Мемлекеттің билік көзі – халық

Мемлекетіміздің ең басты құралы – Конституция. Ата Заңымызда ойып тұрып жазылған төрт тағанымыз бар десек, соның бірі – демократия. Осы принципті негізге ала отырып өткен 30 жыл ішінде еліміз әр салада озық шығып отырды. Әрине, қай нәрсенің де кемшін тұстары болады. Бұл – саяси жолда, саяси аренада, қоғамда болатын дұрыс үрдіс. Негізінен мемлекетіміз тиімді стратегиясының аясында қай уақытта да бағытынан тайған емес. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да осы демократияға баса мән берілді. Елбасы Қазақстанның даму жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.
Иә, кезінде Президентімізді сайладық, кейін қазақ тарихында болмаған екі палаталы Парламентіміз келді, тіпті бүгінде ауыл әкімдерін де өзіміз сайлай аламыз. Мұның бәрі мемлекеттілігімізді, демократиямызды көрсететіні анық. Мемлекеттің билік көзі – халық.
Қоғам дамып жатыр, біз де басқа елдер сияқты дамудың жаңа жолдарын іздейміз. Осы тұрғыда Елбасы өте орынды шешім қабылдап отыр. Өз басым мұны өте дұрыс шешім деп білемін. Қай уақытта да «екі тізгін, бір шылбыр» бір адамның қолында болуы керек. Тұңғыш Президентіміз тағы бір мәрте сарабдал шешім қабылдады. Енді тәжірибелі, білімді, әлемге танымал басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы партия тізгінін толықтай қолына алып отыр. Расын айтайық, Nur Otan – маңдайалды партия, жетекші саяси күш. Қиын уақыттың кез келген кедергісінен қаймықпай өтіп ысылған, мол тәжірибе жинаған Nur Otan партиясының алдағы бағыт-бағдары айқын. Партияның ұстанымы нық, үлгі-өнеге көрсетіп келе жатыр ғой. Халықтың партия алдына қойып отырған ендігі міндеті – тиімді реформаларды уақытылы жүзеге асыру. Мұның бәрі түптеп келгенде әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға сеп болады.
Қалқаман Жақып, философия ғылымдарының докторы, профессор

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓