Субсидиялау саласы сүзгіден өтпек

Антикор субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кең ауқымды сараптама жүргізе бастайды.
Соңғы екі жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қостанай облысындағы департаментінің қарауында мемлекеттік субсидияны заңсыз иелену деректері бойынша тіркелген 31 қылмыс болған.
"Қазіргі уақытта Президент тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агроөнеркәсіп кешеніндегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау саласында ықтимал жемқорлыққа ауқымды сыртқы сараптама жүргізу жұмыстарын бастағалы отыр", – дейді облыстық Антикор жетекшісінің бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.
Оның айтуынша, бұл жұмыстың басты мақсаты – субсидия беру жүйесінің айқындығы мен әділеттілігін қамсыздандыру, жемқорлық пен бюрократияның жолын кесу, кәсіп жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік барьерлерден арылту. Бұл үшін барлық нормативті құжаттар, аймақтарға субсидия берудің іс жүзіндегі практикасы, қылмыстық істер және сот шешімдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді шағымдары мен талаптары тексеріледі.
Мұның сыртында, ведомство өңірлерге тұрғындармен кездесіп, жағдайды зерттеу үшін арнайы топтарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, кері байланыс орнату үшін, азаматтардың ой-пікірі мен ұсыныстарын қабылдау үшін [email protected] электронды почтасы және +77765551424 WhatsApp нөмірі жұмыс істейді. Сондай-ақ, жұмыс тобымен байланысу үшін "Атамекен" ҰКП филиалының алаңдарына және Antikor-орталықтарына жүгінуге болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті барлық ниетті азаматтарды аталған маңызды жұмысқа үн қосуға шақырады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓