«Елдіктің жеті тұғыры» жас ұрпаққа бағдар 

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа әр өңірден делегаттар қатысты. Айтылған ой, өткен күнге есеп, болашаққа бағдар нақты болды. 
Жиынды ашқан Елбасы отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталды. Бұл бір ғана адамның жұмысы емес, бірлесе атқарылған еңбектің жемісі екенін тілге тиек етті. «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранды тағы бір мәрте қайталап, өзектілігіне тоқталды. 
«Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын»  – деді Елбасы
Жиында Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. «Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» деді Елбасы. Бұл қағидаттар жиынтығы барлық саланы қамтыған. Оның әрқайсынан ой түйіп, болашаққа бағдар етуге болады. Оның ішінде Елбасы «Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Біз, қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек. Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол» деді. Бүгінгі жастар заманға бейім өмір сүре білу керек деп ойлаймын. Елбасы атап өткен принциптер қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн. Сонда ғана біз жетістікке қол жеткізіп, өзімізді дамыта аламыз. 
Отбасы құндылығы, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, бірлік пен келісім сақталған жерде рухани таным да жоғары болары сөзсіз. Расымен де жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Жер емген диқан ретінде айтарым, елдің, жердің қамын жасап, қадірін жіті түсінуіміз керек. Елбасының тілімен айтар болсам, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз. Осы борышымызға адал болайық. 

Мәди Ихтиляпов, 
облыстық мәслихаттың депутаты.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓