Жітіқарадағы “Пандора жәшігі”: қауіп қайтіп сейілмек?

Жітіқара ауданында зиянды металдар көмілген саркофаг біртіндеп мүжіліп барады. Оның қоршаған ортаға деген қаупі уақыт озған сайын артып келеді. Бір қуантары, көптеген жыл бойы жергілікті жұрттың "бас ауруы" болып келген мәселеге көңіл бөліне бастады.
Жарты ғасырдай уақыт бұрын осы жерден алтын өндірілген. Ел ішінде "Балшық тау" аталып кеткен бұл саркофаг сол кен қалдықтарының көмбесі. Жітіқаралықтар оған қайтадан күрек салуға болмайтынын бұрыннан біледі. Алтын қазамын деп келген талай фирмалардың жолын бөгеп, бетін қайтарған да — осындағы жұрт. Өйткені "тау" астындағы химиялық металдар ауаға тарап, ауыз суға қосылса, салдары орны толмас экологиялық апатқа әкеледі. Әсіресе, ел еміп отырған Шортанды өзені уланса, жағдай мүшкіл болмақ. Ал бұл өзеннің Тобылға құятынын ескерсек, мәселе одан сайын ушығып кетуі мүмкін.
"Мұндай қауіптің бар екені ертеден айтылып келеді. Алаңдаулы халық бұл мәселені үнемі көтеріп жүр. Тұрғындар зиянды заттар сыртқа шығып кетсе, заһар жұтып, зәр ішеміз бе деп қорқады. Бір қуантқаны, аудан әкімі соңғы кездесуінде осы мәселені шешуге қомақты қаржы бөлінгенін айтты. Дұрыс, уақыт өткізбей мұның шешімін табу керек", — дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедова.
Ал алғашқы болып осы мәселені қолға алған жергілікті белсенділердің бірі Светлана Линник жағдайдың жылма-жыл нашарлап бара жатқанын айтып отыр.
"Саркофаг көз алдымызда шөгіп, үгіліп барады. Кей тұстарындағы жарықтарының тереңдігі 9 метрге жетеді. Оны ішкі жағынан тіреп тұрған шпалдар ағаштан. Дәл қазір еріген қар осы үйіндінің астынан шығып, Шортанды өзеніне құйып жатыр. Мұнда мышьяк, сынап, күкірт диоксиді, цианидтер, аммиак, азот диоксиді секілді толып жатқан зиянды заттар бар. Жалпы, бұл — кезек күттірмейтін мәселе", — дейді ол.
Экологтар ең бірінші 1990 жылы және 2017-2018 жылдары Жітіқараға арнайы барып, ауа мен суда зиянды металдардың бар-жоғына зерттеу жүргізген. Ол кезде анализ қорытындылары жөнді нәтиже бермесе керек. Одан бері де қам-қарекетсіз 4 жыл өтті. Кезекті зерттеу жұмыстары былтыр қолға алынуға тиісті еді. Алайда техникалық құжаттары "сиырқұйымшақтап", конкурс тежеліп, жоба осы жылға шегерілді.
"Қазіргі таңда зерттеу жұмысымен айналысатын компаниялар арасында конкурс өтіп жатыр. Мердігер анықталған соң жұмыс басталады. Жаңадан топотүсірілім жасалады. Балшық тау төңірегінде судан, ауадан және топырақтан алынатын сынамалар көлемі көбейеді. Мамандардың айтуынша, зерттеу жыл бойы, әр мезгілде жүргізіліп, химиялық заттардың қоршаған ортаға әсері сарапталады. Соған сәйкес жұмыстың қаржылық шығыны да ұлғайды", — дейді Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Светлана Арсентьева.
2021 жылы зерттеу жұмыстарына 9,5 млн теңге қажет делінген еді. Енді биыл бұл сома атқарылар жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты 21,643 млн теңгеге өсіп отыр. Оның 17,1 млн теңгесі осы жылы шығындалса, 4,466 млн теңгесі 2023 жылы игерілуі тиіс. Анализ қорытындылары шығарылғаннан кейін ғана қандай амал жасалатыны белгілі болады.
Жітіқара жұрты да осы мәселе түбегейлі шешілер деп үміттеніп отыр. Өйткені бұл шаруа бұдан әріге созылса, грек аңызындағыдай, ішіне кесір-кесел жасырып жатқан жітіқаралық "Пандора жәшігі" ашылып кетуі ықтимал. Ал оның залал-зардабымен күресу қияметке айналуы мүмкін.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓