Коммуналдық қызмет сынға түсті

IMG_0951Аптаның басы   -–   дүйсенбі күнгі  кешкі  сағат алты. Тұрғындардың көпшілігі жұмысын  аяқтап, үйлеріне кетіп жатыр. Дегенмен,  коммуналшылар дамыл табар емес .  
Қостанай  қаласындағы  бесінші шағын ауданның   №1  үйдің  жаны   қайнаған еңбекке толы. Кешкі апақ-сапақта бұл  қандай  қарбалас? Әлгінде ғана "Қостанай -Су" кәсіпорнына барып, дипетчерлік қызметтен аталған шағын ауданның қай үйіне суық су берілмей жатқанын анықтаған   болатынбыз. Олар осы маңға бағыт сілтеді.
Бір топ азамат терең шұңқырдың ішінде жүр. Басшыларын іздеп  таба  алмадық . Бригадир   жетпей қалған құбырды алып келуге кетіпті. Амалсыз  экскаваторшы Бақытбек Өрменқаевпен сұхбаттастық.
– Естігендерім туралы айтайын. Бұл үйдің жертөлесіне  тартылған құбыр жарылыпты. Сонан тұрғындар тәуліктен артық уақыт сусыз қалған, – деді Бақытбек.
– Қол байлаған істі қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма? – деп сұрадық.
– Әрине, жол табылды. Таң атқанша жаңа құбыр салынады, – дейді экскаваторшы жігіт. Кәсіпорында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан азамат мәселенің мән-жайына қанық екен.
Бригада мүшелерінің қимылы  ширақ. Олар тоғыз қабатты  тұрғын үйдің жанына өскен терек тамырының  түбірін қазып алуға көп  күш жұмсапты.
Терең қазылған   траншея топырағын сыртқа күрекпен лақтырып әуреленуде.
Ендігі міндет траншеяны тегістегесін жаңа құбырды салуға байланысты. Құбырларды бір-біріне жалғастырып, дәнекерлеу де  ұзақ уақытқа созылады екен. Әйтсе де, шымыр жігіттер ауыр жұмыстан шімірікпей, халық игілігі үшін батыл қимылдауда. Олардың апатты жағдайды қалпына келтіретінін осы оқиғадан бай-қадық.
"Қостанай-Су" кәсіпорнына барғанда  басшылары нысандарды аралауға   кеткендіктен, оларды  кездестіре алмадық. Сол маңда жүрген мамандармен тілдесудің сәті туындады.
IMG_0939– Шындығына келсек, қалада күн сайын апатты   жағдайлар  орын алады. (Есімдерін атамауды сұрады). Бұған бола алаңдаудың қанша қажеті бар? Біз тұрғындарды бәрібір ауыз сумен қамтамасыз етеміз, –  деді  әңгімелескендер.
Байыптап қарасақ, олардың сөзі орынды. Өткен аптадағы демалыс күндерінде "Қостанай -Судың" диспетчерлік қызметінде қаланың оңтүстік шағын аудандарынан оннан астам  апатты жағдайлар туралы мәліметтер   тіркелді. Жел ауыздарға бұл қажет болып тұр. Себебі, мұнан бес-алты күн бұрын Нариманов  шағын ауданында үлкен  апатты жағдай болды.
Айта кету керек, коммуналшылар қаланың осы тұсында  да күні-түні жұмыс істеді. Біз Нариманов және Маяковский көшелерінің қиылысқан жеріне де, Фролов көшесіне де  бардық. Тереңдігі сегіз метрге  дейін шұңқыр қазылыпты. Тесіліп, бүлінген коллекторлар  алмастырылған.
Белгіленген шаралар  мұнымен тәмамдалмаған. Терең траншеяға "Земснаряд" аталған дәу қон-дырғы орнатылған. Егер де, осы тұстағы жер астынан тағы да коллекторлардың ақауы білінсе, әлгі су сорғыш  қондырғымен ағынды сулар сорылып  алынады.
Қостанайдағы апатты жағдайлар облыс басшыларын да алаңдатып отыр. Аймақ басшысы Нұралы Садуақасов коллекторлардың жарылуы аса күрделі оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала әкімдігі мен коммуналдық кәсіпорынға тапсырма берілген. Олар апаттың неден болғанын анықтайды. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың орын алуына жол бермеу керек.
IMG_0924Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахмеджанов Фролов көшесінде жеті метр терең қазылған  траншеяға он бес метр құбыр салынғанын хабарлады. Нариманов көшесінде ұзындығы  жетпіс метр құбыр айырбасталды.
Көшелердегі апатты жағдайларды жоюға бірнеше мердігерлер жұмылдырылса  да,  кейбіреулері жауапкершіліктен қашып, жасырынып  қалған. Солардың жауапсыздығы күн тәртібіне қойылатын болады.
Бірнеше тәулік бойы құбырлар мен коллекторларды айырбастау  кезінде  қала әкімі өзінің  орынбасарларымен бірге  жұмыстың басы-қасында жүрді. Қазылған траншеялар терең. Бақылаушылар жұмысшылардың жарақат алып қалмауын қадағалады.
Қалай десек те, болған оқиғаны ешкім де сал-ғырт қарамаған. Апатты жағдайлар кезінде қаланың екі жүз  тұрғын үйі, әлденеше мектеп пен балабақша, екі емхана және облыстық балалар ауруханасы сумен қамту жүйесінен ажыратылды.    
Дегенмен, халық сусыз қалмады. Әлеуметтік нысандарға автоцистернамен ауыз су тасымалданды. Қажет уақытында қалаға таяу аудандардың коммуналшылары да суды тасымалдауға көмектесті.
Ермекбай
     ХАСЕНОВ
Суретте: қаланың  бесінші  шағын ауданындағы № 1 тұрғын үйдің жанындағы апатты жағдаймен күресушілер.
Суретті түсірген  Айбек Жүзбай.
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓