Ескертуді елер емес

Қостанайда карантин талаптарын қасақана бұзушылар қатары әлі кемімей келеді. Әсіресе, той-томалақтардың сирер түрі жоқ. Осыған байланысты мониторинг тобы жұмысты жаңаша алгоритммен жалғастыра бастады.
Қауіптің «қызыл» белдеуінде тұрып, қызық-тойға тоқтау сала алмай отырған облыс Қостанай ғана емес. Әйткенмен, ескертуді елең қылмайтын енжарлардың кесірінен кесел бізде де бет бақтырмай тұр. «Тәжді» індет соңғы тәулікте 297 адамнан табылып, аймақ үшін антирекорд қойылды. Обал нешік, кері статистиканы кеміту жолындағы күрес те бір сәтке бәсеңсіген жоқ. Өңірдегі мониторинг тобы да тыным білмей жұмыс істеп келеді. Бұлар талай «тығылмақ» тойдың, көптеген жасырын жиынның төбесінен түсіп, нысанды жалға беруші қаншама кәсіпкерге хаттама толтырды. Ендігі жерде топ өкілдері бұрынғыдай ғимарат басшысын ғана емес, қуаныш иелерін және тойшыл қауымды жекелей сұраққа алып, тәртіпке шақыруға құқылы. Сондай-ақ, облыс әкімі ұсынған жаңа алгоритм бойынша, карантин талаптарын қасақана жиі бұзатын нысандардың алдын күні бойы күзетке алуға рұқсат бар.
Өткен демалыс күндері кезекті рейд ұйымдастырған топ өкілдерінің мәліметінше, облыс орталығында 33 тойхана шектеу шараларына шекеден қарап отырған көрінеді. Атап айтқанда, «Сұлтан» сарайы, «Статус», «Тобыл», «Медеу», «Астам», «Ралина», «Ханзада», «Поместье», «Паллацо», «Гранд вояж», «Блюз» сынды көптеген ірі мейрамхана ескертулерді елемей, есіктерін "есінетіп" қоюды ерсі көрмейтін болып алған.
«Мониторинг топтары анықтаған тәртіп бұзушылардың сыртында, 109 желісіне қаулы талаптарына қайшы әрекеттерге куәгер болған азаматтар тарапынан қоңыраулар түседі. Біз осы бойынша да үздіксіз рейдтер жүргізудеміз. Әсіресе, «Тарантино», «ХЗ», «Облака», «Бруклин», «Шерлок Холмс» сынды түнгі ойын-сауық мекемелері, кальян шегу нысандары бірнеше рет тұтылғандарымен, қызметін қасақана тоқтатпай келеді. Біз де күресті тоқтатпаймыз. Оларға материалдар дайындап, сотқа жолдаймыз», — дейді Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Эмилия Таукенова.
Мониторинг топ өкілдері Қостанайдың әр тарабына екі-үшеуден бөлініп, күдік тізіміне іліккен нысандарда шектеу шараларының қатаң сақталуын қадағалады. Қандай да бір нысанда іс-шараның басталуына, банкет залына қонақтардың кіруіне тыйым салу үшін жергілікті полиция қызметкерлері жұмыс істеді. Қаулы талабын орындаудан бас тартқандарға жаппай әкімшілік жаза тағайындалатыны ескертілді.
Айта кетейік, керісінше, "Атамекен" ҰКП "Ашық" жүйесін қолданатын мейрамханаларда той жасауға рұқсат беруді ұсынды. Палатаның алға тартуынша, қосымша арқылы "жасыл" статусы бар адамдардың санын 100-ден асырмай, мерейлі және ас жиындарын өткізуге болады. "Өйткені мұнымен жартылай локдаун енгізіп отырып күресу, өкінішке қарай, еш нәтиже бермейді", — деген пікір айтты ҰҚП. Бұл ұсыныс назарға алына ма, жоқ па, жоғарғы жақтан қандай пікір айтылуы мүмкін – ол жағы әзірге беймәлім. 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓