Аймақ басшысы спорт нысандарын аралады

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Қостанай облысы бұқаралық спортты дамыту және балаларға арналған спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоғары көрсеткіштермен атап өтуде. Бұл туралы және жалпы бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қостанай облысының әкімі спорт ардагерлері және облыстың азаматтық белсенділерімен бірге спорт нысандарын инспекциялық аралау барысында айтып берді.
    Жалпы, халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда қолданыстағы инфрақұрылым айқындайды.
    Соңғы 3 жылда спорт нысандарының саны 121 бірлікке артып, 2566 нысанды құрап отыр.
    Нәтижесінде, халықтың 33,7%-ы, яғни 290,6 мың тұрғын бұқаралық спортпен қамтылған (2018 жылға қарай 4,7% — ға өскен), демек, облыстың әрбір үшінші тұрғыны спортпен шұғылдануда.
  — Бүгінде 8,7 мың спорт секциясының жұмысы ұйымдастырылған, онда облыстың 152,6 мың тұрғыны шұғылданады, оның ішінде ауылдық жерлерде 80,6 мың адамды қамтитын 5,1 мың секция құрылған, — деп айтып өтті өз сөзінде Архимед Мұхамбетов.
            Өңірде спортқа қолжетімділікті арттыру бойынша маңызды жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, Жітіқара қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, Лисаков қаласы мен Алтынсарин ауданының Силантьев ауылында, Қамысты ауданының Қамысты ауылында және Жанкелдин ауданының Торғай ауылында стадиондар қайта жаңартылды, облыстың 7 ауданында (Жангелдин, Денисов, Амангелді, Қарабалық, Қарасу, Меңдіқара, Қостанай) стадиондардың футбол алаңдары жөнделіп, орналастырылды, 4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (Сарыкөл, Ұзынкөл, Рудный, Қостанай) және Арқалық стадионының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қостанай қаласында шағын  аудандар тұрғындары үшін жабық футбол манежі, «Қостанай» спорттық-ойын-сауық кешені сынды қолжетімді бірнеше ірі спорт объектілері пайдалануға берілді.
Бокс мектебі мен жасанды және табиғи футбол алаңдары бар футбол академиясы ашылды.
Олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі басшысының міндетін атқарушы  Сәлім Атығаев мұнда 120 дан астам баланың бокспен шұғылданып жатқанын айтады:
 -Жалпы балалардың  боксқа деген құлшынысы артып келеді. Спортпен шұғылданушылардың саны бұрынғыдан екі есеге көбейді. Барлығы замануи жабдықтармен жабдықталған. Мұндай кешен елімізде санаулы ғана, — дейді Сәлім Атығаев.
    Гашек көшесі, 1/1 мекен-жайында жаңа шаңғы базасы қолданысқа енгізілді, оның материалдық-техникалық базасы барлық заманауи стандарттарға сәйкес келеді.
     Қаланың жаңа шағын аудандарының салынып жатқан тұрғын үй аулаларында да міндетті түрде спорт алаңдары орнатылады. Айта кетсек, облыс бойынша жасанды жабындысы бар 85 спорт алаңы, оның ішінде Қостанай қаласында 45 алаң салынған.
Ағымдағы жылы Солтүстік-батыс шағын ауданында 50 метрлік бассейн мен Юбилейный шағын ауданында 2500 көрерменге арналған мұз сарайының құрылысы аяқталмақ.
   Мұндай мамандандырылған кешендердің құрылысы бірқатар жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Спорт секцияларында 70 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп оқушылары, яғни оқушылардың 64,1%-ы тегін жаттыға алады. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын 32 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 29 аула клубы өз жұмысын жүзеге асыруда.
   Жаңа нысандарды пайдалануға беру жүзу, триатлон мен президенттік көпсайыс, шорт-трек, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және конькимен жүгіру спорты сияқты спорт түрлерімен айналысатындардың санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
   -Жалпы өңірімізде түрлі спортты дамытуға арналған кешен, алаңдар салынуда. Бүгін біз соның бірқатарын аралап көрдік. Елімізде бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалуда, – дейді спорт ардагері Өзбек Қазин.
    Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл облыста мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асырылуда. Осы тегін сабақтардың арқасында қосымша 2 мыңнан астам бала қамтамасыз етілмек. Бұдан әрі мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға арналған қаржыландыру деңгейі ұлғаятын болады.
2025 жылға қарай облыс тұрғындарының кемінде 45%-ын спортпен қамту жоспарда бар.

Шұға Қоңқабай

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓