Өндірісін де, өңірін де өркендеткен

Шалғайдағы шағын ауылда отырып-ақ шаруашылығын өрістеткен, өзін ғана емес, туған жерін нәсіпті, жемісті еткен кәсіпкерлер аз емес. Өндірісін өркендеткен іскер, жерлестерінің жағдайына қарасып, мұқтажын түгендеп отырған қамқор азаматтардың экономикаға да, әлеуметке де тигізетін пайдасы зор. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Ұзынкөл ауданының Новопокров ауылындағы «Тойсай» ЖШС директоры Ұзақбай Ағайдаров. Ол ауыл шаруашылығында әр тарапты жобаларды нәтижелі жүзеге асырып жатыр.  
Сүбелі жоба – сүт фермасы
Алақандай ауылда ауқымды жоба қолға алынды. Мал шаруашылығының сүт бағытына ден қойған аудандағы жалғыз серіктестік – осы "Тойсай" ЖШС. Ірі инвестжобаның басталғанына екі жыл уақыт болды. 600 бас сауын сиырға арналған ферма әлі де кеңейтіледі. Жоба құны – 850 млн теңге. Былтыр серіктестіктің өз есебінен 500 млн теңге құйылған. Бұл қаржыға жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын заманауи екі нысан салынды. Су жаңа сауын цехы компьютердің, немістің сапалы құрылғыларының қадағалауында. Компьютер сиыр сауу процесін, сиырлардың жай-күйін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
"Қазір фермада сүт бағытындағы 1255 бас ІҚМ бар. Олардың 506 басы сауылып отыр. Алдыңғы жылы Эстониядан 198 бас сиыр сатып алдым. Бір жылдан соң 155 бас төлдеді. Бұған дейін Қазақстаннан да, Ресейден де сиыр сатып алып көрдім. Кейін біздің облыстың климатына ұқсас болғандықтан, Эстониядан қара ала сиыр тұқымына таңдауым түсті. Өнімділігі жаман емес", – дейді ЖШС директоры Ұзақбай Ағайдаров.
Сауу алаңында дамылсыз ауысыммен 32 аналықтан сауылады. Күн сайын 8,1 тонна сүт алынып, ол Меңдіқара ауданындағы "Милх" ЖШС-не өткізіледі. Сүт таситын көлік келіп, дайын өнімді күн сайын алып кетіп тұрады. Былтыр 2500 тонна сүт тапсырылған. Ендігі жоспар – өнім көлемін жазға дейін 10 тоннаға дейін жеткізу.
Қазір сүт фермасында отыз шақты адам нәпақасын тауып жүр. Сауыншылар екі ауысыммен жұмыс істейді. Оларға төленетін жалақы – 250 мың теңге. Ферма ішінде әжетхана, жуыну бөлмесі және кір жуу машиналары да орнатылған. Директор жұмысшылар жағдайына да үнемі қарайласып отырады. Оның айтуынша, фермаға әлі де жұмысшылар жетіспейді.     
"Өндіріс үдерісіне енгізіген өркениет игіліктері сауыншылар мәселесін шешіп бергенімен, малшылар, ветдәрігерлер, зоотехниктер еңбегіне әлі мұқтажбыз. Жоғары білімді сала мамандары қажет-ақ. Қостанайдағы Ауыл шаруашылығы институтын жыл сайын қаншама жас аяқтап шығады. Бірақ солардың бірінің де бізге келгісі келмейді. Әйтпесе, газбен жылытылатын, ыстық-салқын суы енгізілген баспана бар. Қалаулы жалақыларын төлеуге де даярмын. Талай рет кездесу өткізіп, осы мәселені көп жерде айттым. Нәтиже жоқ. Бәрі ЖОО дипломын қойындарына қыстырысымен, мейрамханаға кіріп алады", – дейді Ұ.Ағайдаров.
Ол мұнда тұқымдандыру жұмыстарымен де айналысып жатыр. Осыған байланысты селекциялық жұмыстарды жүргізетін, мал ауруларының алдын алумен айналысатын мамандар болса деген тілегі бар. Ағамыз осы мамандықты таңдаған жастарға өндіріс орнында кемінде екі жыл жұмыс істеу міндеттелсе, мәселе шешімін табар еді деген пікірде.
 
Сұйық майы сұранысқа ие
 "Тойсай" ЖШС ауыл іргесінде күнбағыс майын өндіріп отыр. Шағын ғана цехта шикізатты өңідейтін, пластмасса құтыларын үрлейтін, май құятын, даяр өнімді  қаптайтын құрылғылар бар. Өндіріс әуелде маусымына он мың литр құюдан басталды. Сұраныс-тапсырысқа сай өндіріс біртіндеп алға басып, қазір қуаттылық 50 мың литрге дейін жеткен.
"Жарнама жағы нашар ғой бізде. Жергілікті халық та ат төбеліндей ғана. Сондықтан біртіндеп Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарына өнімдерімізді апара бастадық. Оларға майымыз ұнап, қос аудандағы көптеген дүкен тікелей бізден өнім алып тұратын болды. Жүре келе өніміміз Рудный, Қостанай қалаларының супермаркеттеріне жол тартты. Интернет арқылы тапсырыс беріп сатып алушылар да көбейді. Қазір, шүкір, сұраныс бар. Дегенмен ары қарай дамуымыз үшін жақсы менеджер керек", – дейді Ұзақбай ағамыз.
"Тойсай" сұйық майы облыстық азық-түлік жәрмеңкелеріне де тұрақты әкелініп тұрады. Цех басшысының айтуынша, сауда-саттық шарасынан бір бөтелке кері қайтпайды. "Түсі тұнықтау емес демесеңіз, сапасы жағынан дүкендегі майлардан артық болмаса, кем емес" деп тауарын мақтап қойды Ұзақбай ағамыз.
"Цех 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс процесі қыста ғана жүреді. Серіктестік 400 гектар алқапқа күнбағыс егеді. Содан алынған өнімнің 20 пайызы осы цехта өңдеуден өтіп, дәнінен май сығылады. Әзірге, бұдан артыққа қауқарымыз жетпейді. Сұраныс еселеніп жатса, соған сай өндіріс ауқымын неге кеңейтпеске?" – дейді цехтің өндіріс жөніндегі орынбасары Ахмет Садықов.
Ұзақбай Ағайдаровтың айтуынша, шикізатты сатқаннан гөрі, қайта өңдеген әлдеқайда пайдалырақ. Сондықтан өзі баптайтын күнбағысты толықтай осы цехта кәдеге жарататын күнге жетсек деп армандайды. 
  
Өз қаржысына ФАП салып берді
Серіктестік басшысы – ауылдастарының алғысын арқалап отырған азамат. Туған ауылдың түтіні түзу ұшса деп тілейтін жомарт, жанашыр жан. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармайды. Қашанда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қарайласып, мұқтаждарына қолдарын жеткізіп берсем деумен жүргені. Мәселен, былтыр Новопокров ауылына фельдшерлік-амбулаториялық пункт салып берді. Тақыр жерден жаңа ғимараттың іргесін көтеріп, оның іші-сыртын қажетті құрылғылармен қамтуға қалтасынан 30 млн теңгеге жуық қаражат шығарды. Ауыл дәрігерлері бұған дейін әкімдік жалға берген нысанды паналап келген.
"Біз мекен қылған мектеп бөлмесі қолайсыз, жұпыны еді. Басы ауырып, балтыры сыздап келген ауыл тұрғындарын қабылдаған сайын қолымыздың қысқа екенін сезінетінбіз. Мына су жаңа ғимаратқа кіріп, көзіміз ашылды. Мұнда қажетті құрылғы-аспаптың бәрі бар. Ересектерді, балаларды қарайтын бөлмелер бөлек. Қабылдау бөлмесі де жеке. Ыстық-салқын су келіп тұр. Санитарлық торап, душ – бәрі-бәрі бар. Разымыз", – дейді ФАП дәрігері Айнаш Мырзалина.
Қазір мұнда 4 маман жұмыс істеп жатыр. Қатарларына қыс мезгілінде от жағушы қосылады. Айтуларынша, айына 600-ден астам адам қабылдайтын болған. Аудан көлемінде мұндай төрт қана ФАП бар екен.
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Материалды редакция рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓