Күй болып өткен қос ғұмыр

«Күй өрілсе домбыра шанағынан,

Жас үйірілер жабыққан жанарыма.
Өзегімді өртеген өзің жайлы,
Жыр үйірілер қалқам-ай, қаламыма» немесе
Ішекті емес, он саусағы күйді іліп,
Домбыраны, адам жанын идіріп,
Пернені емес, сезіміңді басады
Шаттандырып, күй төгілтіп, күйдіріп».
Бұл өлең шумақтары белгілі ақын Серікбай Оспанұлының өмірден ерте озған інілері Абай Әмірханов пен Назымбек Молдахметовке деген сағыныш толы арнауларынан үзінді. Қостанай топырағында қазақтың қара домбырасын тірілтіп қана қоймай, үлкен өнер ұжымдарын құруға елеулі еңбек сіңірген азаматтарды елі ұмытпақ емес. Абай Ғазизұлы мен Назымбек Молдабекұлының өңіріміздің өнер-мәдениет саласына сіңірген еңбегін айтып тауыса алмаспыз. «Мирас», «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері мен ұлт-аспаптар оркестрлерінің құрылуына мұрындық болған азаматтар туған топырағымызды Қазақстан ғана емес, әлемге паш еткен өнерпаздар. Абай мен Назымбек өнерде де, өмірде де аға-іні болып сыйласқан жандар.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде белгілі күйшілер, ҚР мәдениет қайраткері Абай Әмірханов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов атындағы арнайы домбыра сыныбы ашылды. Айтулы шараға Тобыл-Торғай төңірегіндегі зиялы қауым, ұстаздар, шәкірттер, өнер-мәдениет саласында жүрген әріптес-достары мен туыстары жиналды.
«Ассалаумағалейкүм, Тобыл-Торғай!
Күміс күйін төгілтіп, ән баптаған…
Азаматтың бірегейі – Абай ағам,
Сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты адам.
Найзағайдай Назымбек ағамыздың
Өнерімен бүгінде мен мақтанам.
Ағайынға Алланың нұры жаусын,
Абай мен Назымбегін ардақтаған», —
деп жырдан шашу шашқан Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев қос өнерпаздың есімі елімен бірге жасай беретінін нақыштады.
Тоқсаныншы жылдар басында облысымыздың мәдениет саласын басқарған мемлекеттік қызмет ардагері Римма Ғайсенова үшін Абай да, Назымбек те інісіндей, баласындай жақын еді.
— Екеуінің де өмірі қысқа болғанмен, артында рухани мол мұрасы қалып отыр. Бүгінгі шара осы азаматтарға жасалған үлкен құрметтің басы ғана деп есептеймін. Менің мынадай ұсынысым бар – Абай Әмірхановқа «Қостанай қаласының құрметті азаматы», Назымбек Молдахметовке «Қостанай облысының құрметті азаматы» атақтары берілсе. Оны жергілікті билік қолдайды деп сенемін, — деді Римма Ғабдолқызы.
Домбыра сыныбының ашылуына университет басшылығы, марқұмдардың әріптестері, өнердегі аға-іні, достары мұрындық болып отыр. Кабинеттің тұсауын кесу рәсімі Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Тұрсынов пен Ахаң атындағы өңірлік университеттің проректоры Нұрлан Мәмиевке берілді. Замануи үлгіде жабдықталған дәрісханада білім алатын шәкірттерге алдыңғы буын ағаларының ғұмыры емес, ғибратты өнері қонғай, қос қайраткердің рухы жебеп тұрғай деген тілекпен тарқасты ағайын.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓