Елдің үздік мұғалімдерін марапаттау рәсімі Қостанай жерінде өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай Қостанайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Оған «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының жеңімпаздары, еліміздің барлық өңірлеріндегі білім басқармаларының басшылары қатысты.
Еліміздің үздік педагогтерін марапаттаудың оныншы мерейтойлық рәсімі Қостанай жерінде, қазақтың ұлы ағартушылары мен жазушылардың елінде өтуі тегіін емес.
Республикада жыл сайын өтетін «Үздік педагог» конкурсы тұрақты түрде ғылыми сайыстардың жүлдегерлері болып атанған, өз жұмыс жүйесін құрған еліміздің мектептері мен колледждерінің талантты және креативті педагогтерін анықтауға көмектеседі.
Біздің облысымыз биыл 180 жылдығын атап өтіп жатқан Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Шоқан Уәлиханов және Спандияр Көбеевтің есімдерімен мақтанады. Педагогтардың жаңа ұрпағы қазақ халқының көрнекті ұлдарының мұрасын мұқият сақтап қана қоймай, кәсіби шеберлік шыңдарына жетуге ұмтылады.
Марапаттау рәсімінде Асхат Аймағамбетов 64 үздік педагогті, еліміздің барлық өңірлерінен келген республикалық конкурс жеңімпаздарын құттықтады. Министр мұғалім мамандығының және елдің болашағы үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңның іске асырылу маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.
 -Оныншы рет өткізіліп отырса да өте маңызды. Және бұл конкурстың жеңімпаздары ерекше деп айтқым келеді. Неге десеңіздер, қастерлі мереке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында әрі ғалым Ы.Алтынсариннің мерейтойымен тұспа-тұс қасиетті Тобыл-Торғай жерінде өтіп отыр. Сіздер ерекшесіздер. Үлкен белестеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.  Ұлы педагог Ы.Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені ол – мектептің жүрегі» деген болатын. Шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанымызда Ұлы педагогтың арманы орындалды деп айтамын, — деді Асхат Аймағамбетов.
«Үздік педагог-2021» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша Қостанай педагогикалық колледжінің шет тілдер кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы Әділжан Бөкенбаевтың  еліміздің барлық өңірлерінен келген 64 жеңімпаздың ішінен  ең жоғары балл жинағаны қуантады.
Біздің өңірден Қостанай педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әділжан Бөкенбаев, Қостанай қаласының №6 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Лауто, Қостанай облысы Жітіқара ауданы гимназиясының география пәні мұғалімі Айнұр Назаркенова, Арқалық қаласы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның биология және география пәні мұғалімі Александр Пэктер «Үздік педагог» атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысы 1000 АЕК (2,9 млн теңге) сертификатымен марапатталды.
-Конкурс оңай болған жоқ. Біздің жұмысымыз қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды. Бұл менің жеңісім ғана емес мені қолдаған әріптестерімнің, талантты да білімді шәкірттерімнің жемісі, — дейді Арқалық қаласы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның биология және география пәні мұғалімі Александр Пэк.
Салтанатты шарада педагогикалық шеберліктің ең жоғары нәтижелеріне қол жеткізген педагогтер де қалыс қалмады. Астықты өлкенің 11 педагог «Ы. Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ педагогика саласында жемісті еңбек еткен ардагерлер марапатталды.
Сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Педагог қазақстандық және халықаралық кеңістіктегі білім беру жүйесінің басты тұлғасы» екенін атап өтіп, 20 педагогке марапаттау қағазын табыс етті.
   Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде конкурс аясында 500-ге жуық мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі марапатталды.
    Мұнан бөлек, өңірімізде Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылым: тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» атты екікүндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция барысында Ыбырай Алтынсарин идеялары және оның ағартушылық мұрасы, Ы.Алтынсарин мұрасын зерделеу мен насихаттаудың өзекті мәселелері және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓