Тұғыры биік тұлға

Қандай да бір мемлекеттің құрылуы мен еңсе түзеуінің бастауында тұрған тұлғаларды ардақ тұту, билікке келген күнін мерекеге айналдыру – кез келген өркениетті елге тән дәстүр. Ол атпал қайраткерлерге деген құрметтің белгісі ғана емес, елдің даму тарихына қастермен қарау, оны өскелең ұрпаққа өнеге ету нышаны деп түсіну керек.
Осы тұрғыдан келгенде, біздегі Президент күні де маңызы бар мерекелердің қатарында деп білемін. Әсіресе, оның билығы мән-мағынасы ерекше. Өйткені, 30 жыл бұрын дәл осы күні Тәуелсіз Қазақстан халқы өзінің алғашқы көшбасшысын сайлады. Тағдыршешті кезеңде ел болашағын жаңа Президентіне зор сеніммен тапсырды. Ұлттың үкілі үміті ақталды да. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, жоғымыз түгенделіп, күдігіміз көгенделіп, шекарамыз шегенделді. Ата заңымыз бен ұлттық рәміздеріміз бекітілді. Рух-ділімізге жан бітіп, халықтың қаны толыға бастады. Шартарапқа тарыдай шашыраған қаншама қандас атажұртқа ат басын бұрып, көшіміз құйылды. Еуразияның қақ жүрегінен сәулетті елорда салынып, алты алаштың алтын тәжіне айналып отыр. Бүгінде мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге, Ұлы дала топырағында тағдырлары тоғысқан бірнеше этнос бір шаңырақ астында бейбіт те тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Халықаралық ұйымдар төрағалықты сеніп тапсырып, төрткүл дүниеге төрелік тыңдаттық. Жас мемлекет бола тұра ЭКСПО көрмесін өткізу жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарған елдер тізіміне қосылдық.
Елбасыға қаратылып "кемеңгер көшбасшы", "сарабдал саясаткер" деген тіркестер ел ішінде бекерден-бекер айтылып жүрген жоқ. Бұл дегенің – өтпелі кезең, өлара шақта ат төбеліндей ұлттың алып армандарын жүзеге асыру жолында ақылы мен еңбегін салған, әлемдік аренада даналығы танылған тұлғаға лайықты лебіздер. Нұрсұлтан Әбішұлының ел дамуына даңғыл жол ашуды көздейтін игі идеялары мен бірегей бағдарламалары мәуесіз емесін төрт көзіміз түгел көріп отыр. Ертеңіне үмітпен ғана қараған елміз ғой, сол себепті іргеңді бұзып, іріткі салуды көздейтін жат пиғылдылардың айтағына ермей, Отанымыздың кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп, бірлігімізді бекемдей түсуіміз қажет-ақ. Оны отыз жыл бедерінде Н.Назарбаевтың өзі ұдайы екпін салып айтып, үгіт-үлгі етумен келді. Тіпті осы мұраттың орындалуына орасан зор үлес қосты. Сондықтан елі сүйген, елін сүйген Елбасының  жарқын істері Тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріппен таңбаланды.   
Егемен еліміздің ең алғашқы Президенті қандай құрметке де лайық тұлға деп білемін. Елімен бірге есен-сау жасай берсін! Халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Ермекбай ХАСЕНОВ,
жазушы, ардагер журналист, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓