Ұйымшылдықпен өтті

Бүгінгі ауылдық округ, ауыл, кент әкімдерін сайлау астықты өңірде ұйымшылдықпен өтті. Сол күні таңертеңгі 07.00-ден бастап  өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифингтер ұйымдастырылып, сайлау барысы  мен дауыс берушілердің белсенділігі туралы әрбір екі сағат сайын жаңа ақпараттар таратылды. Баспасөз мәслихатында облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әсия Дуанбаева сайлаудың негізгі ерекшелігі туралы жан-жақты айтып берді. Айтуынша, облыстағы жиырма үш ауылда, екі кентте, қырық ауылдық округте жүз жетпіс үш сайлау учаскесі жұмыс істеп, тұрғындардың еркін таңдау жасауына қолдау білдірген. «Сайлау бюллетеньдеріне барлығы 147 үміткер енгізілген. Барлық 173 сайлау учаскесінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының инструкциясына сай дауыс беру кабинеттері жасақталған. Барлық учаскеде кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар, комиссия құрамы, сот, прокуратура органдары телефон нөмірлері көрсетілген  қажетті ақпараттық стендтер,  учаскелік сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген дауыс беру кабинеттерінде сайлаушының өз-өзін ұстау қағидаттары туралы ережелер ілінген. Сайлау учаскелерінде КОВИД-19 коронавирус инфекциясының таратудың  алдын алу туралы қажетті шаралар қарастырылған. Барлық сайлаушыларды бүгін өтіп жатқан  кенттердің, ауылдық округтердің, ауыл  әкімдерінің сайлауына біркісідей қатысып, дауыс беруге шақырамын», — деді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әлия Дуанбаева ертеңгісін. 
Ал, түскі сағат 14.00-дегі жағдай бойынша облыста сайлаушылардың жалпы саны 63,7% болды. Яғни, сайлаушылар өз әкімдерін сайлап алуда аса  белсенділік танытты. Оған мына төменде келтірген сандар дәлел. Алтынсарин ауданында 63,0, Аманкелдіде – 63,1, Әулиекөлде — 59,5, Денисовте — 53,5, Жанкелдинде — 63,4, Жітіқарада — 66,2,Қамыстыда — 62,3, Қарабалықта – 65,8, Қарасуда – 64,4, Қостанай ауданында — 55,7,  Меңдіқарада – 68,3, Науырзымда – 63,6, Сарыкөлде – 74,4 , Б.Майлин ауданында – 62,3, Ұзынкөлде – 63,8, Федоровта – 67,6, Арқалықта – 63,7, Лисаковта – 62,1, Рудныйда – 66,8%  дауыс берді. Сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, кешкі  сағат 18.00-дегі жағдай бойынша облыс көлемінде 81,0% сайлаушы өз таңдауларын жасады.
Сағат 22.00-де баспасөз мәслихатына келген облыстық сайлау комиссиясының мүшесі кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін сайлау туралы толық мәліметті таратты.
-Жергілікті уақытпен сағат 20.00-де біздің облыстың барлық 173 сайлау учаскесінде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар үшін дауыс беру аяқталды. Сайлау өткізу кезеңінде 881 адам жұмыс істеді. Сайлау облыстың 168 елді мекенінде өткізілді. Дауыс беруді ұйымдастыру кезінде сайлау заңнамасының сақталуын 207 саяси партияның, 279 қоғамдық және коммерциялық емес ұйымның өкілдері бақылады. Сайлау учаскелеріне әкімдікке үміткерлердің 239 сенім білдірген өкілі  қатысты. Аумақтық сайлау комиссиялары сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуіне тұрақты мониторинг жүргізді. Ақпарат аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында орналастырылды. Сайлау комиссияларына өтініштер мен шағымдар түскен жоқ. Сайлау науқаны республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүріп жатыр. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүріп жатыр. Дауыстарды санау уақыты, Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, санау басталғаннан бастап 12 сағаттан аспауы керек. Облыста сайлаушылардың келуі 84,4 %-тен асты, — деді Әсия Дуанбаева.  Сайлау күні өңірдегі құқық қорғау органдары да қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға мейлінше күш жұмылдырды. Облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қыметінің басшысы Құрмет Мәжікенов бұл туралы айтып берді.
— ҚР ауылдық округтері мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын өткізуге байланысты облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жатыр. Бүгінде облыс бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға 800-ге жуық полиция қызметкері тартылды. Құқық бұзушылықтың алдын-алу, оның ішінде сайлау өткізу орындарында қосымша тергеу-жедел топтары құрылды. Жалпы, қазіргі уақытта облыста және сайлау учаскелерінде жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ, — деді жергілікті полиция қызметінің басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓