Қонысбек Бегайдаров: «Айнұр Көпбасарова – бүгінгінің Бөртесі!»

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының белді актері Қонысбек Бегайдаров «Бөрте» қойылымы төңірегіндегі дауға қатысты пікірін қосты.
Түркістан қаласында аншлагпен өткен «Бөрте» спектаклі ел руханиятындағы елеулі оқиғаға баланды. Дегенмен, қойылымға мін тағушылардың да қарасы көбейіп отыр. Сынаушылар спектакльге бөлінген 246 миллион 750 мың теңгені сөзбұйдаға салуда. Қонысбек Бегайдаров саналы ғұмырын сахнаға арнаған қайраткер әрі осы қойылымға шақырту алған беделді актер ретінде әлеуметтік желілерде желдей ескен даурықпаға қарсы көзқарасын білдірді.
«Мұндай сүйекті спектакль жылда жазылып, күнде қойылып жатқан жоқ. Дулат Исабеков секілді драматургтің туындысын Давиде Ливермор сынды италиялық танымал режиссердің сахналауы  – орасан зор жаңалық. Себебі, Бөрте бейнесі алғаш рет драматургияның нысанына айналып отыр. Шыңғыс қаһанның сенімді серігі де, кемел кеңесшісі де, тіпті, ең қауіпті қарсыласы да бола білген Қоңыраттың, яғни, Қазақ қызының бейнесі қалай ашылды? Спектакльдің басты ерекшелігі неде, ұтқан тұсы бар ма, кем түскен жері қандай? Актерлер қалай рөлдерді аша білді? Режиссердің қаншалықты дайындықпен келді? Ауқымды тақырыпты игере алды ма? Осындай сұрақтар талқылануы керек еді, көбірек айтылуы керек еді», — дейді белгілі актер.
Ол, әсіресе, тұтас елге танымал зиялы тұлғаларға туындының рухани құндылығына емес, материалдық шығынына сөз шығындап отырғандары үшін кейіс білдіреді.
 «Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде «Бөрте» спектакліне 246 млн теңге бөлінді» деп бөрінің артынша шуылдаған топтың дабырасы басым болып кетті. Солардың ортасында театр үшін жанын беруге әзір тұруға тиісті танымал тұлғалардың аттанға айғай қосуы, мені қатты қынжылтты. Ой, Құдай-ау, басқаның бәрін түгендеп болып, театрға бөлінген ақшаны түгендеу қалды ма? Әдетте аты да, заты да белгісіз, ешкімнің есінде қалмайтын саммит, халықаралық жиындар өтіп жатады. Оған кететін қаржыны кім есептеді? Оның қандай қайтарымы болды? Оған келгенде әлгі «аттаншылдардың» жұмған аузын ашқанын көрмеппіз. Тәуелсіздік тарихында мұндай қаражат өңірлік театрға тұңғыш рет беріліп отыр. Өнерге бөлінген ақша ешқашан желге ұшпайды. Оның бәрібір бір қайтарымы болады. Рухани азықты ақшамен өлшеген, өнерді материалдық дүниеден төмен ұстаған ел өрге баспайды», — дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Қонысбек Бегайдаров «Бөрте» қойылымының өз-өзін ақтайтын жоба екеніне сенімді. Өйткені, Шыңғыс қаһанның бәйбішесі, қазақ қызы туралы мазмұнды туынды шетел сахналарында қойылғалы отыр. Оған әлемдік деңгейдегі театр сыншыларының назар аударуы ғажап емес дейді сахна саңлағы. Ол аталған туынды үшін жан аямай еңбек еткен режиссерге ерекше тәнтілігін жеткізді.
«Бір спектакльге қыруар еңбек жұмсалды. Соның бәрін атқарып жүрген – Айнұр Көпжасарова деген қаршадай қыз. Бүгінгінің Бөртесі осы Айнұр десем артық емес. Жаңа ұжымды жасақтау, ауқымды жобаны жүзеге асыру екінің бірінің қолынан келетініне күмәнім бар. Ал соны Айнұр атқарды. Мінсіз қылып істеді. Мұншалықты ауыр жауапкершілікті алып жүру үшін де жүрек керек. Сондай «ұлтым» деген ұлы жүрек осы қарындасымызда бар екен. Соған қуандым! — деп тебіренді ағамыз.- Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанға ертең осы «Бөртені» көру үшін туристтер ағылмасына кім кепіл? Өнерді, тарихты құрметтейтін мұндай жандар бар екеніне мен сенем! Айнұр қарындасымыздың көксегені де осы деп білем. Қалай болғанда да үлкен іс тынды! Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ, Айнұр Көпжасар көп ердің қолынан келмейтін істі тындырды! «Бөрте» спектаклі – қазақ театры тарихындағы бір белес. Сол белеске шығарған жанды қолдау қажет!»
Қонысбек ағамыздың өзі осы қойылымда Бөртенің әкесі, Қоңырат тайпасының белгілі де беделді тұлғасы Дай шешеннің рөлін сомдаған еді. Актер осындай үлкен шығармада ойнауды өмірлік мұраты тұтыпты, бұл ғанибет алпыстан асқан шағында еншісіне бұйырғанына шүкіршілік етеді.
«Өңірлерден келген актерларды қайта жинау қиынға түседі деп «қынжылғандар» бар екен. Немене, басқа өңірдегі актерлар тоқалдан туып па? Олар да көрсін, сезінсін елдегі, әлемдегі жаңалықты. Бұдан өнер адамы өседі. Ал, олардың орнын басатын актерлар жергілікті жерден де шығады Құдай бұйыртса», — деп ой түйіндеді өнер майталманы.
«Бөрте» қойылымына ел ішіндегі 60-тан астам театрдың төртеуінен ғана әртістер шақыртылған. Тобыл өңірінен Қонысбек-Зәмзәгүл Бегайдаровтар және Азамат Шүкеев алып туындыға арнайы қатысып, өнерлерімен қалың көрерменді таң-тамаша етті.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓