Қыш құю шеберi

Қыштан бұйым жасау – көне кәсіп. Бүгінде бұл іспен айналысатындар көп емес. Сол аздың бірі – Малика Ысқақова. Жас шеберден көзешілік өнердің қыр-сыры туралы сұрадық. Малика Ысқақова – Нұр-Сұлтан қаласының тумасы. Елордадағы ЖОО-ның бірінде халықаралық құқық факультетін тәмамдаған. Былтыр біздің өңірдің жігітіне тұрмысқа шығып, Қостанайда бұрын-соңды болмаған қыш бұйымдарын жасайтын шеберхана ашқан. Ол елордада пайда болған жоспарының Қостанайда жүзеге асқанын айтады. Бүгінде жас керамист жеке шеберханасында Тобыл тұрғындарын таңсық өнермен таныстыру мақсатында арнайы шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, саз балшықтан түрлі заттарды жасауды көпшілік қауымға үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. – Шеберханамыз қаңтар айында ашылды. Бұл шаруаға шамамен бір айға жуық уақыт кетті. Құрал-жабдықтар сатып алуға 4,5 млн теңге қаржы жұмсалды. Қыш құмыраларды кептіруге арналған пештің өзі 3 млн теңге тұрады. Шикізат та шетелдікі. Балшықты Испаниядан алдырамын. Сондықтан жасалған бұйымның сапасы да, бағасы да жоғары болады. Жасаған затты пешке салып күйдіруге бір күн кетеді. Пештен шығарғаннан кейін, арнайы бояумен бояймыз, – дейді шебер. Бақсақ, құмыра жасаудың технологиялық тәсілдері әртүрлі болып келеді екен. Малика қолмен мүсіндеумен және қышқа арналған шеңбермен жұмыс істейді. Шеберхананың ашылғанына көп уақыт өтпегенімен, жергілікті тұрғындар тарапынан, ақылы болса да, шеберлік сабағына қатыссам деген өтімдер көптеп түсуде. Алдын ала жазылып жатқандар аз емес. Жастар да, ересектер де өнердің осы түрін меңгеруге ынта білдіруде. "Өзіме ұнайтын ісім әжептәуір табыс әкелуде", – дейді кәсіптің көзін тапқан Малика. Көнеден жеткен мұраны жалғастырып жүрген жас мүсінші Малика Мүслімқызының кәсібіне сәттілік тілейміз.
Әсел ҚИБАШ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓