Моңғолия қазақтары: «Жаппай екпе алып жатырмыз»

COVID-19 індетіне қарсы вакцина салдыру біздің елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де аса қарқынмен жүзеге асырылып жатыр. 2020 жылдың қаңтар айында шекарасын тарс жауып алған Моңғол Республикасы жылдан астам коронавирустың таралуын қатаң қадағалап отырса да, биылғы көктемнен бастап инфекция жеңбей қоймады. Небары үш миллионнан асатын халқы бар бұл мемлекетте қазір ауру жұқтырғандар саны 140 мыңнан асып барады.
Моңғолия халқының тең жарымынан астамы вакцина салдырған. Біз аталған елде тұратын қандастарымызбен байланысқа шығып, екпе алу науқанының қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білген едік.
 
Нұрсәуле Можақызы,
Налайх қаласының тұрғыны:
– Індеттен кісі өлімі азаймай тұр. Негізінен қарт адамдар кетіп жатыр. Карантиндік шектеулер күшейтілген. Былтырдан бері Қазақстанда енгізілген сақтықты күшейту амалдары біздің елде де енгізілген. Имам-молдалар қайтыс болған адамның үйіне жиналмау, ас-садақасын бермеу туралы пәтуаны мықтап қолға алған. Ал жайлауда тұратын шешем мен ағаларым бие байлайды. Қолдарында ірілі-ұсақты мал бар. Қымыз ішіп, қой-ешкінің етін жеп, сақтанып отыр. Өзіміз шетімізден вакцинаның екі компонентін салдырып алдық. Сонда да карантин талаптарын қатаң ұстанудамыз.
 
Айдын Баян,
Моңғолия тұрғыны:
– Ұлан-Батыр қаласында жұмыс істеп жүрдім. Қазір Бай-Өлкедегі үйіме келдім. Елде КВИ-дің таралуы қарқын алып барады. Қорғану амалдары, шектеу, сақтық шаралары барынша күшейтілген. Шекараның әзірге ашылатын түрі жоқ. Бізде адамдардың көбі үш рет вакцина алуда. Себебі, екі компоненті кейбіреуіне көмектеспейді екен. Өзім екпенің барлық компонентін салдырғанмын. Бұл жақта негізінен қытай, үнді, АҚШ вакциналары кең таралған. Азаматтардың екпе алу белсенділігі өте жоғары.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓