Елорда – ел мақтанышы

Осыдан жиырма үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мемлекет астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілді. Ол кезде Астана деген атау алған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шешімі болатын. 1999 жылы ЮНЕСКО елорданы «әлем қаласы» атады. 2012 жылы ТМД мен түркі әлемінің астанасы болып жарияланған. Ал, күллі әлем үшін Нұр-Сұлтан қаласы Еуропа мен Азияны байланыстыратын тарихи орталық саналады. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап, шілденің 6-сы елорда күні ретінде атап өтіледі. Аса маңызды мерекеге орай облыс тұрғындарының пікірін білген едік.
 
Абай ЖҮСІПОВ,
"Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының Қостанай облысы филиалының төрағасы:
– 2006 жылдан бастап, жыл сайын 6 шілде күні еліміздің бас қаласының туған күні тойланып келеді. Бүгінде еліміздің әрбір азаматы асқақ Нұр-Сұлтан қаласын мақтан тұтатыны анық. Бұл күн – елдігімізді ұлықтайтын ерекше мерекеге айналды. Біздің мақтанышымыз, Отанымыздың жүрегі – ару қаламыздың жұлдызы әрқашан жарық болсын! Бұл – отандастарымыздың ізгі үміттері ақталып, бақыт жолына бастайтын арман қала.
Құрметті қостанайлықтар сіздерді еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын!
 
Сания ШАРИПОВА,
Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейінің директоры:
– Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік саяси көшбасшылардың, серіктестер мен инвесторлардың, түрлі конфессиялар мен діндер, мәдениет пен өнер өкілдерінің кездесетін орны болып табылады. Бұл күндері елордамыз бүкіл елді нық жетелеп, жаңа өзгерістердің қозғаушысы, барлық жолдардың түйіскен орталығы болып, жаңа Қазақстанның басты брендіне айналды. Сондықтан да барша қазақстандықтар өз армандарын, үміті мен болашағын елордамен байланыстырады.
Қазір бас қаламыз ұлтымыздың өркендеуінің көрсеткішіне айналды. Қазақ мектептерінің саны артты, сапасы жақсарды. Білімге құштар жастар шоғырланған, әлемдік деңгейде білім беретін жоғары оқу орындары бар болашақтың қаласы.
Жарқын қаламыз одан әрі өркендей берсін, біз ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Қуанышқа толы мереке күні сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
 
Нұрымжан МИЛАҚАТОВ,
Қостанай облысы Жастарының «Алтын кітабының» лауреаты:
–Елорда күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы, қарышты дамуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Нұр-Сұлтан қаласының жыл өткен сайын жаңа биіктерге көтеріліп, сала-сала бойынша көшбасшылыққа ие болып келеді. Атаулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
 
Жалғасбек МАРАТОВ,
Қарасу ауданының ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты:
– Барлық қазақстандықтарды мемлекеттік мереке – Елорда күнімен құттықтаймын! Бұл жай ғана мемлекеттік және жалпыұлттық мереке емес, бұл Қазақстанның әр азаматы үшін салтанатты оқиға. Бүгінгі күні құрамы жағынан көпұлтты елорда Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын, оның таңдаулы болашаққа талпынысын паш етеді.
Ел астанасын Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Осы тамаша күні Нұр-Сұлтан қаласының барлық тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен береке тілеймін.
 
Мейрамбек БЕЙСЕНБЕК,
«Жалын» Жангелдин аудандық Жастар ұйымы» ҚБ төрағасы:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та болса бас қаласы қалыптасты. Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған ел астанасы жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз.
Қзіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Асқақтай бер Ару қала! Мереке құтты болсын!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓