Қазақ деген затым бар… Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңындағы ой

s.mendybaevСәлім МЕҢДІБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері
 
1.Мәңгілік ел – біздің ел
Тәуелсіздік! Бұл – талай ғасырлар бойы ата-бабамыздың асыл арманы еді. Сол арманға біз жеттік, Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағын желбірете көтергенін біз көрдік, туған елдің жалғанның жалпағына танылғанын, оның аузын айға білеген небір алпауыт елдермен терезесі тең болғанын, әлемдегі айдарынан жел ескен елу елдің бірі болып, енді озық отыз мемлекеттің бірі болуға меже белгілегеніне куә болдық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында былай деді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуел-сіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық… Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі… Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел. Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы».
Тарихтан белгілі, Мәңгілік Ел идеясының бастауы халықтың асқақ арманымен үндесіп, тамырын тым тереңнен алады. Нақтылы деректерге сүйенсек, осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған екен. Енді сол Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстанның  ұлттық идеялогиясына, басты темірқазық – бағыт-бағдарына айналып отыр. Осы орайда есік ашқан Жаңа, 2015 жылы, Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін бар сән-салтанатымен атап өту сол Мәңгілік Ел мұраттарының өміршеңдігі мен жасампаздығын көрсететін ерекше шара болары сөзсіз.
Әрине, Қазақ жерінде бұдан бес жарым ғасыр уақыт бұрын да біздің ата-бабаларымыз тұрған, ұрпақ өсіріп, басты байлық – туған жерімізді өздерінің кейінгі ұрпағына аманат еткен.
Осы орайда тағы да бір Елбасының еңбегіне жүгінейікші: «Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласын табан аудармай дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды.  Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық. Кейіннен біздің халқымыздың құрамына кірген тайпалық одақтар – Ұлы Түрік қағанаты, Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Қарахандықтар мемлекеттерінің негізін қалаушылар қатарында болған, Азияның алып даласындағы небір жойқын оқиғалардың, қанқасап күрестің ортасында жүрген, қай дәуірде де азатшыл рухымен, туған жерді алабөтен қадірлейтін отаншылдығымен ерекшеленген.  Біз өз халқымыздың әлемдік өркениетке хал-қадірінше үлес қосқанын орынды мақтан етуге  құқылымыз».
казакИә, бұл өлкенің айдарынан жел есіп, байрағы талай желбіреп, азат мемлекет болғаны да белгілі. Бүгінгі бостандықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің өзінен-өзі келіп, басымызға бақ болып қона қалмағанын, азаттық үшін талайлардың қаны төгіліп, жаны қиналғанын, жазықсыз зардап шегіп, жан бергенін де жақсы білеміз.
Енді қазақ хандығының құрылуы қай кезден бастау алады, нақтылы деректер бұл туралы не дейді? Белгілі ғалымдар бұл ретте Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне сүйене отырып, 1465 жылға тоқталады, яғни, Қазақ мемлекеттілігінің дүниеге келуін Керей мен Жәнібек хандармен байланыстырады.
 
2.Керей хан
Керей хан (1456-1473 жылдары билік құрған) – Қазақ хандығының негізін қалағандардың бірі. Керей хан – Орыс хан немересі Болат ханның ұлы.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих – и – Рашиди» еңбегіндегі деректерге сай, ХV ғасырдың 50-жылдарының аяғында  Керей хан Жәнібек ханмен бірге Өзбек Хандығы тайпаларының бір бөлігін басқарып, Моғолстанға қоныс аударған. Моғолдардың ханы  Есенбұға (1432-1464) Шу өзенінің бойынан жер бөліп берген. Сонымен бірге Есенбұға Әбілқайыр хан билеп отырған «Көшпелі өзбектер мемлекеті» тұрғындарының біраз бөлігінің Керей мен Жәнібектің қол астына өтуіне  қарсы болмады.
Өзіне қарсы сұлтандардан құрыл- ған саяси топтың көрші болуы Әбілқайырдың Моғолстанға қарсы жорыққа шығуына түрткі болды. 1468 жылы Әбілқайыр ханның кенеттен қайтыс болуына байланысты жорық тоқтатылған. Әбілқайыр өлімінен кейін «Көшпенді өзбектер мемлекетінде» хан тағы үшін күрес басталады. Керей мен Жәнібек қол астындағы тайпалар өзбек ұлысына қайта оралған соң тақ тартысының қарқыны үдей түсті. Соғыс басталды. Әбілқайыр ханның ұлы, хан тағының мұрагері Шейх-Хайдар үзеңгі-лестерінің көпшілігінің көзі жойылды, тірі қалғандары жан-жаққа босып кетті. «Көшпенді өзбектер мемлекетіндегі» билік Әбілқайыр әулетінен Керей мен Жәнібек қолына өтті.
 
3.Жәнібек хан
Жәнібек хан (1478-1480 жылдары билік құрған) – Қазақ хандығы мен Қазақ хандары әулетінің негізін қалау-шы. Ол Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі.
1456 жылы Дешті-Қыпшақта Шайбанид Әбілқайыр билікті қолына алған соң көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы  өзендерінің аңғарында орын тепті. Моғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген есеппен қазақ басшыларымен одақтас болды. Өзара қырқысулар мен соғыстардан запа шеккен 200 мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты, олардың билігінің күшеюі 1468 жылы Моғол- станға әскери жорық жасамақ болып, бірақ жол үстінде кенеттен қайтыс  болған Әбілқайырға олар тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген ой салды.
Әбілқайыр хан өлгеннен кейін хан тағы үшін болған өзара қырқысулар Дешті-Қыпшақта өрши түсті, оған туған жерге оралуды ойлап жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласып кетті. Олар Әбілқайыр мұрагері Шейх-Хайдар ханмен кескілескен шайқасқа түсті. Өз әміршілері тарапынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх-Хайдар билік үшін күресте жеңіліске ұшырады. Бұдан кейін Дешті-Қыпшақтағы билік Орыс ханның тұқымдары  – Жәнібек хан мен Керей ханның қолдарына өтті, олар тағы да отыз жыл бойы шайбандықтармен табан тіресе шай-қасты.
Биліктің Орыс хан тұқымдарының қолына өтуі де «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен,  бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «Қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарады. Билік үшін күресе келе, Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.
ХV ғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, Қазақ халқын құрады. Жәнібек пен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың  басын қосуда көп еңбек сіңірді.
 
4.Мұхаммед Хайдар Дулати
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551жж.) – атақты тарихшы, әдебиетші, Ташкентте дүниеге келіп, Үндістанда қайтыс болған.
Мұхаммед Хайдардың балалық шағы Мұхаммед Шайбанидың өзбек көшпенділері қысымшылығымен Орта Азиядағы Темір әулетінің мемлекеті өмір сүруін тоқтата бастаған кезеңінде, Моғолстанның күйреуі мен Қазақ хандығының өрлеген тұсында өтті. Сұлтан Махмұд хан мен Мұхаммед Шайбани арасындағы соғыс кезінде әкесі қаза  болған соң, туыстары  Мұхаммед Хайдар Дулатиді Қабылдағы Бабырға жөнелтеді. Мұхаммед Хайдар Дулати Мауреннахрға жасаған Бабырдың жорығына қатысты. 1512 жылдан Қашғардағы Сұлтан Саид қол астында жүрген Мұхаммед Хайдар Дулати жоғары әскери және сарай ішіндегі қызметтерді атқарды. Ол 1514 жылы Жаркент пен Қашғар үшін Әбу Бәкірмен болған соғысқа, сонымен бірге Тибет пен Оңтүстік Шығыс Қазақстанға, Қырғызстанға жасалған жорықтарға қатысады. Мұхаммед Хайдар Дулати хан тағының мұрагері Әбу ар-Рашид сұлтанға тәлім-тәрбие береді.
Бабырдың сөздері бойынша Мұхаммед Хайдар Дулатидің бойында энциклопедиялық білім болған. Ол барлық  саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді, саяси қайраткерлерді де жақсы білетін. Ол Моғолстан, Орта Азия мен Қазақстанның, әсіресе дулат тайпасының феодалдық  бөлігінің тарихын жетік білген. 1541-1546 жылдары ол Кашмирда «Тарихи Рашиди» атты еңбегін жазды. Бұл еңбекті Мұхаммед Хайдар Дулати ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған дулаттардың өткені туралы әңгімелерге, моғолдардың аңызына, моғол хандарының сарайларында сақталып қалған құпия құжаттарға, куәгерлердің мәліметіне және өз бақылауларына сүйене отырып, парсы тілінде жазды. Бұл туындыны мұрағат мәліметтеріне  сүйене отырып жазыл-ған тарихи анықтама деуге толық негіз бар. Мұхаммед Хайдар Дулати қазақтардың орта ғасырлық тарихында көптеген құнды мәліметтер қалдырды. Бұл «Тарихи Рашиди» атты еңбекте қазақ  хандығының қалыптасуы туралы, мұнан кейінгі Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық  соғыстар, қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы кү-ресте өзара одақтасуы туралы көптеген мәліметтер бар.
1533 жылы хандық таққа қайта отырған Абу-ар-Рашид өз тайпаларынан қауіп  төне ме деген оймен оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің немере ағасы Саид Мұхаммед мырза Дулатты өлтіреді. Мұхаммед Хайдар Дулати Үндістанға қашып кетеді. Онда ол Ұлы Моғолдар сарайында әскерлерді басқарады.
Мұхаммед Хайдар Дулати 1551 жылы жергілікті  тұрғындардығ көтерілісі кезінде қаза болады.
(Керей, Жәнібек хандар мен Мұхаммед Хайдар Дулати туралы деректер «Тарихи тұлғалар» кітабынан алынды. Алматы. 2005 ж.).
 
5. Қазақстан – жерұйық
Тәуелсіздік алған жылдарда Қазақ елі ғасырларға тең жолдан өтті. Ең бастысы – әрбір қазақстандықтың өз елі, өз Отаны – Қазақстанға деген отаншылдық сезімі атой салды. Ұлты мен ұлысына қарамай әрбір қазақстандық осынау құт мекеннің абыройы мен беделін көтеріп, тәуелсіздікті бекемдей түсуді өзінің басты парызы санайды. Бұл орайда біз еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, оның халықаралық дәрежедегі беделін көтеруде, ұлттар мен ұлыстар арасында ынтымақ пен азаматтық келісімді сақтауда теңдесі жоқ шаруа тындырдық десек артық айтқандық болмас.
Керей ЖанибекРас, қазақ халқының тәуелсіздікке жетуі оңайға түскен жоқ. Талай қан төгілді, талай қайғы-зарды бастан кешті. Сол қасиетті жолда талай арыстарымыз құрбан болды.
Тарихқа үңілейікші. Қазақ халқы не көрмеді? «Мың өліп, мың тірілді».  Жоңғар шапқыншылығы, қалмақ қырғыны, Ресей империясының астамшылық  зорлығы, ұжымдастыру кесірі, қуғын-сүргін, аштық, соғыс, желтоқсан… Бірақ қандай да болмасын қиын кезеңде елім деп еңіреп туған ерлер өз халқының ар-ожданы мен намысын қорғап, тәуелсіздік үшін жанын шүберекке түйді, жауына жолбарысша атылды, ұлан-байтақ жерін, қазақы қа-   сиетін, қазақ деген аты мен затын сақтап қалды. Сонау Керей мен Жәнібектен бастап бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі алаштың айтулы азаматтарының аңсағаны осы Тәуелсіздік еді. Осынау қасиетті де қастерлі жолда Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Тама Есет, Шақшақ Жәнібек… – қазақтың талай ержүрек батырлары мен Төле, Әйтеке, Қазбек сияқты билері жауына қарсы шайқасты.
Осынау қасиетті де қастерлі жолда Түркістанда, Әзірет Сұлтан мемлекеттік мұражай-қорығы – ұлттық даңқ пантеонында мәңгілік тыныстаған Қостанай-Торғайдан шыққан аруақты арыстарымыз Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мерген Бабасұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Бекбаулы Өтей-ұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Айтбай  Аткелтірұлы, Шобан Жаманқұлұлы, Мадияр Жауғаштыұлы және басқа баһадүр бабалар жауына қарсы атой салды, жеңіске жетті, Тәуелсіздік туын желбіретуге үлес қосты.
Өз басым журналист-жазушы ре-тінде осындай біртуар тұлғалар тарихын зерттеп, олардың өнегелі өмірі,  жауынгерлік жорығы туралы «Тұмарымыз – Түркістан» атты кітап жазып, жариялағанымды қаламгерлік еңбе-гімнің сәті келген бір биігі деп ойлаймын. Сондықтан да болар, Қостанай облысының сол тұстағы әкімі, еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Шөкеев Қостанай меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» атты мәртебелі сыйлығын Түркістаннан оралып келе жатқанда, жеті қат көк аспанда, ұшақ ішінде тапсырып, мерейімді өсіріп еді. Тіршілікте төбемді көкке жеткізген де осынау оқиға болды. Ол да болса баһадүр бабалар шапағаты тигені деп білемін.
Ахаң мен Жақаң, Сәкен мен Ілияс, Мағжан мен Бейімбет сияқты ұлттың қаймағы, сол сияқты сан мыңдаған зиялыларымыз қуғын-сүргін құрбаны болып, қайғы жұтты, аһ ұрып атылды. Тіліміз өгей баланың күйін кешті,  дініміз жойылды, мектебіміз жабылды, өрісіміз тарылды. Атасы мен немересі тілмашсыз түсінісе алмайтын халге жетті. "Орыс тілін білмесең, орға жығыласың" деді, ана тілің нан тауып жеуге жарамай қалды, бәріміз де орысша сөйлеп, коммунизмгс тезірек жетеміз деп далбаса болдық. Заман-ай десеңізші! Ойлап отырсақ, сол бір жымысқы саясаттың астарында да көп жайт жатыр екен-ау. Халықты мәңгүрт қылып, тамырынан айыру, өзінше ойланып-толғануға мұрша бермей, «көп айтса болды, жұрт айтса көнді» дегендей илеуге икемді "ипташтар" қалып-тастыру екен-ау…
Бертін келе қазақтың санасын сілкінткен әйгілі Желтоқсан оқиғасы болды. Айдаһардай ақырған Мәскеу өз халқына, өз еліне өлшеусіз еңбек сіңірген асылы Дінмұхамед Қонаев сынды пайғамбарды бас-аяғы жиырма минут шамасында пленумсымақ өткізіп, қызметтен босатты да жіберді. Жарайды, мәңгілік ешкім жоқ, жасы келген жайсаңды өзіне лайық құрме-тімен шығарып салып жатса бір сәрі, олай ету астамшыл шенеуліктер мен партиялық функционерлердің ойына да келмеді, келсе де әдейі істемейді. Қазақ деген халық кім олар үшін. Бәрін ұлы орыс халқы билеп-төстейді, пиғыл осы, әйтпесе Қазақстан деген елді естуі ғана болмаса бұрын-соңды көрмеген, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен мүлдем мақұрым Колбин деген біреуді қонжита сала ма?  «Қаңғып келген шөрегей» қазақ елін қалайша көгертпек? Қонаев кім, Колбин кім? Міне наразылық неден басталды? Аты шулы орыс шовинизмінен басталды. Бірақ ұлтшылдық таңбасы қазақ халқына таңылды. Оның өр мінезді жігіттері мен қыздары экстремист, нашақор, маскүнем болып шыға келді, нақақтан күйді, сотталды, оқудан шығарылды, ұлтшылдарды іздеу басталды. Ол Алматыдан алыста жатқан Қостанайды да  шарпыды, көзіміз көрді…
Иә, Желтоқсан оқиғасы сананы сілкінтті. Ол қазақ халқы үшін демократиялық өзгерістерді қолдаудың басы, жаңа заманның жарқын лебі болды. Желтоқсан желі жастарымыздың намысы мен болмысына сын болды, олардың өp халықтың өміршең ұрпағы екенін жалғанның жалпағына жария етті. Желтоқсан туралы ойласам жазықсыз құрбан болған қайран бауырымыз Қайрат Рысқұлбековтың мына бір шумақтары санамда қайта жаңғырды
Күнәдан таза басым бар,              
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты – құрбандық», –
Атам десең, атыңдар!
Өр халықтың өжет ұланы осылай дейді. Тоталитаризмнің дөң айбатына кеудесін кере тосып, қарсы тұрады. Шындық үшін шырылдайды…
Мен Қайрат бауырымның осы бір құрыштан құйғандай құдіретті жырынан кешегі Төле би бабасының рухын сезгендей болам. Үш жүзді аузына қаратқан Төле биге жүгінейікші.
Бабамыз:
Уа, көсіле шабар жерің бар,
Ту көтерген елің бар,
Атадан қалған сара жолың бар.
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
«Еркек болып туды», – деп,
Мына сені кім айтар, – демеп пе еді?
Менің елім! Қазақстаным! Талай ұлт өкілінің құт мекені, ыстық ұясы. Түрі басқа, тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жүздеген ұлт пен ұлыстың бақытын  тапқан, шаңырақ көтеріп, ұрпақ жай-ған алтын бесігі. Ата-бабамыздың найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған қазақ жері бай, өзін осы қасиетті жердің жалғыз түйір дәнімін деп санаған жандар үшін оның құшағы ашық, көңілі кең, ықылас-пейілі ерекше. Дархандықты даласынан дарытқан қазақ халқының төрі әрдайым дайын, дастарқаны жаюлы. Ал бүйректен сирақ, қитықтан ситық шығарып, құрыққа сырық жалғап, тәуелсіздігімізге көз алартып, ағайын арасына іріткі салып, көсемсіген келімсектермен сөз басқа. Дегенмен, Қазақстанда бейбітшілік пен өзара түсіністік, азаматтық келісім рухын сақтау, оны дамыту, Қазақ елінің гүлденуі үшін жаппай жұмылдыру республикадағы басты этнос ретінде қазақ халқына ерекше жауапкершілік жүктері хақ. Біз өз елімізде, мәңгілік құтханамызда отырып, өзгені өзекке теуіп жатсақ не болғаны. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөзі еске орала береді: «…Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Ашу емес, бәрін ақыл шешуі керек. Елдің тыныштығын бұзу ұлтымыздың болашағына балта шапқанмен бірдей. Өз халқын сүйген адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды».
Аталы сөз.
Иә, Тәуелсіздік таңы атты. Осынау жолда талай қиыншылық та болды, бірақ оны жеңе білдік, талай қиналдық, бірақ төзе білдік. Енді тыныс кеңейді, сенім нығайды, серпін сезілді.
Бүгінгі ұранымыз, ұлттық идеямыз – Мәңгілік ел! Бұл жөнінде биылғы Тәуелсіздік  тойында Елбасымыз тамаша айтты. Халқынан қолдау тапты, үлкен-кіші қанаттанды, қасиетті елі, дана басшысы үшін марқайды, мақтанды.
Қазақ мемлекеттігінің құрылғанына 550 жыл, тамаша мерейтой! Кешегі Керей мен Жәнібек хандардан бастау ал-ған бұл үрдіс бүгіндер шырқау шыңына жетті десек жарасар. Өйткені дүние-жүзілік өркениетте Қазақстан деген жерұйық жер бар, Қазақстан деген еңсесі биік Ел бар, өзінің ақыл-парасаты, көреген көшбасшылығымен әлемді аузына қаратқан, халқының бағына туған Нұрекеңдей Елбасы бар.
Бұл – менің елім, бұл – менің Қазақстаным, баршамыздың – Мәңгілік еліміз! Сол еліміз жасасын!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓