Талантқа тағзым

Қостанайдағы қалалық «Мирас» өнер сарайының қабырғасында ҚР мәдениет қайраткері, дарынды ұстаз Абай Әмірхановтың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Абай Ғазизұлы бұл мекемеде 1991-2010 жылдар аралығында қызмет атқарды. Белгілі күйші ғана емес, білікті ұйымдастырушы ретінде ел есінде қалған бірегей азамат. Дәл Абай Әмірхановтың мұрындық болуымен осыдан тура отыз жыл бұрын «Мирас» этнографиялық ұлт аспаптар ансамблімінің негізі қаланған еді. Әрі осы өнер ұжымының құрметіне мәдениет ордасы да «Мирас» атауын алған болатын.
Қарасу ауданының орталығында дүниеге келген Абай Ғазизұлы Торғайда мектеп қабырғасын тәмамдаған соң Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын оқып бітірді. 1989 жылы облыстағы мәдениет басшылығының шақыртуымен Қостанайға келді. Алғаш рет қалалық мәдениет бөлімі жанындағы «Армандастар» мәдениет үйінде мектеп оқушыларынан және облыстық кәсіподақ мәдениет сарайы жанынан қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ұлттық музыка мамандарын даярлау мақсатында ашылған өнер факультетінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі әрі кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Талай шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.
«Мирас» этнографиялық ұлт аспаптар ансамблімен бірге ТМД елдері мен шалғайдағы Мозамбик, Иордания, Сирия қатарлы мемлекеттердің көрермендерін тамсандырған білікті жетекші. Республикалық, халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы.
Абай Әмірханов Башқұртстан астанасы Уфа қаласындағы дәстүрлі түркітілдес халықтардың «Урал моңо» фестивалін ұйымдастырушылардың бірі әрі екі жылда бір рет өтетін аталған байқауында бірнеше мәрте жеңіп келгенін көпшілік біледі. Кейін Қазақстан атынан конкурстың қазылар алқасының құрметті мүшесі атанды. 2010 жылы жерлесіміз дүние салғаннан кейін «Урал моңо» фестивалінің ұйымдастырушылары Абай Әмірханов атындағы арнайы жүлде тағайындаған болатын.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓