Далада түнеп, жолда кездескен ауылдарда қонақ болдық

Қостанай облысының тұрғындары бокс және кикбоксинг бапкер Исмаилов Сәттібек пен жеке кәсіпкер Хусаинов Ерлан Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылынан «Бабалар ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қобда-Қарабау» экспедиция-жорығына аттанған болатын. Қызбелде Өтей батырдың ұрпақтары бас қосып, ақсақалдар қос азаматқа баталарын беріп, батыр баба рухына құран бағыштап, шын тілекпен шығарып салған еді. Сол екі азамат бүгін міне, үшінші күн арнайы бағыт бойынша жүріп келе жатыр. «Сапарымыз оң болды» дейді қос азамат. Біз Сәттібек Исмаиловпен телефон арқылы байланысып, жағдай сұраған едік.
-Біз кеше жұма күні негізгі межеден 25 шақырым тоқтаусыз жүріп келіп, Бидайық ауылына тоқтадық. Жолда Міржақып Дулатұлы бабамыздың кесенесіне кіріп дұға жасадық. Бидайық ауылында Ахмеджанов Ғабиден деген кісінің үйінде болып, баласы Рүстем қонақ етті. Одан әрі қарай жолға шығып кеттік. Бұл бастамамыз өте қызықты өтуде. Басында, әрине, шамалы бейімделу уақыты болды. Арқамызда жүк, рюкзак соның бәрін арқалап жүру оңай емес. Міне, үшінші күн оған да үйрендік. Далада түнеп, алдымызда кезіккен бір бөлімшеге тақағанда ауылдың азаматтары қарсы алып, дастарқанға шақырды. Дәл қазір Қостанай облысының аумағынан шығып бара жатырмыз. Мұндай экспедицияға алғаш шығуым. Бірақ бұрын да далада түнеп жүргенбіз. Біздің тілеуімізге орай ауа райы да тамаша болып тұр. Қазақтың кең даласы деген керемет қой. Киік деген өріп жүр. Жолда жылан көрдік. Негізі қазақтың кең даласын көріп қуанады екенсің. Соны бағалай білуіміз керек.
Енді Ақтөбенің жеріне еніп барамыз. Онда да күтіп отырған азаматтар бар. Негізгі мақсатымыз бірлігімізді нығайтып, бәріміз бір қазақтың баласы, ұрпағы екенін таныту. Бабалар рухын қастерлеп, Тобыл мен Жайықты жайлаған елдің арасындағы ұрпақтардың рухани байланысы нығайтып, ішкі туризмді, спортты дамыту.
Ен далада ұялы байланыс жоқ. Байланыс бола қалса хабарласамыз. Қызықты жайт айта кетсем, бізді шығарып саларда үлгере алмай қалған кісілер артымыздан қуып жетіп, сәттілік тілеп, бізді суретке түсіріп алып жатты. Жағдайымыз жақсы, сәттілік тілеп, жағдайымызды біліп хабарласып жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Алда әлі қызықтар болады деп ойлаймын, – дейді экпедиция мүшесі Сәттібек Исмаилов.
Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналып отыр. Экспедицияға шыққан қос азамат ХVІІІ ғасырда қалмақтардың шапқыншылығы кезінде Кіші жүздің руларына көмекке барған Өтей батыр басқарған Орта жүз батырларының жолымен жүріп өтуді жоспарлап жолда жүр. Аталмыш жорықтың қашықтықтығы Өтей батырдың кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Жанкелдин ауданы, Саға (Қызбел) ауылынан басталып, Ақтөбе облысы арқылы өтіп, Атырау облысының Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы, Орта жүздің Арғын тайпасынан шыққан Өтей батырдың қорымына дейін 1200 шақырымды құрайды. Осы шақырымды жаяу жүріп өтуді мақсат еткен қос азамат жол бойындағы елді мекендерге соғып, тұрғынадармен де кездесу өткізуді жоспарлағанын тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік.
Жалпы бұл шараның негізгі мақсаты Қостанай облысындағы бір топ меценаттардың қолдауымен Өтей батыр қорымын туристік аймаққа айналдырып, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстары арасындағы рухани байланысты берік етіп, батыр баба есімін, ел аузында жүрген ерлігін таныта отырып, рухани байлығымызды кемелдей түсу. Аталмыш шараға «Милх — Новый день» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Блок С.И.) демеушілік етіп, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдауда. Аталмыш шараға «Қостанай таңы» газеті де ақпараттық қолдау көрсетіп отырғанын айта кету керек.
 Алдағы уақытта экспедициялық жорыққа аттанған қос азаматпен байланыс орнатып, қызықты деректермен бөлісіп, негізгі межеге жеткенше ақпарат беріп отыратын боламыз.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓