Студенттер үшін сабақ дәстүрлі түрде болады

Бірінші қыркүйектен бастап А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері оффлайн түрде оқуды бастайды. Бұл туралы оқу орнының ректоры А.Дощанова журналистермен өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
— Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов пен Денсаулық сақтау министрі барлық мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері үшін 2021-2022 оқу жылы офлайн, яғни күндізгі форматта басталатынын айтты. Осыған сай біздің университет те осы оқу жылын дәстүрлі түрде бастайды. Әрине, сабаққа келіп, білім алғанға ештеңе жетпейді. Осы күнге де жеттік. Елдегі жағдайға орай бәрі де онлайн болды, интернетке телмірдік. Десе де студенттерге барынша білім бердік. Енді біздің жастар оқу орнына келіп, сабаққа қатыса алады, — деді ректор.
Университет оқу процесін ұйымдастыра отырып, білім алушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында вакцинация рәсімінен толығымен өтті деуге де болады. Университет білім алушылардың жатақханаларда, оқу процесінде, бос уақытында кампустар аумағында санитарлық шаралар қатаң сақталатынына кепілдік береді. Сондай-ақ, барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына дайындық жүргізілген.
— Оқу корпустары мен жатақханалар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Дәліздер дезинфекцияланған, арнайы кілемшелермен жабдықталған, әр жерде санитайзерлер орнатылған. Барлық корпустарға, кітапханаларға, жатақханаларға кіру тәртібі қатаң түрде "Ashyq" жүйесі арқылы жүзеге асатын болады. Сканерлеген кезде "Ashyq" жүйесінде "жасыл" немесе "көк" арнайы QR-коды болуы қажет. Жатақханаға орналасу үшін инфекция жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында студенттер "Жасыл" мәртебеге ие болуы тиіс, 18 жасқа толмаған немесе медициналық қарсы көрсетілімдері болса, вакцинацияланған болуы тиіс. Білім алушылардан covid-19-ға теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеудің болуы талап етілмейді. Өтініштерді қабылдау және білім алушыларды жатақханаға орналастыру рәсімі онлайн режимде жүзеге асырылады, — деп түсіндірді А.Дощанова.
Дәрістер онлайн түрде өтсе, қолданбалы сипаттағы семинар, зертханалық және практикалық сабақтар санитарлық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып офлайн болады. Инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында сабақтардың басталуы әр түрлі уақытқа қойылған. Дене шынықтыру сабақтарын қоспағанда, барлық ғимараттарда, аудиторияларда маска режимін қатаң сақталады. 50-ден астам адамның қатысуымен мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Студенттер арасында ауру анықталған жағдайда жатақханаларда изолятор бөлмелері жабдықталған. Егер академиялық топтарда ауырып қалған студенттер анықталса, аталған топтарды онлайн оқытуға көшіру қарастырылған (карантин кезеңінде – 14 күн).
— Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бірінші кезектегі міндет және оқу жылының дәстүрлі форматта басталуының негізгі шарты болып отыр. Бірақ бәрі де ерікті түрде өтеді. Қазіргі уақытта университет өз студенттерін қабылдауға толық дайын, — дейді оқу орнының басшылығы.
 
Айтолқын Айқадамова

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓