Қазынамызды байытып, шабытымызды шалқытқан Қостанай меценаттар клубына – мың алғыс


Осы жылдар ішінде «Қазына» мен «Шабыт» сыйлығын 350-дей талантты жандар қанжығасына байлапты. 30-дан астам шығармашылық ұжымның мерейі өсіп, беделі асқақтапты. Оларға сый-сия-патқа 150 млн.теңге қаражат бөлініпті.
Мұның сыртында меценаттар жыл сайын жастайынан ауыр науқасқа шалдығып, емделуге мұқтаж балаларға қомақты қаржы жұмсайды. Оның сомасы жылына 14,5 млн.теңгеге жетіпті. Сондай-ақ қолы қысқа адамдарға коммуналдық қарызды өтеуге, қысқа отын-су алуға да жомарт жандар қол созады.

Қазынамызды байытып, шабытымызды шалқытқан сыйлықтарды тапсыру салтанатында облыс әкімі Нұралы Садуақасов осындай игілікті де шарапатты істің ұйтқысы болған облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің есімін құрметпен атады.
2001 жылы жеті қат көкте, ұшақ ішінде, қасиетті Түркістандағы баһадүр бабаларымызға тәу етіп, Қостанайға оралып келе жатқанда сол Өмірзақ Естайұлының қолынан сыйлық алғаным бар-ды, содан бері Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілік тыныстаған Қостанай-Торғай жерінен шыққан тоғыз бірдей даңқты бабамыз жайлы кітап жазу жоспары ойымда жүретін. Соның сәті 2013 жылы түсті, «Тұмарымыз – Түркістан» атты тарихи-танымдық туынды дүниеге келді. Биылғы «Журналистика» аталымы бойынша ал-ған «Қазына» сыйлығына ұсынған негізгі еңбегім де сол жәдігер еді.
2001 жылы Түркістаннан оралып келе жатқанда алған әкімнің сыйлығы мен биылғы мерейімнің өсуінің арасында осындай байланыстың болуы да тегіннен-тегін емес шығар…

Облыс әкімі өз сөзінде бұрын мұндай сыйлықтар шығармашылықпен айналысатын тұлғаларға материалдық қолдау ретінде берілсе, бүгін ол оның бедел-абыройына қызмет ететін тетік екенін қадап айтты. Расында да, кешегі қоғамдық формация ауысқан өлара шақта тығырыққа тірелген жандарды осы клуб қолтықтан демеп, қаржымен қолдаса, бүгіндер олардың шынайы шығармашылығын танып, біліп, мерейін үстем етудің, абырой-беделін арттырудың бір тұтқасы осы мерейлі марапат болып отырғаны рас. Өзіміз де бұл жарасымды жайт, жағымды үрдісті дәл осылайша бағалайтын жандардың біріміз.
Биылғы лауреаттар ішінде облыстық «Қостанай таңы» газеті халыққа таныт-қан бірнеше жаңа есімдердің болуы біз үшін ерекше қуанышты. Мысалы, бейнелеу өнері бойынша арқалықтық суретші-мүсінші Әбілбек Ұзақов, жанкелдиндік дәулескер күйші Қадыржан Хасенханов, рудныйлық ұстаз Пиялаш Сүйінкина, қостанайлық сатирик Бәкеш Айсин, қостанайлық жас ғалым Денис Качеев, арқалықтық суретші, мүсінші Айдос Есмағамбетов, қостанайлық актер Нұрлыбек Кенжахметов, «Спорттық сән биін» мүгедектер арасында тұңғыш насихаттаушы және орындаушы Аруна Жақсағұлова және басқалары біз үшін ерекше ыстық.
Бүгін мен осы Меценаттар клубы сыйлығының иегері ретінде Мұрат Әбенов ініміз басқаратын тәуелсіз комиссия мүшелерінің орасан зор еңбегін, асқан жауапкершілігі мен әділ шешімін атап айтқым келеді. Комиссия мүшелерінің қай-қайсысының болмасын өмірлік тәжірибесі бай, әдебиет пен мәдениет мәселелерін жетік білетін жандар. Осы клуб құрылғаннан бері конкурстық жұмыстарға әділ бағасын беріп келе жатқан Кенжебек Үкіұлы, Ғұмар Ахметчин, Сергей Харченко, Жанұзақ Аязбеков, Римма Ғайсенова және басқа қазылардың білім-білігіне ешбір жанның күмәні болмас. Әрине, жарыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады, бірақ әділ шешімге дау айту ешкімге де абырой әпермейтін шара екенін бәріміз де түсінуге тиіспіз. Және мұндай бәсеке жылда өтеді, биыл болмаса, келер жолы бақ жанады, тек төзім мен тегеуірінді еңбек болсын. Ал биыл-ғы, 2015 жылғы, конкурс осы бірінші тоқсанда өтеді деп жоспарланған.
Сөз соңында Қостанай меценаттар клубына мәртебесі өскен әріптестерімнің атынан және солардың тапсырмасы бойынша мың да бір алғыс айтамын. Қазынамыз байып, шабытымыз шалқи берсін, достар!
Сыйлық тапсыру рәсімін жылда ерекше сән-салтанатымен өткізіп жүрген облыстық мәдениет басқармасына, оның төрайымы Лариса Сероус ханымға да ризашылықпен рахмет айтамыз.
Сәлім МЕҢДІБАЙ,
журналист-жазушы,
Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының 2007 және 2014 жылдардағы иегері.