Мерзімі ұзартылмақ

Бұған дейін елімізде ұлттық халық санағын өткізу 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында екі кезеңмен жүргізіледі деп хабарланған болатын. Міне, қазірдің өзінде санақтың екінші кезеңі аяқталып келеді. 1 қазанға дейін тек онлайн режимде өтті. Айта кету керек, бұл мүмкіндік көптеген қазақстандықтардың өтініштері бойынша 8 қарашаға дейін ашық болады. Халық санағынан әлі өтпеген адамдар үшін интервьюерге баруды күтпей-ақ, онлайн санақтан өтудің бірегей мүмкіндігі бар. Авторизацияның және санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше жолы қарастырылған. Бұл мамандандырылған sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы, сондай-ақ Aіtu ұялы қосымшасын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Ұлттық науқанның өңіріміздегі жай-күйі жөнінде өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Ғалымжанов баяндап берді. Айтуынша, онлайн режиммен қатар 1-30 қазан аралығында санақ қызметкерлері халық туралы мәліметтерді жинау үшін азаматтарды жаппай аралап шығады. 1 қазаннан бастап 1 мыңнан астам интервьюер есеп учаскелері үйлерін аралап жүріп, аймақ тұрғындарының пәтерлеріне барып, сұрақтар қойып, планшеттегі санақ парақтарын тұрғындардың сөздерімен толтырды. Белгілі болғандай, интервьюерлер арнайы атрибуттар: ресми куәлік, планшет, фирмалық портфель және санақ символикасы бар көк шарфпен жабдықталған.
«Қандай да бір себептермен үйден тыс жерде санақ сауалнамасының сұрақтарына жауап бергісі келетін немесе санақ кезінде жоқ қазақстандықтар стационарлық учаскелерге кіріп, өзі және ондағы үй шаруашылығының мүшелері туралы мәліметтерді хабарлай алады. Немесе мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында санақтан өз бетінше өте алады, ол 8 қарашаға дейін тәулігіне 24 сағат қолжетімді», — деді А.Ғалымжанов.
Қостанай облысында 2021 жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша санақтан онлайн режимде өту мүмкіндігін 261,6 мың адам немесе халықтың 30,4,8%-ы, оффлайн режимде 476 мың адам немесе халықтың 55,3%-ы пайдаланып отыр. Осылайша өңірімізде санақ сұрақтарына барлығы 737,6 мың адам немесе халықтың 85,6%-ы жауап берген.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓