Қыста қысылмас үшін

Биыл көктемде қар тез еріп кетіп, шабындық пен жайылымдық жерлер сусыз қалды. Ал, сәуір айынан бері топыраққа ылғал түсіп жарытпады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, сәуірде 6б9 мм, мамыр айында 8,2 мм, маусымда 10,3 мм, шілдеде 14-29,9 мм жауын жауған. Осы кезеңдерде ауаның жоғары температуралық режимі, құрғақ жел, ылғалдың өткір тапшылығы байқалды. Бұл дақылдардың, табиғи шабындықтардың, жайылымдардың және егілген шөптердің жағдайына айтарлықтай әсер етті. "Осыған байланысты осы жылдың 20 мамырында аудан әкімдерімен халықтың және өндірістік сектордың мал басының қажеттілігін өтеу үшін толық көлемде шөп дайындау, жемшөп дақылдарының егіс алқаптарының үлесін ұлғайту (2021 жылы – 210,9 мың га, 2020 жылы – 77,3 мың га), шөп шабу бригадаларын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Барлық санаттағы жерлерге, соның ішінде көпжылдық шөптер алқабынан, шабындықтардан, су қоймалары маңынан, орманды жерлерден шөп шабу туралы сөз болды", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.
Облыс басшыларының дабыл қағатындай жөні бар. Маусым, шілде айларындағы аптап ыстық, жерге бір түйір тамшы тамбауы шаруаларды біраз әбігерге салғаны анық. Қазіргі уақытта астықты өңірде шөп шығымы аса мәз емес. Гектарына шаққанда 1,5-тен 3,5 келіге әрең жетеді.
"Өңірде шөп шабу маусым айының ортасынан басталды. Мал азығын әзірлеуге барлық ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жеке шөп дайындаушылар және мүдделі жеке қосалқы шаруашылықтар тартылған. Облыс аудандарында мал басын толық көлемде азықпен қамтамасыз ету және мал басының төмендеуіне жол бермеу мәселесі бойынша штабтар құрылды", – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Шөп шабу науқаны қара көзге дейін, яғни, мал азығын толық қамтамасыз еткенше жалғаспақ. Сонымен қатар, күзгі жиын-терімнен кейін қосымша сабан, жем-шөп жиналып алынады. 2021 жылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша облыста 576,2 мың тонна шөп әзірленді. Бұл қажетті мал азығының 53,1%-не тең. Төрт түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін барлығы 1084,2 мың тонна шөп қажет. Аудандардың дені қажетті мал азығының 50%-тен астамын жинап алды. Мәселен, Қамысты ауданы – 71% немесе 26,3 мың тонна шөп шапты. Сарыкөл ауданында 67,6% немесе 31,8 мың тонна, Меңдіқара ауданында – 66,3% немесе 52,1 мың тонна, Қарасу ауданында – 64,8% немесе 33,4 мың тонна, Әулиекөл ауданында – 59,9% немесе 57,6 мың тонна, Ұзынкөл ауданында 59,7% немесе 25,5 мың тонна, Науырзым ауданында – 56,9% немесе 33,3 мың тонна, Федоров ауданында – 54,3% немесе 27,1 мың тонна, Қостанай ауданында – 53,6% немесе 44 мың тонна, Қарабалық ауданында – 52,1% немесе 27,6 мың тонна, Алтынсарин ауданында – 51% немесе 21 мың тонна мал азығы әзірленіп, қыстақтарға тасымалданды. Ал 50%-тен кем көрсеткіш мына аудандарға тән: Жанкелдин ауданында – 49,1% немесе 56,5 мың тонна, Аманкелді ауданында – 47% немесе 64,5 мың тонна, Арқалық қ. – 46,9% немесе 28 мың тонна, Жітіқара ауданында – 36,4% немесе 15 мың тонна, Б.Майлин ауданында – 35,9% немесе 14,6 мың тонна, Денисов ауданында – 33,8% немесе 17,9 мың тонна қысқы мал азығы әзірленген. Оныњ үстіне былтырдан қалған 56 мың тонна шөп бар. Мал баққан ағайын қайткен күнде бір қысқа толық жететін шөп дайындап алуға белін бекем буып отыр.
 
Әлібек Ыбырай

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓