Жеті айдағы жетістіктер аз емес

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бейнеконференция режимінде облыстық мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады. Жоспарлы жұмыстардың жыл басынан тамыз айына дейінгі есебін жария етті.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, Тобыл-Торғай өңірі әр сала бойынша жақсы көрсеткіштерге ие. Әсіресе, экономикасы нығайып келеді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 10,2%-ке, ауыл шаруашылығы өнімділігі 2,7%-ке өскен. Құрылыс қарқыны 10,7%-ке артып, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 14,6%-ке жеткен. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 11%;-ке тең.    
"Пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары өндіретін өнімнің көлемі ұлғайды, нәтижесінде өсім 10,2% құрады,1 276,3 млрд теңгеге өнім өндірілді, — деп баяндады облыс әкімі өз есебінде. — Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 15,1% өсімді қамтамасыз етті. Жыл басынан бері тек машина жасау өндірісі 25,4%-ке ұлғайды".
Қостанай экономикасының қуаты саналатын Автомобиль жасау саласында өндіріс көлемі артқанның үстіне артып келеді. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жыл басынан бері 28,7 мың техника өндірген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47,0%-ға артық көлем. Ал, жалпы, 2021 жылға арналған жоспар бойынша 60 мың көлік шығару көзделген. Олардың 18 мыңға жуығы экспортқа жіберілмек.
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта кәсіпорын «KIA» маркалы автомобильдердің 9 моделін шығаруда. Ал 2022 жылдан бастап желіні 12 модельге дейін көбейту жоспарда. Атап айтқанда, «Kia Stinger», «KIA Carnival», «Kia K900» маркаларымен толықпақ. Сондай-ақ, шілде айында LADA («Niva Travel», «Niva 4×4», «Vesta», «X-RAY» «Largus», «Granta») және «Renault» («Arkana», «Kaptur», «Duster») көліктерін құрастыру қолға алынғаны да көпке белгілі ақпарат. Мұның үстіне, аймақ басшысы «Агромашхолдинг KZ» АҚ-ның осы жылдың наурыз айынан бастап Оқшаулау орталығы салынып жатқаны туралы кең мағлұмат берді.
"Жоба құны 12,6 млрд теңгеден асады. Орталық 450 адамды жұмыспен қамтымақ. Қазірдің өзінде 106 жұмыс орны құрылған, — деді А.Мұхамбетов. — Нысан алаңының көлемі – 34,7 мың шаршы метр. Оның 27,4 мың шаршы метрі акуыл шаруашылығы және автомобиль техникасы бөлшектерінің өнідірісіне арналмақ. Ал қалған ауқымда оқыту орталығы, асхана және 66 орындық жатақханадан тұратын әкімшілік-тұрмыстық кешен орналасады".
Аймақ басшысы осы орталықта қызметтес болғысы келетін компанияларды шақырады. Мәселен, италиялық «SDF Group» компаниясымен келісім жасалып, өндіріс алаңында «DEUTZ — FAHR» тракторлары мен комбайндарын шығару жоспарға қойылып отыр. Австриялық "Петингер" компаниясы, Петербург трактор зауыты және белорустық "Гомсельмаш" компаниясы әріптес болуға ниет білдірді.
Онымен қоса, ресейлік "Камаз" компаниясымен ортақ жоба аясында өткен жылдан бері шойын құю зауытының салынып жатқаны да айтылды. Оның жылдық қуаты – 40 мың тонна. Жоба құны – 77,9 млрд теңге. 300 жұмыс орны құрылмақ.
"Тағы бір айта кетерлігі, "КАМАЗ" компаниясымен әріптестік өндіріспен ғана шектелмейді, біз мұнымен қоса машина құрау саласын мамандармен қамту ісін қолға алдық. Қостанай автомобиль колледжінде 5 арнайы мамандық ашылды. Мұнда қазір 125 студент оқып жатыр. Сондай-ақ, Қостанай өңірлік университеті қабырғасында "Машина құрастыру" мамандығы бойынша да кадрлар даярлануда", — деп толықтырды аймақ басшысы.
Жалпы, облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аз емес. Айталық, Қостанай ауданында "Ыбырай" аталатын жел электр станциясы салынып жатыр. Тәуліктік қуаты 50 МВт болмақ. Бұл бірегей жобаның құны – 26,3 млрд теңге. Бұл қатарға Қостанай қаласында іске қосылатын ірі ет өңдеу кешенін қосыңыз. «BEEF EXPORT GROUP» ЖШ жылына 20 мың тоннаға дейін ет өңдеуге қауқарлы болмақ. Ал Арқалық қаласында бидай өңдеу кешені салынып жатыр. Мұның құрамына сыйымдылығы 20 мың тонна бидай сақтауға мүмкіндік беретін элеватор, сағатына 15 тонна өнім беретін құрама жем зауыты кірмек. Сонымен қатар, Қостанайдағы Индустриялық аймақта істен шыққан ауыл шаруашылығы техникаларын утильдеу зауытының құрылысы жүруде. Бұл аймаққа арнайы коммерциялық техникалар және қондырмалар өндірісі жобасын іске асыру үшін ресейлік "Луидор" компаниясы тартылғанын да облыс әкімі тілге тиек етті.
"Мен тоқталып өткен жобалардың барлығы да тізімге алынған 80 инвестициялық жобаның қатарында, — деп баяндады А.Мұхамбетов. — Таяу жылдар жоспарына сәйкес, бұл жобалардың бүкілін жүзеге асыруға 2 трлн теңге жұмсалып, 6 мыңға тарта жұмыс орны құрылады. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында жыл басынан 1 тамызға дейін 1 116 жоба қолдау тапқан".
Оның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында жыл басынан бері облыс қалаларында жалпы сомасы 416,1 млн теңге болатын 48 жоба мақұлданған. Ал "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша, "Бастау Бизнес" жобасы түлектерін шағын несиемен қамтуға биыл 1 млрд теңге бөлініпті. "Қарапайым заттар экономикасы" аясында 2019 жылдан осы күнге дейін 359 жоба жария етіліп, оның 304-і мақұлданған. Бұлардың жалпы құны 50,9 млрд теңгеге шақ. 
Астықты аймақтың АӨК-не осы жылы 38 млрд теңге бағытталыпты. Уақытылы қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын қолайлы мерзімде өткізуге, егін баптауға және орақ науқанына дайындалуға мүмкіндік бергенін айтады облыс әкімі.
"Облыстың жалпы егістік алқабы 5,2 млн гектарға тең. Бидай және бидай-бұршақты дақылдар алқабы 4,1 млн, майлы дақылдар 607,4 мығ гектарға егілді. Тұқым себу жұмыстары агротехникалық талаптар сақтала отырып жүргізілгенімен, ауа райы науқан басынан-ақ жайсыз болды. Мамыр айында тсүкін жауын-шашын көлемі 8,2 мм, маусымда 10,3 мм ғана болды, яғни қажетті көлемнен үш есеге дейін аз. Осы кезеңдерде сынап бағанасы 30-40 градустан түскен жоқ", — деп тәптіштеді аймақ басшысы.
Ол келтірген болжам бойынша, бидай шығымы облыс бойынша орта есеппен центнеріне 6,4 гектардан келуі мүмкін. Дәл қазіргі уақытта облыста 395 мың гектар алқап орылған. Бұл 3,4 ц/га шығыммен есептегендегі егін алқабының 9,7%-і. Жалпы, орақ маусымына 22,6 мың трактор, 9 мың комбайн, 3 мың ору техникасы, 8 мыңнан астам жүк көлігі жұмылдырылады. 76 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанар-жағар майдан тапшылық жоқ. Тек осы жылы шығым көлемі шығын деңгейіне сәйкес келмейін деп тұр.
Ал мал басы санының өсімі байқалады. Сондай-ақ, ет өндірісі де былтырғыдан 5,4%-ке, сүт өндірісі 2,3%-ке өскен. Облыс бойынша мал азығына сұраныс көлемі 1,1 млн тоннаға тең. Қазіргі уақытта 1,0 млн тонна шөп шабылып, 90 мың тонна пішен дайындалған. Бұл –қажетті көлемнің 94%-і жиналды деген сөз.  Облыста мал азығын дайындауға арналған 150 мың га шөп шабу алқабы бар екен. Оның үстіне өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптесін өсімдік танаптары 337 мың гектарға жетеді. Егілген жем-шөп дақылдары алқабының көлемі – 219 мың га.
"Қолайсыз ауа райы мен пішен шығымының төмендігіне байланысты, жем-шөп бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге субсидия бөлінді. Аудандарда осы мәселені бақылауда ұстайтын арнайы штабтар жұмыс істейді", — дейді облыс әкімі.
А.Мұхамбетов жыл басынан бері ет өнімдері экспорты 1,7 есеге, ұн экспорты 26%, бидай дақылдары 20%-ке, сүт өнімдерін сырт елдерге саудалау 16%-ке өскенін айта өтті. Аймақ басшысы ақпаратынша, республика бойынша азық-түлік өнімдері экспорты көлемі жөнінен екінші орында тұрмыз.
Көлік инфрақұрылымын одан ары дамыту үшін биыл 35,5 млрд теңге қарастырылды. Жоспарға сәйкес, облыста 316 шақырым автожолды қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, елді мекендерде 264 көше учаскесін жөндеуге 7,6  млрд теңге жұмсалмақ.
"Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында құны 11,6 млрд теңге болатын 17 жоба бойынша 221 км жол жөндеу жоспарға алынған. Қазір 17  нысанда құрылыс-монтаж жұрыстары жүргізілуде. Оның 14-і осы жылы аяқталуы тиіс", — дей келіп, А.Мұхамбетов "Кәріс көпірі" нысаны жұмысына жекелей тоқтала кетті.
Биыл 20 ауылда 47 жобаны іске асыруға "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы аясында 6,5 млрд теңге бөлінген. Бүгіндері ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 13 жоба жұмысы аяқталды. Тағы 12 жоба іске асырылу үстінде.
Облыс әкімі өз есебінде ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары да белсенді жүріп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда орталықтандырылған сумен 188 ауыл қамтылған. Бұл – облыстағы ауыл тұрғындарының 64,7%-і.
"Осы жылы "Нұрлы жер", "Аймақтарды дамыту", "Ауыл – Ел бесігі" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары аясында 50 жобаны жүзеге асыруға 16 млрд теңге бөлінді. Алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне 5,1 мың тұрғыны бар 7 ауыл қосылды. Сондай-ақ, 4,5 мың тұрғыны бар 11 ауылға тазарту және су тарату құрылғылары орнатылды. Тасымалданатын суды тарату нысаны 26,9 мың халық тұратын 104 ауылда салу көзделген, оның 98-і орнатылған, 56-ның игілігін тұрғындар көре бастады",- дейді Архимед Бегежанұлы.
Бұған қоса, жалпы саны 28,2 мың адамды қамтитын 15 ауылда сумен қамту жүйелерін жақсарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
Мұның сыртында арқалық қаласындағы жылу-энергетикалық орталығының құрылысы жайында да халық қалаулыларына егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Биыл қазан айынан бастап көмірмен жылытуға көшетін нысан, жыл сайын 1,5 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашпақ.
Ал 2021 жылы газдандыру жұмыстарын жалғастыруға 2,1 млрд теңге бағытталған. Бұл қаржыға Қостанай ауданының Шеминов, Озерное ауылдарын, Қамысты ауданының Алтынсарин және Федоров ауданының Копычен ауылын газдандыру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, Қамысты-Алтынсарин және Әулиекөл-Құсмұрын газ желілері құрылысы жалғасады.
 
Биыл құрылыс көлемі 10,7%-ке артып, 67,6 млрд теңгеге тең келді. Жыл басынан бері 238,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. 1724 пәтер өз иесін тапты. Жыл соңына дейін 449 мың шаршы метр тапсырылмақ немесе 4,5 мың пәтердің кілті үлестіріледі. 
"Әуежай, Юбилейный шағын аудандары құрылысы аяқталып келеді және Қонай, Береке аудандарын салу жұмыстары жалғасуда. Айта кету керек, тұрмысы төмен отбасыларға 72 баспана сатып алу үшін республика бюджетінен 758,5 млн бөлінді", — дейді әкім.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй алу тұрғысына келсек, биыл 22 көп қабатты үй құрылысы аяқталады. Жыл басынан бері кредиттік тұрғын үй бойынша 1461 пәтер берілген.
Архимед Мұхамбетов облыстағы эпидемиялық ахуал туралы да жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, пандемия басталғалы өңірде 25 506 адам індет жұқтырған. Есепті күнгі мәлімет бойынша, 264 адамнан кесел табылған. Облыста қазіргі уақытта 22 стационарда 2035 инфекциялық төсек-орын қарастырылған, мұнда қазіргі таңда 1019 адам емделіп жатыр. Аса қажет болған жағдайда орындар санын 3 мыңға дейін жеткізерлік мүмкіндік бар екенін айтады аймақ басшысы. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 384 өкпені жасанды желдету аппараты бар көрінеді.
"Облыс дәріханалары мен стационарларында дәрі-дәрмектер мен жеке бас қорғанышына арналған заттардың екі айлық қоры бар. Карантин шараларын қадағалау мақсатында мониторинг топтары 1 қаңтардан бастап 11050 рейд өткізіп, 890 ережебұзушылықты анықтады. Вакциналау жұмыстары 181 стационарлық және жылжымалы екпе пунктерінде жүргізілуде", — деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда екпенің бірінші компонентін 281 175, екіншісін 219 589 адам алған. Иммундау шараларына 426 медицина маманы жұмылдырылыпты. 6 зертханада Ковидке тәулігіне 2 500 зерттеу жүргізілуде екен. Аймақ басшысы облыс орталығында көпбейінді аурухана салу жоспарда барын айтты. 400 орындық нысанең заманауи медициналық техникамен қамтылмақ. Сондай-ақ, облыста 9 медициналық нысанда күрделі жөндеуден өтіп, 17 мекемеге ағымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облысқа дәрігерлер тарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл 2021 жылғы түлектер тамыз айынан келе бастамақ. Былтыр өңірге 186 дәрігер келген.
"Естеріңізде болса, 2019 жылы біз "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ-мен Қостанай облысының 350 медицина қызметкеріне 3 жыл ішінде жалдамалы үй сатып алу туралы келісім жасаған едік. Осы жылдың басында 54 маманға пәтер кілті берілді, соңына дейін тағы 100 дәрігер баспана алмақ", — деді А.Мұхамбетов.
Осы жылы "Еңбек" бағдарламасын іске асыруға 9,5 млрд теңге қарастырылған. 7 ай бедерінде жұмыспен қамту шараларымен 18,6 мың адам қамтылыпты. 15 мың жұмыс орны құрылса, оның 9 513-і тұрақты. "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан 10 жоба арқасында 194 адам қос қолға бір күрек ұстаған. Барлығы аяқталған соң 541 тұрақты жұмыс орны пайда болады.
Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 17 249 мұқтаж азаматқа төленген. Жалпы сома – 814,2 млн теңге.
Әр жыл сайын ерекше назар аударылатын салалардың бірі – білім саласына биыл 127,1 млрд теңге бөлінді. Бұл – былтырғыдан 10,2%-ке артық сома.
"Қазіргі уақытта Қостанай қаласындағы Қонай және Береке шағын аудандарында 900 және 980 орындық жалпы білім беретін, сондай-ақ Қарабалық ауданында мемлекеттік тілде білім беретін 320 орындық орта мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, Қарасу ауданында мемлекеттік тілдегі 320 орындық мектептің құрылысы аяқталу алдында, — деп ақпар берді А.Мұхамбетов. — Облыстық бюджеттен 18 білім мекемесінің күрделі жөндеуіне 4,1 млрд, 50 нысанның ағымдық жөндеу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлінді."
Мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйесімен қамту толықтай шешімін тапқан. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында облыстың барлық 489 мектебі жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Соңғы екі жылда меценаттардың демеу болуымен облыс көлемінде 76 ІТ-сынып және 34 робот құрастыру кабинеті ашылыпты. "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында Қостанай қаласында 2 студенттер жатақханасы пайдалануға берілгенін де айтты аймақ басшысы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓