Жерлесіміз жеңімпаз атанды

Семей қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар» атты республикалық ақындар мүшайрасы өтті. Жыр додасында қостанайлық жас ақын Дәулет Жадырасын топ жарды. 
"Мүшәйраға елдің 17 өңірінен қатысқан 25 жас ақын Әлихан Бөкейхан университетінің Алаш қайраткерлері білім алған ғимаратында бақ сынасты. Еліміздің тәуелсіздігін жүрекжарды жырларына қосқан ақындардың тартысты байқауы жиналған қауым мен қазылар алқасын тәнті етті. Шын мықтыны анықтау жауапкершілігі белгілі ақындардан жиналған қазылар алқасына жүктелді", — деп жазады ҚЖО Семей филиалының төрағасы Мерей Қарт "Фейсбук" желісіндегі парақшасында. Мүшәйра нәтижесі бойынша жерлесіміз Дәулет Жадырасын "Бостандық сублимациясы" атты туындысымен І орынды иеленді. Жеңімпазға 250 мың теңгенің сертификаты табысталды.  ІІ орын Түркістан облысының атынан келген Рысгүл Досжановаға бұйырса, үздік үштік тізімін Талдықорған қаласының намысын қорғауға келген Айнұр Төлеу түйіндеген. Қос ақын да қаржылай сыйға ие болды. Байқауға қатысқан барлық ақындар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Шараның қорытындысы ретінде оқылған барлық өлеңдерден арнайы жинақ әзірленді. Республикалық мүшәйраға жиналған жас ақындар шара барысында Ұлы Абайдың жеріне сапарлаған. 
Жеңімпаз өлеңді оқи отырыңыздар:
ЕРКІНДІК СУБЛИМАЦИЯСЫ
 
Бақ деп ұққаным сорға айналған күні,
Сор деп ұққаным зорға айналған күні,
Қайсар ұлдар қайтпас жолға айдалған күні,
Тілім – тілім-тілім, қол байланған күні,
Құмар қара суға қанбай қалған күні,
Құмаршық та қолда қалмай қалған күні,
Шараналар туып шалға айналған күні,
Қара көздің жасы қанға айналған күні,
Жарық күнім ғаріп шамға айналған күні,
Шамның өзін көру зарға айналған күні,
Арман жолым ақыр жарға айналған күні,
Төңірегім тұтас торға айналған күні,
Бостандық,
Біз сенің атыңды атауға жасқандық.
 
Ата Заңым асқақ Арға айналған күні,
Ана тілім ақсақ сауға айналған күні,
Жоқтау, зарым бітіп, әнге айналған күні,
Дастарханым бүтін дәмге айналған күні,
Ішкен У-ым іште балға айналған күні,
«Шала» деген атым шалғай қалған күні,
Қайта тумас қазақ ханға айналған күні,
Жоғалтқандарым, тоналтқандарым
 барға айналған күні,
Антым бұл – 
Даңқыңды дастан қып,
Мен сені сүйемін, Бостандық!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓