Батырбек БАЙНАЗАРОВ – облыстық «Ақжелең» ансамблінің қобызшысы: Қазақ барда – қобыз да мәңгілік болады

Күй мен ән! Халқымыздың жан дүниесін әсем әуезбен шерткен мәңгілік өнер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жетті және болашаққа да үзілмей жете береді. Қобыз бен домбырадан, сазсырнай мен жетігеннен, сыбызғы мен шаңқобыздан, даңғырадан және басқа да музыкалық ұлттық аспаптардан төгілген қоңыр үн халқымызды өзінің жан тебірентер әуенімен әлдилеп келеді.
1514949_690498440998560_175011245997649827_n Ұлттық өнеріміз бүгінде өркениет дәуірінде жан-жақты даму үстінде. Жаңалықтар да аз емес. Бірақ халық оның керегін алып, кебегін тастайтыны белгілі. Яғни өнердің асылы халықпен бірге жасай береді.
Жеті санын қасиет тұтқан халықтың баласы болғандықтан біз  авторлық жобамызға ҚазМҰУ-дың әйгілі профессоры Бахтажар Мекішевтің «Жеті музасының» атын беруді жөн көрдік. Өйткені «Жеті муза» тоталитарлық жүйе кезінде республикамызда өнерді насихаттауда көп нәрселерді тындырған екен. Біздің «Жеті муза» сол Қаз МҰУ-дың түлегі «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбекұлының бастамасымен Жаңа – 2015 жылда жүзеге асып отырған  жаңа жобалардың бірі болмақ.
«Жеті музаның» әрбір шығарылымында – облысымызда  өнер, мәдениет және әдебиет, театр, спорт салалары майталмандарының шығармашылығы кеңінен таныстырылатын болады.
Жеті муза жобасының авторы
Ақнұр МҰСАБАЕВА
 
Тотем,  яғни  кие – белгілі бір заттың қасиетін немесе киесін білдіретін ұғым. Біздің қазақта тотем сонау ежелгі түркілік дәуірде пайда болды. Түркілер адамға қажетті күш пен қабілетті, қайтпас рухты, өзіне деген сенімділікті, сонымен қатар, жалығу мен қорқуды да табиғаттан іздеп-тауып, өзіндік мәдени тәрбие қалыптастырған. Сол түркілік дәуірдің сарқытындай боп елестейтін киенің бірі қобыз аспабы. Ол – жай аспап емес. Ежелгі бабаларымыздың кие тұтқан аса қасиетті аспабы. Расында да, қобыз табиғаттың біз сезбейтін қандай да бір құпия, тылсым күштерін қозғайтын қасиеті барына дау айту қиын.
Cондықтан да, оқырмандарымызға біз бүгін қобыз туралы әңгімелеп беруді жөн көріп отырмыз.Сұхбаттасушымыз облысымыздағы кеңінен белгілі  қобызшы  Батырбек БАЙНАЗАРОВ.
Батырбек аға, сәлеметсіз бе?  Сіз «Ақжелең» ансамблінің құрамында қобыздың үнімен халқымызды тербетіп келесіз. Қобызды қолыңызға  алғаш қалай алдыңыз? Оны кімнен үйрендіңіз? Қобызшы болуыңызға нендей жағдайлар себеп болды?
6333e471db2c16726d8c8db2b050df5d_big– Қазақтың рухын алға жетелейтін қобыз аспабының үнін алғаш рет мектепте жүрген  бала кезімде естідім. Кеңес өкіметі кезінде қобызды бақсының аспабы, ескіліктің сарқыншағы деп жоққа шығарған. Тіпті оны өртеткен кездері де болды. Соның кесірінен бізге жеткен бүгінгі қобыз – Қорқыт-баба заманынан бері келе жатқан аспаптан тұрқы да, үні де өзгеше, барлық жағынан жұтаң тартқан. Қазіргі қобыз – ежелгі қобыздың жай ғана жұрнағы іспетті.  Қобыз түркілер дәуірінде пайда болған. Түркі әлемі қобызды Көк Тәңірімен байланыстырады. Тәңірімен тілдесер қарым-қатынас құралы ретінде санайды.
Қобыздың үнімен мені Алматы қаласындағы   А.Жұбанов атындағы өнер мектебіне оқуға барғанымда ұстазым Әбдіманап Жұмабеков деген кісі  кабинетіне шақырып алып, таныстырған еді. Сосын өзі қобызда ойнап шығып, «Сен осы аспапта ойнайсың!» деді.
Содан қобыз сыныбына қабылданып, тоғыз жыл бойы  (1978-1987 жылдар) Алматыдағы А.Жұбанов атындағы өнер мектебінде оқыдым. Оны бітірген соң әскери борышымды өтеп келіп, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға түсіп, білімімді жалғастырдым. Осы консерваторияда Базарбек Қосбасаровтан дәріс алдым. Менің қобызды меңгеруіме себепкер болған осы кісілер.
Әр өнерпаздың төлқұжатына айналған туындылары болады ғой. Сізде ше?
– Менің репертуарымда бірнеше күйлер бар. Қорқыттың, Ықыластың, Ерденнің күйлерін, сонымен қатар, бақсылар сарынын да орындаймын. Кейде жұрт тойларға шақырады. Қобыздың қоңыр үнін естігісі келетін  халықтың барлығы қуанып, маған көбіне Қорқыттың күйлерін тарттырады. Соған қарағанда менің сүйіп тартатын күйлерім Қорқыт бабамдыкі ғой деп ойлаймын. Демек паспортым  іспеттес туындылар осы болар.
IMG_0862Еліміздегі дәстүрлі өнердің дамуына қандай баға бересіз? Эстрада әлдеқашан ілгерілеп кетті. Олпы-солпысы болса да, біраз биіктегені рас. Ал ұлттық аспаптар…
– Мен     Қазақстандағы өнердің   дамуына сырт көзбен қарап көрдім.  Зер сала үңілдім. Өзіміздің Назымбек  Молдахметов басқаратын «Ақжелең» ансамблінің құрамында біраз шетелдерді араладық. Сонда қайран қалғаным, шетелдіктер қобыз үніне  елітіп, өзгеше бір ерекше сүйіспеншілікпен рахатқа бөленіп, тыңдайды екен. Ал, өз елімізде тыңдармандар арасында қобыздың үніне мән бере бермейтіндер аз емес. Мысалы көбіне орыстілді қазақтар қобыз бен домбыраның үндеріне үрке қарайды. Әрине, оларды да түсінуге болады. Себебі олар қобыз бен домбыраның үнін сәби кезінен бастап естімеген ғой. Олардың естігендері – көбіне шетелдің айғай-сүреңді даңғырлақ музыкалары емес пе?
Өз басым Қазақстанда дәстүрлі өнерден эстрада шығандап озып кетті деп есептемеймін.  Рас эстрада әншілерінің  тез танылуына белгілі бір мүмкіндіктер мол.Бірақ олар дәстүрлі әншілерден басым түсіп жатыр деуге болмайды. Мысалы: Қайрат Байбосыновтың, Бекболат Тілеуханның, Ерлан Рысқалидың және басқа да күміс көмей, жезтаңдай классикалық әншілердің әндерін   халық эстрада әншілерінен жоғары қояды.  Шетелдер де осы айтылған дәстүрлі әншілердің  шырқаған әндерін таңғала, құмарта тыңдайды.  Сол сияқты қазақтың ежелгі күйлеріне де халықтың ықыласында  шек жоқ. Әсіресе қобыз күйлеріне деген ілтипаттары ерекше.
Тағы бір айтайын дегенім қазақтың сан ғасырлық сұрыптаудан өткен ұлттық күйлері мен әндерінде музыкалық терапия көп кездеседі.  Ол әндерде адамдарды емдеп, сауықтыратын, тамаша көңіл-күй сыйлайтын қасиеттер бар десек, артық айтқандық болмас. Мұндай музыкалық терапия қасиеттері  сіздердің жерлестеріңіз  Әбілахат    Еспаевтың,  Шәмші  Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың және басқа таңдаулы композиторлардың әндерінде және казіргі күйші-композиторлардың Сыдық Мұхамеджановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Әбдімомын Желдібаевтың, Секен Тұрысбековтың күйлерінде жиі ұшырасады.
Батырбек аға, Сіз кейбір кісілердің қобыз аспабы болашақта тек мұражайларда тұрады деген күдігіне қалай қарайсыз?
– Бұл – дұрыс  емес.  Қобыз халқымызбен бірге жаралған музыкалық аспап. Ол халқымызбен бірге жасайды. Егер қобыз мұражайларда тұрады дегенге сенсек, бізді не үшін жүр деп ойлайсыз? Қобыз – мәңілік асыл мұра. Мен қазір шәкірттер тәрбиелеп жүрмін. Егер қобыздың болашағына сенбесем, бұлай істеймін бе?! Шәкірттерімнің қобызға деген   қызығушылықтары жоғары және табиғи.
Сонау 1994 жылы біз Қостанайға алғаш келген кезде Хайдар Мұстафиев деген ағамыз бар еді. Ол кісі  Ахаң атындағы Мемлекеттік Университетте өнер факультетін ашқан болатын. Университеттің сол кездегі ректоры марқұм Зұлқарнай Алдамжар ағамыз бас болып, консерваторияны бітіріп келген қыз-жігіттерді сол оқу орнының өнер факультетіне сабақ беруге шақырды.  Одан кейін Қостанай педагогикалық  колледжінде қазіргі таңда ұстаздық қызметімді жалғастырудамын. Аталмыш колледжде 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатырмын.  Жақсы шәкірттерім бар.  Атап айтсам, Қуаныш Есқабылов, Махаббат Таматаева, Айдана Сағынбаева. Осылардың ішінде Айдана Сағынбаева қазір Алматыдағы Қыздар педагогикалық институында өнер факультетінде оқуын жалғастырып жатыр. Алиса Досқұлова атты тағы бір шәкіртім облыстық                      Е. Өмірзақов атындағы филармониядағы қазақ ұлт аспаптар ансамблінің құрамында  қобызшы.
Сіз қазағынан өзге ұлт өкілдері көп орыстілді қалада қалайша тұрақтап қалдыңыз? Мұның себебі не? Осының сырын білуге  бола ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, Қостанайға 1994 жылы менімен бірге талай қыз-жігіттер келген еді.  Алайда солардың біразы елдеріне қайтып кетті (күліп). Біз орнығып қалдық. Арқаның қатал қысына үйреніп қеттік.  Екінші себеп – Қостанайдың ауасы керемет қой, денсаулығыма жақты.Әсіресе, жаздың   аптап ыстығында қаланың ауасы жұпардай тап-таза болады. Күннің ыстығы сезілмейді. Сондықтан шаршап-шалдықпайсың, рахаттанып жүресің. Мұнда қалуыма үшінші себеп: өзге ұлт өкілдері басым осы өлкені қазақыландыру керек болды.  Ол үшін біз сияқты оңтүстіктің қазақтары осы жерде қоныстанып қалуы шарт еді. Ең бастысы бұл жерде қазақы өнерді дамытуымыз керек болды. Негізінен менің бұл қалада қалуыма басты себеп – осы болатын.
Жолдасым Лаура Шахметова – домбырашы, екі балам бар. Олар да ержетіп қалды. Кіші балам біздің  жолымызды қуып, өнер жолына түсті. Қазір Алматыда Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияда кларнет мамандығы бойынша  оқып жатыр. Сонымен қатар, қазақтың ұлт аспаптар  оркестрінде  қосымша қызмет атқарып жүр.
Қателеспесем, торғайлық Қазыбек Әбенов қобызда ойнатын бірнеше күйлер шығарып кетті. Сіз онымен таныссыз ба? Алдағы уақытта репертуарыңызға енгізу ойыңызда жоқ па? Қазір күй десе көз алдымызға домбыра елестейді. Домбыра демекші, Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында қобызшы Кербала мен домбырашы Байжігіт арасындағы тартыс суреттелетін тұс бар. Жас Байжігіт қарт Кербаланың «Қобызыма ие бол!» деген тілегін қабылдамайды. Міне, «Сол сәттен бастап қобыздың бағы қайтады. Күй аруағы домбыраға көшеді», – дейді қаламгер. Ғұлама жазушының осы сөзінде бір үлкен шындық  жатқан жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?
– Әбден мүмкін. Домбыра да, қобыз да – қазақ үшін аса қасиетті. Бірақ жазушы ағамыз жазғандай қобызда ойналатын күйлерді уақыт жұтып қойғаны рас. Жоғарыда айтып кеттім ғой, бүгінгі күнге қобыздың жұрнағы ғана жеткен деп. Қобыздың қаншалықты қасиеттілігі және оның талайлы тағдыры Мағжан Жұмабевтың «Қойлыбайдың қобызы», Ілияс Жансүгіровтың «Күйші», «Күй» деген және өзіміздің қостанайлық ақын Хамитбек Мұсабаевтың «Қойлыбайдың қоштасу күйі» атты поэмаларында шебер суреттеледі. Осы дастандарды оқыған адамдардың қобызға үлкен құрметпен қарары анық. Қобыздың күші қайтпайды. Ол  қазақ барда мәңгі жасай береді.
Екіншіден, Қазыбек Әбенов атамыздың күйлерімен көп таныс емеспін.  Кітап болып шықпаған болуы керек.  Бірақ естуімше Қазыбек ата үлкен қобызшы көрінеді. Егер оның күйлері қолыма түссе, сәті келгенде орындағым келеді. Өйткені Торғай жерінде Тілеп, Райымбек атты бақсылардың шыққанын білемін. Сол сияқты Мағжан ақынның  жоғарыдағы     поэмасында  атақты Қойлыбай бақсының да  осы  төңіректен шыққаны, айтылған ғой. Қазыбек ата солардың ең дарынды жалғасы болар.  Жалпы Ұлытау, Торғай, Қостанай төңірегінен шыққан қобызшылардың шығармаларына үңілу ойымда бар. Әрине, оны уақыт  көрсетеді.
Аға,  мағыналы сұхбатыңызға рахмет!
– Осындай  сұхбатты ұйымдастырып, пайдалы әңгімеге өріс ашқаның үшін өзіңе де алғыс айтамын, айналайын! Қаламың ұшқыр болсын!
 
Суретте:  облыстық «Ақжелең» ансамблінің қобызшысы Батырбек  БАЙНАЗАРОВ.
  Суретті   түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓