Өз ісінің білгірі

Осынау бір аққұбалау келген, дидарынан мейірім шапағаты төгіліп тұратын, нәркес көзді, талдырмаш денелі ақ халатты абзал жан болмыс бітімімен де, іс-әрекетімен де өзіңді еріксіз елең еткізеді. Оның сөйлеген сөзінен білімділікті, қарым-қатынасынан жанға жайлы жылылықты сезініп отырасың. Сөз еткелі отырған кейіпкерім Жүсіпбекова Әлима Қарашқызы қандай да бір жақсы лебіз айтуға лайықты жан. Сонау бір аласапыран заманда баз кешкен Қараш атамыздың ұрпағы. Жақсының тұяғы, асылдың сынығы. Бұл абыз қария жөнінде облыстық, республикалық деңгейде үн көтеріп жүрген қаламгерлер болғандықтан, мен өз мақаламда ол кісі жөніндегі пікірлерімді кейінге қалдырып отырмын.
bc2fcfecc6f676a3ca35fdba7bcc90deИә, осы адам баласының өмір табалдырығын аттағаннан бастап, жалған дүниенің көш керуеніне ілесіп, қалыптасуына ата-ананың да үлесі зор. Ал бала – ата-ананың өмірінің жалғасы, көз қуанышы. Әр жас ұрпақтың бойынан ата-анасының қилы кезеңдегі тағдырын көруге болады деген сөздің астарында философиялық ой жатқаны айтпаса да түсінікті. Сол текті әкенің тәлімді тәрбиесінен нәр алған Әлиманың әке аманатын орындағанының талай мәрте куәсі болдық.
Әлима бала күнінен дәрігер болуды армандады. Ата-анасы да перзентінің дәрігер мамандығын қалауына қарсы болмай, ақ батасын беріп, шығарып салды. Әке аманатын арқалаған жас қыз жолы болып, Елордадағы медициналық академияның студенті атанды. «Діттеген мақсатыма жетем, адам жанының арашасы боламын» деген Әлима ойлаған мақсатына жетіп қана қоймай, медициналық академияны қызыл дипломмен аяқтап, терапевт (ішкі ағза маманы) мамандығын алып шықты. Бұл 2003 жылдың көктемі еді.
Алғашқы еңбек жолын туған жері Аманкелдіден бастап, 2004 жылы тағы да бір жыл оқып келіп, өз жұмысын қайта жалғастырды.
Әлима Қарашқызы – қазіргі таңда білікті де білімді маман. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ақ халатты абзал жандардың басқа маман иелерімен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшеліктері де бар. Мүмкін, ұстаз өз жұмысын ішкі мүмкіншілікке қарай ауыстыра алар, ал дәрігер жұмысы оған көнбейтініне көз жеткіздім. Бір минут кешігу адам өміріне қаншалықты қасірет әкелетінін білетін дәрігердің уақытпен есептеспей жұмыс атқаратынын біреу білсе, біреу білмес. Абзал жандардың қарбалас тірліктерде тынымсыз еңбек етіп, науқастардың өміріне араша түсу үшін аянбай тер төгіп жүрген еңбектерін ештеңемен салыс­тыруға да болмас.
Құдайға шүкір, қазір елімізде медицина саласы да күннен- күнге дамып келеді. Біздің ауданымыздың денсаулық саласы да даму үстінде, заманауи медициналық құрылғыларға да қол жетіп жатыр. Білікті маман  Әлима Қарашқызы да қазіргі медицинаның дамып жатқандығын, бірақ кадр тапшылығы әлі де азаймай отырғандығын айтады.
– Рас, медицинаның дамуын осыдан он жылғы кезеңмен салыстыруға болмайды. Медициналық аппарат қанша мықты болса да, оның тілін білетін маман болмаса пайдасы шамалы. Әсіресе, неврология бағытында түскен науқастарда күмәнді диагноз болса, оны біз ғаламтор арқылы облыстық мамандарға жіберіп, онлайн тәртібінде өзара ақылдасып жұмыс жасаймыз. Бұл салада көбіне невролог мамандардан кеңес алуымызға тура келеді. Себебі  бұл саланың мамандары бізде жоқ. Ал өзіміз болсақ науқастарды жарқын көңілмен қарсы алып, нақты диагноз қоюды басты мақсат етеміз, – дейді Әлима Қарашқызы.
Бүгінде ауданымызға келген жас мамандарға қамқорлық жасалып жатқанын көріп те жүрміз, білеміз де. Оларды жұмыспен қамту, жылы да жайлы пәтер беру, бір реттік  көтерме жәрдемақымен қатар, жанұяларын да жұмыспен қамту – бәрі де басшылар тарапынан жасалынып отыр. Дей тұрғанмен, өз жағдайларын түзеп алған соң, аяқты сыртқа салып, жылы да жайлы жерге орналасу қазіргі күннің «олар үшін»  басты мәселесі болып отыр.  Сондықтан өзіміздің жергілікті мамандарды мүмкіншілігіне қарай  оқытып алмай, кадр мәселесі басты нысан болары айғақ. Әрине, мен дәрігерлердің бір күнгі тыныс-тіршілігінің куәсі ретінде олардың еңбегі мен емдеуші дәрігер Әлима Қарашқызы жайлы айтып отырмын. Мүмкін, мен білмейтін дәрігерлік жұмыс­тың қыры да, сыры да мол шығар.
Қалай болғанда да Әлима Қарашқызы қандай да құрметке лайықты, оның өз ісінің білікті маманы екенін ел тұрғындары да жақсы біледі. Осындай абзал жандарымыз аман болып, ауданымыздың денсаулық саласы дами берсін демекпін.
Тоқтар МАҚТАҒАНОВ,
Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, әдіскер-мұғалім, 1968-1969 ж «Операция Дунай» Чехословакия көтерілісіне қатысушы-ардагер.
Аманкелді ауданы.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓