Бүгін – Ұлт ұстазының туған күні

Алаш ардақтысы, "Адамдық диқаны", әліппенің атасы, ұлы реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Алып тұлғаның туғанына бүгін 149 жыл толып отыр. "Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
ел бір күншіл, менікі – ертең үшін", — деп, ұлт мүддесі, болашағы, тағдыры үшін күресіп өткен Ахаң "Ұлт ұстазы" деп атауға шын мәнінде лайық тұлға. Оның есімі қазақ тілін ұлтсыздандырудың сұрапыл дауылына ерте бастан дайындап, артында өшпес із қалдырғаны үшін әр қазақтың көңілінде мәңгілікке сақталғаны сөзсіз. Ол төл әліппенің тұңғыш авторы, тұңғыш терминолог, тұңғыш фонетик, тұңғыш лексиколог, тұңғыш әдебиеттанушы, тұңғыш публицист… бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Оның соңына қалдырған көл-көсір мұрасы қазақ халқының еш уақытта сарқылмас қазынасы іспетті. Ахаңның "Тіл құралы", "Оқу құралы", "Әдебиет танытқыш" сынды еңбектері – әлі күнге дейін құнын жоймаған ұлы туындылар. Ол 1913-1918 жылдары Орынборда "Қазақ" газетін шығарды. "Әуелі, газеті – халықтыі көзі, құлағы һәм тілі" деген даңқты сөзі сол кезде қазақ сахарасына сәуледей тараған еді. Ол ағарту ісіндегі даңқты жолын 1882 жылы ауыл мектебінен бастады. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде мұғалімдік қызмет атқарып, 1909 жылы саяси көзқарасы үшін Семей түрмесіне жабылып, жер аударылды. 1918-19 жылдары Алаш Орда қатарында Әлихан Бөкейханмен тізе қосып, қазақты өркениет көшіне сүйреді. 1919 жылы Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалып, 1922-25 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі ретінде қызмет істеді. 1925-29 жылдары Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. 1929 жылдың маусымында қамауға алынып, Архангельск облысына жер аударылды. 1934 жылы Максим Горькийдің зайыбы Екатерина Пешкованың қолдаухатымен босатылып, Томскіде айдауда жүрген жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралады. 1937 жылы тамыз айында қайта қамауға алынып, 8 желтоқсанда «Халық жауы» деген жаламен атылды. Оның ардақты есімі тек 1988 жылы ғана ақталды… Ахаң туралы толғар болсақ, оның түпсіз терең, шексіз кең, болжаусыз биік екенін түйсінер едік. Ал бұл ахметтану ісінің алдында әлі үлкен мұраттар тұрғанын айғақтайтын секілді.
Келер жылы Ахаңның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілмек.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓