Балаларға екпе басталды

Өңірімізде 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді коронавирустық инфекцияға қарсы Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен егу басталып кетті. Бірінші кезеңде 16-17 жас аралығындағы оқушылар мен студенттерге екпе салу жүргізіледі. Екпе алуға алғашқылардың бірі болып Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенттері ниет қылыпты. Оқу ордасының жатақханасында орналасқан медициналық кабинетте COVID-19-дан қорғанғысы келетін шәкірттер кезекке тұрған. Жалпы, бұл колледжде кәмелет жасына толмаған 800 студент болса, аптаның алғашқы күні соның 50-і вакцина салдыруға келді.
– Мен 17 жастамын. Есімді білгелі алғаш рет вакцина салдырып жатырмын. Ата-анамның қарсылығы жоқ деген қолхаты бойынша өз еркіммен келдім. Міне, дәрігер алдымен инфекцияға қарсы көрсетілімнің жоқ екенін тексеруде. Қан қысымымды өлшеді. Содан кейін барып Pfizer екпесін салды. Ешқандай ауырсынған жоқпын. Бір-екі күн медицина қызметкерлерінің бақылауында боламын, – деді техник-механик мамандығының 3 курс студенті Натали Мингалиева.
Вакциналауға ата-ана ларынан қолхат алынған балалар ғана шақырылады. Қажет болса, балалардың әке-шешелері екпе алу процесіне қатыса алады. – Бүгін ұлым Кирилл вакцина салдыратын болған соң өзім осында келіп тұрмын. Балалар мен жасөспірімдер арасында індетке қарсы екпе жүргізіледі дегенді естіген бетте бұл міндетті шара деп шештік. Ұлымызға рұқсат бердік. Енді міне, Кирилл алғашқылардың бірі болып екпе алады. Өзім де, отбасым да наурыз айында бірінші кезекте вакцина салдырған болатынбыз. Қорқудың қажеті жоқ деп есептеймін. Барлығымыз екпе алсақ, қауіпті індетті бірге жеңеміз, – дейді Светлана Уряшова.
 
Қыдырбек Қиысхан

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓