Тоқсан тоғыз толғам

Қазақ журналистикасының майталманы, телевизия тарланы, көсемсөзші, "Құрмет белгісі" орденінің иегері, жерлесіміз Қажы Қорғановтың "Кеудесі ағалардың алтын сандық" атты кітабы жарық көрді. Қаламгер  жаңа туындысын ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арнап отыр. Жинақ таныстырылымы Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтті.
Бұл – ардагер журналистің өмір жолында кездескен, сырласып-сұқбаттасқан  адамдар, "бір дәуірдің мөлдіреген аспанындай" болған ардақты жандар туралы естелік кітабы. Адами болмысымен, азаматтық келбетімен өскелеңге өнеге болатын кесек тұлғалар жайындағы баян. "Менің үлкен азамат болуыма кейіпкерлерім әсер етті" дейтін автор, бұл еңбегі оқырмандарын да бейжай қалдырмайтынына сенімді. Кітапта 99 кейіпкер бар. Қарапайым еңбек адамынан бастап, атағы дардай қайраткерге дейін қамтылған.
 — Мұнда 1972 жылдан бастап, телевизияда жүрген кезде сұқбат алған кейіпкерлерім енгізілді. Қай жылы кіммен кездестім – соны хронологиялық тәртіппен жаза бердім. Ешқайсысының шеніне қараған жоқпын. Олардың ішінде ешбірінің кемдігі жоқ. Шопандардың өзі жай шопан емес, олар КСРО жоғары кеңесінің депутаттары, комсомол белсенділері, пленум мүшелері… Араларынан қайраткер шығып, совхоз басқарғандары бар. Қызмет мәселесін былай қойғанда, кейіпкерлерімнің үлгілі істері, сұңғыла сөздері, көркем мінездері, тұп-тұнық болмыстары кім-кімге де өнеге", — дейді Қ.Қорғанов.
Автор кітапқа енген тұлғаларға қатысты қалжыңы мен тағылымы аралас қызықты естеліктерден мысалдар келтірді. "Аға буынның жарқын өнегесі, ұлтымыздың дара болмысы, тіпті қазақ тілінің құнары да осында" дейді ол туындысы туралы. Айтқандай, бұл шығарма "Қостанай таңы" газетінде нөмірден-нөмірге жалғасып жарық көріп жатыр. Облыстық басылымның бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбеков газет оқырмандарымен бұл еңбекті бөлісуге не түрткі болғанын айтты.
 — Бір ғажабы, бұл кісінің кейіпкерлерінің ішінде қарапайым адам жоқ. Қай-қайсысы да қазақ халқына танылып, әртүрлі салаға маңдай тері сіңген еңбекторылар, жақсылар мен жайсаңдар. Кітапты ақтарып отырсаңыз, исі қазаққа таныс есімдер көзге оттай басылады. Олардың өмірбаянында кездесе бермейтін мәліметтерді осы кітаптан табасыз. Өйткені автор белгілі кісілердің белгісіз қырларын ашқан. Айрықша болмысты адамдардың галереясын жасаған. Тағы бір ерекшелігі, кітап халықтың тілімен жазылған. Шын көңіліммен оқып шығып, облыстық газетке түгелімен басуды ұйғардым. Әр нөмір сайын жарияланып жатыр", — деді Ж.Аязбеков.
Жиынға қатысқан қарт майдангер, ардагер журналист, мәдениет саласының үздігі Қасымхан Алдабергенов те автор еңбегін газеттің әр нөмірінен оқып жатқанын айтты. Қолына енді ғана тиген кітап туралы пікірін ортаға салып, қаламгерге лебізін білдірді. Белгілі өлкетанушы Қуаныш Орманов та Қажы Қорғановтың шығармашылығы, жаңа жинағы жайында ой толғады. Кітапқа есімі енген қостанайлық даңғайыр диқан Жансұлтан Демеевтің қызы Ажар Демееваға, Омар Шипин ауылынан арнайы келген жас, автордың туысқаны  Олжас Байжановқа сөз берілді. Кітапхана басшысы Д.Дүйсебаева, "Qostanaі" телеарнасының директоры Е.Ипбергенов құттықтау тілегін айтып, дәстүрлі әнші Қ.Қиысхан іс-шара құрметіне әуелетіп ән салды.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓