыр» әнін орындап берді.
Біз келер ұрпақ осындай аталарымыздың бар екенін мақтан тұтамыз. Ұлы жеңіс – Абдолла сынды ардагер аталар ерліктерінің жемісі. Атамызбен өткен кездесудің оқушыларға берер өнегесі мол. Сондықтан әрқашанда аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, оқушыларымыз білімді де парасатты өз Отанын сүйетін патриот болып өссін дегім келеді.
 
А. ЖАРҚЫМБАЕВА,
Жамбыл орта мектебі.
Науырзым ауданы.
 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓