Шабытыңды шалқытқан «Шалқыма»

Орыс ғалымы Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі қазақ тұрмысының даралығынан туған тұжырым болса керек. Ұлтымыздың аса бай ән өнерін да­мытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нар­­тай, Кенен қатарлы халық композитор­лары өл­шеусіз үлес қосып, оны жоғары биікке көтерді. Қазақ әні – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айна­сы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері.
Ұлттық бірлік пен Отанымыздың бүгіні һәм болашағы үшін ортақ жауапкершілік мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай облыстық «Шалқыма»  вокалдық-домбырашылар ансамбльдерінің байқауы мәресіне жетті. Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйінде өткен өнер бәсекесіне өңіріміздің тоғыз ауданынан баба аспабымызды арқалай келген ұжымдар қатысты. Ұлттық мұрамызды ұлықтаған шара «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасын іске асыру аясында өткізіліп отыр.
Байқауда шығармашылық ұжымдар екі шығармадан орындады, бірі – қазақтың халық әні, екіншісі қазақ композиторларының бір туындысы.
Екі бөлімнің қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Науырзым ауданының «Аққурай» вокалдық ансамблі иеленді. Гаухар Әменова жетекшілік ететін квинтет 2009 жылы құрылған. Астанада өткен «Ел іші – өнер кеніші» атты телевизиялық фестивальдің қатысушысы. Өңіріміздегі өткізіліп жүрген мерекелік іс-шараларға белсене қатысып, жұртшылықтың көңілінен шығып жүр.
Бекзат Ғазезов жетекшілік ететін Денисов ауданының вокалдық домбырашылар триосы сайыстың ІІ орын жүлдегері атанды. Бұл өнер ұжымы да аудандық сайыстар мен фестивальдердің дипломанты.
Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйі жанынан құрылған «Шалқыма» ансамблі І орынға көтерілді. Айнұр Сейітова жетекшілік ететін қыздар халық әні «Ауылың сенің Іргелі» және А.Қоразбаевтың «Әгугай домбыра» шығармаларымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Облыстық, аудандық мерекелік іс-шараларға белсене қатысып жүрген ансамбль баба мұрамызды насихаттауда зор үлес қосып келеді. Биыл өткен халықаралық «MUSIC TALENT» вокал және аспаптар өнері байқауының бас жүлде иегері, Жуырда Щучинск қаласында өткен «Көнеден жеткен күмбір» атты аймақтық фольклорлық фестивалінде үздік өнер көрсетіп, ұйымдастыру алқасының дипломымен марапатталды.
Сонымен, облыстық «Шалқыма»  вокалдық-домбырашылар ансамбльдері байқауының жеңімпазы – Қамысты ауданының «Саз тұмары» квартеті! Досбол Қашқымбаев бастаған ұлт аспаптар ансамблінің репертуары өте бай. 2012 жылы құрылған ұжым аймақтық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Бүгінгі сайыста халық әні «Илигай» мен Е.Нұрманғалиевтің «Құрбым-ай» туындысын жоғары деңгейде орындаған квартет үздік танылуға әбден лайық.
— Биыл Қамысты ауданы бойынша мәдениет саласында үлкен сілкініс бар. Аудан әкімдігінің қолдауымен 2,7 миллион теңгеге жаңадан аспаптар сатып алынды. Материалдық әрі рухани жағынан осындай қолдау болғасын, біз де аянып қалған жоқпыз. Амандық болса, талай өнер додаларында Қамысты елінің намысын қолдан бермеуге күш саламыз, — деді ұжым мүшелері.
Тоқтар Қуандықов жетекшілік ететін Федоров ауданының «Арыс» вокалдық домбырашылар тобы облыстық көркемөнерпаздар шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының атынан арнайы жүлденің иегері атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйақы табыс етілді. Ұйымдастырушылар келесі жолы шараның ауқымы кең, талабы күрделене береді деп отыр. Бұл байқау алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан, орындаушылар тарапынан аз-кем олқылықтардың болғаны рас. Мәселен, халық шығармасы «Самалтау» мен Молдабайдың әнін нақышына келтіре орындаған Сарыкөл ауданының «Сарыкөл сазы» фольклорлық ансамблі ұстаған аспаптар «вокалдық-домбырашылар» атауы бар байқау ережесіне сай емес. Бірақ алдағы уақытта этнографиялық бағыттағы ұжымдар арасында арнайы байқау өткізілмекші екен. Сол сайыста сарыкөлдіктердің бағы жансын деген тілегіміз бар.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓