Өз ісіне адал жан

Дәрігер – ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Қай кезде болсын әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артады. Әсіресе қазіргідей күрделі кезеңде біздер дәрігердің қадірін білгендейміз. Мен білетін осындай ақ халатты абзал жанның бірі – Жібек Қалиасқарқызы. Бір қызығы, ол кісі алғашқы еңбек жолын 1991 жылы Аманкелді аудандық орталық ауруханасынан бастап, содан бері күні бүгінге дейін сол жерде 30 жыл еңбек етіп келеді екен. Неткен табандылық деймін. Мен сияқты мамандық таңдап жүрген түлектерге бұл үлгі емес пе.
 Дәрігер болу жауапкершілікті талап етеді.
«Бала күнімде ауылдық ауруханада кезекті қаралуға тұрақты түрде ата-анамыз тексеруге апарып тұратын. Есімді білгеннен бастап ауылдық ауруханада барған кезде жалғыз дәрігер А.Калиазовты көретінмін. Сол дәрігерге қатты қызығатынмын. Бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. Бір күні кезекті тексеріске анам ертіп апарыпты, сонда медбике дене қызуымды өлшеуге градусник қойып, оны ұмытып кетіпті. Градусник қалай түскенін өзім де білмеймін, аяқ киімнің ішіне түсіп аяғымды қатты жарақаттап алғаным бар. Сонда қатты жылап жатқанымда, дәрігер А.Калиазовтың аяғымды жақсылап таңып беріп, мені жұбатқаны есімде қалыпты. Сол дәрігердің балалармен сөйлескені, өзіне баурап алғаны қатты ұнайтын. Қазір дәрігер бола отырып түсінгенім баланың көңілін, тілін табу өте қиын. Бірақ сол дәрігер барлық баланың тілін де, көңілін де таба алатын. Содан қалған балалық шақтағы арманым қазіргі таңда орындалып отыр» дейді ол.
Өз мамандығына өмір бойы адал болып келе жатқан бұл кісі менің де өмірімді аман алып қалған еді. Мен сияқты бұл кісінің шарапатын көргендер аз емес-ау деймін. Жібек апай «Дәрігерде жауапкершілік аурухана есігін аттап бастағаннан-ақ болуы керек. Ұстаным мен тиянақтылық өз алдына, дәрігерде кең пейілді жүрек болуы қажет» дейді. Расымен де жылы сөздің жаныңды жадырататыны бар. Ол емнен де артық.
Жібек апайымыздың аудан үлесіне қосқан жетістігі аз емес. Тыңғылықты жұмысының арқасында ол «Астанаға 20 жыл», «Денсаулық ісінің үздігі» сынды мәртебелерімен қатар, облыс, аудан әкімдігінің құрмет грамоталарымен марапатталып жүр. Осы сияқты мамандар жастарға үлгі болса деймін. Өмірге арашашы болған дәрігерде қанша айтып, мадақтасақ та жарасады емес пе?!
Би-Фатима Ералханқызы,
Жаңауыл орта мектебінің түлегі.
Аманкелді ауданы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓