Ел үміті зор

Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы 2021-2022 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келіп, елдің ерекше назарын аударды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Президент бүгін елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын жариялады.
Бүгінгі жолдауда, Мемлекет басшысы, елдің экономикасына тоқтала келе, «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының көлемі кемінде 1 трлн теңге болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде бюджеттік , мемлекеттік қаржыны басқарудың ережелер жиынтығы қажет екенін айтты және жыл соңына дейін осындай тұжырымдаманы әзірлеу туралы Үкіметке тапсырма берді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, еліміздегі азық-түліктің бағасының негізсіз өсуін сынға алды. Бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру үшін, Үкіметке 1 айдың ішінде шешім қабылдауды тапсырды.
Баяндама барысында Президент қос палатаның депутаттарына заң жобаларының дайындалуына үлкен мән беру керектігін, әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау керек екенін айтты. «Сіздер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіссіздер», — деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – аграрлық салада субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуы тиіс. «Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек» деп айтылды  биылғы Жолдауда.
Сөз соңында, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты капиталы — халық екенін, бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.
Президент Жолдауының орындалуына қатысты жүрегі елім деп соққан әр азаматқа зор сенім арта отырып, татулық пен тұрақтылықты негізге алып, айнымас қағидамызға айналған асыл қасиеттерімізден айнымай, ортақ шаңырағымыз – Қазақстанды өркендетуге үлес қосуға шақырды.
Иə, Президентіміздің алға қойған мақсаты көп. Сол халық игілігі үшін құрылған ірі жоспарларының орындалуына өз басым шын жүректен тілектеспін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қырмызы Жаңбыршина,
«Еуразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының директоры,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓