Ертең Ақтөбені бетке алады

Қостанай облысының тұрғындары бокс және кикбоксинг бапкер Исмаилов Сәттібек пен жеке кәсіпкер Хусаинов Ерлан Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылынан «Бабалар ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жорығына аттанған болатын. Қос азаматтың жолға жаяу шыққанына да бірнеше күннің жүзі болды. Біздер экспедиция мүшелерімен барынша хабарласып отырмыз. Олар ен далада жаяулатып жүргеннен соң интернет желісі ұстамайды. Байланыс бола қалғанда тілдесіп қалып жатырмыз.
Міне, бүгін түсте Сәттібек Исмаилов ағамызбен хабарласа алдық. Олар бүгін Шилі ауылында түнейді. Ертең Ақтөбені бетке алмақшы.
-Аға, жағдайларыңыз қалай, «жортып жүрсең жол өнер» демекші, қай жерге жетіп, қанша шақырымды артқа тастадыңыздар?
­-Кеше кешкі сағат тоғыз жарымда Шилі ауылына келдік. Шиліге жетпес бұрын Қабырға өзенінен өтіп, шөлдеп келе жатқан едік, ащы суынан дәм таттық. Жалпы бір күнде 51 шақырым жүріп келдік. Ауыл әкімі Ербол Досмағанбетов деген азамат бізді күтіп алып, үйінде қонақ етті. Бүгін демалып, ертең ауыл ақсақалдарымен кездесіп, үлкендердің батасын алмақпыз. Себебі бір күнде 51 шақырым жүру аяққа айтарлықтай салмақ салады екен.Далада түнедік.
-Ендігі бағыт қалай?
-Ендігі бағытымыз Ақтөбе. Ертең Алла қаласа Толыбай деген жерден өтіп, Жабасақ деген жерге құлаймыз деп отырмыз. Ары қарай Сарат одан әрі Қарабұтақ деген жер.
-Жалпы жағдайларыңыз қалай, еш қиындық жоқ па?
-Былай жағдайымыз жақсы. Бірақ біз жүріп өткен дала түгелімен өртеніп кеткен екен. Қаншама су тартылып қалған. Соған қарамастан аз-мұз киіктер кезігеді. Алдағы қыс жылқы малының тебіндеуіне оңай болмайтын түрі бар. Торғай даласының мына күйін көріп жүрегің ауырады. Ауыл әкімі жол мәселесі, ауылдықтарға көмір әкелу жағы қиын болып тұрғанын айтуда. Біраз жерде интернет жоқ. Сізбен ауыл әкімдігіне келіп, хабарласып тұрмын. Денсаулығымыз жақсы. Сайқұдық деген жерден тоғыз шақырым жерде қазақ күресінің палуаны Ғабдолла Бисеновтің шаруа қожалығында да болып, дәм татып, әлденіп алдық. Сөйтіп Шиліге жеткен едік. Астанадан хабарласқандар ауа райында өзгеріс болады деді. Ақтөбе жағында ертең түнде 5-10 градус жылы болады екен. Негізі алдағы сапарымызға қарай күннің райы жылы болатын түрі бар. Енді осы қалыпта жүрісімізді жалғастыра береміз деп отырмыз. Одан әрі жылдамдатсақ аяққа салмақ түсе ме деп отырмыз. Тек амандықта жолығайық.
      Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналып отыр. Экспедицияға шыққан қос азамат  ХVІІІ ғасырда қалмақтардың шапқыншылығы кезінде Кіші жүздің руларына көмекке барған Өтей батыр басқарған Орта жүз батырларының жолымен жүріп өтуді жоспарлап жолда жүр. Аталмыш жорықтың қашықтықтығы Өтей батырдың кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Жанкелдин ауданы, Саға (Қызбел) ауылынан басталып, Ақтөбе облысы арқылы өтіп, Атырау облысының Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы, Орта жүздің Арғын тайпасынан  шыққан Өтей батырдың қорымына дейін 1200 шақырымды құрайды. Осы шақырымды жаяу жүріп өтуді мақсат еткен қос азамат жол бойындағы елді мекендерге соғып, тұрғынадармен де кездесу өткізуді жоспарлағанын тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік. 
    Жалпы бұл шараның негізгі мақсаты Қостанай облысындағы бір топ меценаттардың қолдауымен Өтей батыр қорымын туристік аймаққа айналдырып, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстары арасындағы рухани байланысты берік етіп, батыр баба есімін, ел аузында жүрген ерлігін  таныта отырып, рухани байлығымызды кемелдей түсу. Аталмыш шараға «Милх — Новый день» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Блок С.И.) демеушілік етіп, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдауда. Аталмыш шараға «Қостанай таңы» газеті де ақпараттық қолдау көрсетіп отырғанын айта кету керек.
 Алдағы уақытта экспедициялық жорыққа аттанған қос азаматпен байланыс орнатып, қызықты деректермен бөлісіп, негізгі межеге жеткенше ақпарат беріп отыратын боламыз.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓