Қуат БАЙМЫРЗАЕВ: Педагогтік тәрбиенің ең құндысы – адамгершілік

IMG_8311"Қостанай таңының" сауалдарына орай Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ғылым докторы, профессор  Қуат Баймырзаевтың сұхбаты.
– Қуат  Маратұлы,  өзіңіз  басқарып отырған білім ордасы өткен жылы 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Педагог кадрларын дайындауда бұл оқу орнының солтүстік өңірдегі бірден-бір жетекші білім шаңырағы екендігі әмбеге аян. Жарты ғасырдан астам тарихы бар институттың жеткен жетістігі жайында ой өрбітсеңіз.
– Сөзіңіздің жаны бар. Бұл мақтанғандығым немесе мақтағандығым емес. Бұған институттың осы аралыққа дейінгі жеткен жетістігі, оған үлес қосқан ғалымдарымыздың  еңбегі  ұшан теңіз екендігін айтқым келеді. Рас, республикалық деңгейде оқу орнымыздың бәсі жоғары. Бұл ең алдымен, біздегі оқу үрдістерін, ғылыми зерттеу орталықтарының атқарған қы-руар еңбегін көрген комиссияның берген бағасы.
Өзіңіз жақсы білесіз, біз өткен  жылы  75  жылда  жасалған еңбектерімізді қорытындылап, республикалық деңгейде ғылыми конференция да өткіздік. Енді алда тұрған бағдарламаларымызды айқындап, жоспарлы түрде сол бойынша еңбек ету ләзім. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" стратегиялық жолдауында біз үшін көрсетілген барлық міндеттерді орындау шарт. Жолдауға дейін Президенттің қасиетті Ұлытау жерінде берген сұхбатында айтылған барлық ойларды басты нысанамызға алған едік. Соның ішінде ұлтқа, елге қатысты жайттар педагог маман дайындап отыр-ған бізге ерекше әсер етті. Ел болашағы жастар, тәлім-тәр-биеге байланысты пікірлерін, қазақ тарихына қатысты тұжырымын оқу ордамызда талқылап, "Мәңгілік ел" идеясын қолдау мақсатында үлкен бір жобаны бастап та кеттік. Осы арқылы жас маман иелеріне патриоттық тәрбие беріп, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, "Мәңгілік елдің" формуласы – ынтымақта өмір сүру екендігін саналарына сіңіру еді.
Сондай-ақ, биыл ұлық мерекеміз – Қазақ хандығының құ-рылғанына 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Одан кейін Кон-ституциямыз бен Ассамблеямыз-ға 20 жыл. Міне, осы атаулы күндерімізге біз студент жастарды бүгіннен бастап даярлап, олардың санасына патриоттық сезімді қалыптастыруға еңбек етудеміз.
–  Бәрекелді! Бұл бағыттағы жұмыстарыңызға сәттілік болсын! Қарап отырсаңыз осынау жұмыстарыңыздың барлығы руханиятқа кеп тіреледі. Біз руханиятсыз болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелей алмаймыз. Мұны кезінде Алаш жұртының  қайраткерлері айтқан-ды.  Енді осы руханият саласында қандай жұмыстар атқарылып отыр? Соған тоқталып кетсеңіз.
– Әлгінде сауалыңызда Алаш қайраткерлерін айтып кеттіңіз. Сол Алаш қайраткерлерінің басында ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин тұр. Біз Ыбырай атамыздың мұраларын жаңа бір қырынан, қазіргі заман тұрғысынан зерттеуді мақсат тұтып арнайы Ыбырай Алтынсарин орталығын, дәрісханасын аштық. Бұған сүбелі үлес қосып отырған ғалымдар – Серікбай Оспанов, Қуаныш Орманов ағаларымыздың ерен еңбегін атап өткеніміз абзал болар. Соған сай құнды-құнды деректер тауып, Ыбырай орталығын жаңарта түстік. Осы бағытта биылдан бастап барлық факультеттерде Ыбырайтану курсын оқытпақпыз. Оған арнайы оқу-әдістемелік құралдары әзірленіп жатыр. Сәтін салса, биыл жарық көреді. Тағы бір игілікті дүние – жыл аяғында қолда бар жәдігерлерімізді түгендеп, ғылыми еңбектерімізді жүйелеп институт ішінде Ыбырай Алтынсаринге арналған бір кішігірім музей ашпақ ниеттеміз.
IMG_8356– Жақсы жаңалық екен. Игілігін берсін демекпіз! Енді институттың сыртқы ісіне ойыссақ. Шет елдердің оқу орындарымен арадағы байланыс қандай деңгейде?
–  Тәуелсіздік  алғаннан кейін еліміздегі барлық оқу орны жаңа білім стандартына көшті. Әсіресе, соңғы 10 жылдың ішінде бұл жағдай күрт өсе түсті. Көптеген білім ордалары шет елмен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасты. Сол бағытта біздің институт те Франция  елімен қарым-қатынасты нығайтып, Прпеньян қаласындағы екі университетпен меморандумға қол қойды. Шәкірттеріміз мемлекет қаржысы есебінен арнайы байқаудан өтіп, сол жаққа барып білім алып, тәжірибе алмасып, көрген-білгендерін тәжірибеде байқатып жүр. Сондай-ақ, жақында АҚШ-тың Верджиния штатына да шәкірттерімізді жібердік. Биылдан бастап Чехия, Германия, Ресей жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста боламыз деп отырмыз. Санкт-Петербургтегі Герцен атындағы университетпен келісімге келдік. Жаңа ғана айтқан Франция еліндегі Прпеньян қаласындағы университетпен келісімге келгеніміз 2007 жылы институт жанынан ашылған Қазақ-Француз орталығының жемісі. Бұған Қазақстандағы Франция елшілігі қолдау білдірді.
 Қазір әр мемлекет қиын  экономикалық дағдарысты бастан кешіп отыр. Елбасы өзінің көрегенділігінің  арқасында осы кедергілерден өтіп, саясаттан бұрын экономиканы басты назарға алғаны сондықтан. Ең алдымен бұған дайын болуы үшін ең алдымен мемлекет өзінің мәртебелі жағдайын сезіну керек. Оған ең алдымен оқу орындарымыздың барлық талапқа сай болғаны жөн.
–  Қуат Маратұлы, енді екі жылдан кейін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі Елордамыз – Астана шаһарында өтпек. Бұған өзіңіз басқаратын оқу ордасы қандай үлес қосуда?
– Бұл жағынан құр алақан емеспіз. "ЭКСПО көрмесі өтеді" дегеннен бері студент жастарымыз бұған құлшына кірісіп кетті. Соның нәтижесінде арнайы бәйге жариялап, жасыл экономика, қоршаған ортаны қорғау бағытында  туризм мамандығында оқитын студентіміз топ жарды. Ол қазір  ғылыми еңбегін әлі де жаңартып, толықтырып республикалық жарысқа әзірленіп отыр. Егер ғалымдар құптап жатса,  "ЭКСПО-2017"  көрмесіне өнерін көрсетуге дайын.
IMG_8361..– Естуімізше, биыл мемлекеттік "Серпін" бағдарламасы негізінде институтқа еліміздің оңтүстік облыстарынан 150-ге жуық талапкер қабылданыпты. Бұл бағдарлама қандай себептен туды? Ол қаншалықты орындалып жатыр?
– Бұл бағдарлама өңірімізде қазақ тіліндегі мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Еліміздің оңтүстік облыстарында қазақ ұлты басым әрі өте тығыз орналасқан.  Осы  жайтты   білгендіктен мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап ілгері қадам жасауда. Соның негізінде арғы жылдан бері оңтүстік өңірден студенттер келіп, білім алып жатқаны бар. Олардың 90% өңірімізде қалып, еңбек етуге ниетті. Бір жағынан бұл өңірде мемлекеттік тілді дамытуға деген қадам. Алыстан ат арытып келіп, білім алып жатқан жандардың хал-ахуалын сұрап, ара-тұра кездесіп тұрамыз. Өңіріміздің климаттық жағдайын ескере отырып, алаңдаушылық білдіреміз
– Қуат Маратұлы, әлгінде өзіңіз айтқандай, Ыбырай Алтынсарин мұраларын зерттеу орталығынан басқа да ғылыми бағытта жұмыс істейтін ошақтарыңыз бар ма?
– Әрине бар. Мәселен, биология орталығының екі бағыты бар – алғашқысы Науырзым қорығын зерттеуге үлес қосқан лаборатория және гербарий өсімдіктеріне байланысты қор. Оны гербарлық қор дейміз. Бұл қордың ішіне өңіріміздегі бірнеше жүздеген өсімдік түрлері енген. Оны өзіміздің интернет-порталымызға жарияладық. Болашақта Ресей мемлекеттік оқу ордаларымен бірлесе отырып Еуразиялық аймақтың өсімдіктерін зерттеп, сол гербарлық қорға енгізбек ниеттеміз. Тағы да дене тәрбиесі және туризм факультеті адам физиологиясының өсуі, дамуы жайында  ғылыми ой-тұжырымдарын жинақтап, зерттеу жүргізіп жатыр.  "Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады", –  деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, біз жас буынға педагогтік тәрбиенің ең асылы – адамгершілікті сіңіре білуіміз керек.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет. Игілікті істеріңіз жалғаса берсін!
Әңгімелескен,
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
СУРЕТТЕ: Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуат Баймырзаев, Ыбырай Алтынсарин мұраларын зерттеу орталығының маманы Қуаныш Орманов Ыбырайдың  өз  қолымен   жазған өлеңімен таныстыруда, ғылыми орталықтағы құнды жәдігер Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен жазған өлеңі.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓