Ы.Алтынсарин – патриот педагог

Ы.Алтынсарин – ұлт мүддесі мен ұлт мұраты үшін бар өмірін сарп еткен ағартушы. Оны біз Ұстаздың шығармашылық еңбектерінен, жазған хаттарынан, ағартушылық істерінен айқын көреміз.
Ы.Алтынсарин алғашқы хаттарының бірінде 1862 жылы 26 қаңтардағы Орынбор бекінісінен Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «…Құдай маған көмек етсе және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын», — деп өмірлік кредосын айтады. Сонда Ы.Алтынсариннің 20 жастан асар-аспас кезі ғой. Осы хаттың ортасында Ұлы ұстаз: «…Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды», — деп мақтанышпен жазады. Сөйтіп, Ы.Алтынсарин қазақ халқын мақтан етеді, талапты ұлт деп біледі, мол үміт артып, келешегіне сенеді. Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясына» жазған сөз басында халқымызға төмендегідей сипаттама береді.
«…Қазақ халқы – азбаған халық, оның талабы біреу – салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін…Әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне құмар. Халқымызға  шамамыз келгенше қызмет ету – әрқайсымыздың да борышымыз», -деуі халқына деген сүйіспеншілігі халқының болашағына сену, сол үшін аянбай еңбек етуге ант беруін көреміз. Ол өзінің ар алдында берген антынан айныған емес.
Ұлы Ұстаз, ұлтының мүлдесі үшін саяси салаға да салмақ сала білген ұлтжанды азамат екенін келесі хатта көреміз. Ол 1880 жылы 4 сәуірінде Торғай қаласынан В.Катаринскиге арнаған хатында газетке жазған өз мақаласы жайында былай дейді: «Қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Сондықтан қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, өзімнің оған  қарсы екенімді  білдіруге бел байладым». Бұл оның елінің қорғаны, халқының қалқаны болып, сол кездегі үкіметтің отарлау саясатына батыл қарсылық көрсетуінің белгісі. Бұдан бөлек, 1889 жылы 20 ақпандағы Орск қаласынан Катаринскиге жазған хатында: "Біздің Бессонов Александр Гриорьевич 3-ші және 4-ші кластардағы оқушылардың қарсы болуына қармастан, бір ай бойы інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Міне, мұндай епсіз, жарым есті басшылық салдарынан (жақсы істер – Ж.Қ.Х.) жойылып кетуі мүмкін. Қатты айтып отырғаныма кешірім етіңіз, қайтейін, ішім күйеді", — деп айтуы өзінің оқу саласындағы саясаттың қасақана, өрескел жолмен жүргізіліп отырған қырсыздық әрекеттерге өзінің түбегейлі қарсы екенін ашық та тіке айтуы Ұстаздың батырлығын, мінезділігін айқындайды.
Ы.Алтынасарин 1884 жылдың 14 қыркүйегіндегі Орыбор қаласынан Н.Ильминскиге жазған та бір хатында: «Құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме адал адам болайын деген ойымнан, талбымнан еш уақытта да қайтпаймын. Мүмкіндігі болған жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек»,- дейді. Елге жанашырлық деген осы болар. Аталған жылдың 30-шы қыркүйегіндегі Орынбордан жазған хатында да: «Қазақ тілінде бір жалпы білім беретін кітап құрастырып, туған еліме тағы бір қызмет көретейін деп отырмын», — деп зор қуанышпен айтады. Қайратты, қайсар, елшіл, ұлты үшін жанкештілікпен, өмірінің сонына дейін күресуді мақсат еткен Ы.Алтысариннің ұлағаты бізге үлгі болмақ. Бұл бүгінгі "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы "Туған жер" жобасымен үндесіп жатқан жоқ па?!
 Ұлы ұстаз соңғы рет 1889 жылы 6 наурызда В.Катаринскиге жазған хаттарының бірінде: «Жақында Орскіге Карл Андреевич мектеп инспекторы болып кеткен екен, қазақ оқушыларына тым қатты қарамаса еді деп қорқып отырмын. Олардың бәрі де өте дұрыс бағыттағы оқушылар, іштерінде өте дарынды, өте зейінділері  де аз емес. Оларды, құдай үшін, қорғай көріңіз», — деуін қарасаңыз, қазақтың келешегі, үміт еткен жастарға деген қамқорлығы қандай десеңізші! Бұған бірдеңе қосудың өзі артық.
Ы.Алтысарин педагогикасының өзегі – адамгершілік, имандылық, иманжүзділік. Оны біз Ыбырайдың 1864 жылғы 16-шы наурызда Орынбор бекінсінен Н. Ильминскиге жазған хатында көреміз. Онда Ұстаз: «… Оқушылар кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын» -дей отыра, хатын жалғастырып: «Менің үнемі ұмтылған тілегім қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады», — дейді. Ұлы Ұстаз ұлтына қызмет істеуге қолы жетіп, мүмкіншілік туғанына өте қуанышта болғанын байқаймыз. Қарап отырсақ, Ы.Алтысариннің балаларға арналған 60-астам әңгімелері бар екен. Солардың тек аттарын атайықшы, масалы: «Әдеп», «Қанағат», «Әділдік», «Зеректік», «Жомарт», «Мейрімді бала», «Жамандыққа –жақсылық». Міне, Ұстаз оқушыларының бойынан осындай қасиетті құндылықтарды көргісі келеді. Бұған қоса «Талпыну пайдасы», «Малды пайдаға жарату», «Білгеннің пайдасы» секілді әңгімелердің  атаулары нені білдіріп тұр? Тиімділікті, ұтымдылықты, нарықтық қатынастағы бәсекелестікті көрсетіп тұр. Біз бүгін пайда табу, бәсекелестік заманында өмір сүрудеміз. Жеке адам болып қана қоймай, тұтас ұлт болып, ел болып бәсекеге түсудеміз. Сонда ғана ұтамыз, мемлекет болып алға жылжимыз. Тағы бір Ұстаз әңгімелерінің топтамасын көрсетейік: «Жаман жолдас», «Ақымақ дос», «Тәкаппарлық», «Үш ұры». Дүниеде жамандық неден келеді? Міне, оқушылар қандай үлгіні бойларына өнеге қылып дарыту керек, қандайынан аулақ болулары қажет екендігі көрсетілген. Ал Ы.Алтысариннің  осы талаптары, ойлары ескірді деп айта аламыз ба? Әрине жоқ! Бәрі бүгінде ауадай қажет.
Ы.Алтысарин өз заманына сай оқу үрдісін бір жүйеге қалыптастырды. Ел тарихында болмаған алғашқы оқулықтарды, оқу құралдары, әдістемеліктерді жазып, оқыту бағдарламасын, сабақ беру жоспарларын жасады. Ең алғашқы арнайы мектептерді салды. Оған дейін уақытша үй жалдап оқытатын еді. Ы.Алтысарин арнайы салған мектептерде жеке сыныптар бөлмесі, асхана, кітапхана, аурухана, зертханалар, шеберханалары болды. Ол мектептерде химия, физика, астрономия пәндері оқытылды. Сүйтіп сол заманның өзінде жартылай болсада зайырлы мемлекетке сай оқыту жүйесін қалыптастырды. Дің сабағынанда қол үзген емес. Ғасырлар бойы көзіміз үйренген сынып бөлмелері, ондағы тақта, бор, көрнекіліктер, карталар, глобус, сынып журналы, табель, аттестат, марапттау қағаздары, қоңырау, сынып тазалығын сақтау, оқушылардың өз бастарының тазалығы (гигиена) талаптарын алғашқы енгізген де Ы.Алтынсарин болатын. Педагогика пәнінде «ынта» деген сөз бар. Оны "мотивация" деп жатамыз, оның түрлері де көп. Ал Ы.Алтысариннің өмірі мен шығармашылығына терең үңіліп, санаға сіңірсек, меніңше, бір ғана ыңта-мотивация бар. Ол – туған еліне пайдалы болу, патриоты болу, халқын сүю, Міне Мотивация!  Біз осындай ынтаны, қасиеттерді жастар бойына сіңіре білсек, Ы.Алтысарин өсиетін орындаған болар едік.
Ы.Алтынсарин – 40 жастың ішінде өмірден озса да, кем дегенде бір өзі 40 адамның халқына  деген қызметін арқалап, іс жүзінде абыроймен атқарып кеткен ұлы тұлға. Ол – отансүйгіштіктің, ұлтты қадірлеу сезімінің өмір бойы өнегелі үлгісін көрсетіп кеткен нағыз патриот. Сондықтан Ұлы Ұстаз халқымен бірге жасай бермек.
Жақында ғана, ұлы ағартушының туғанына 180 жыл толу қарсаңында Қостанайға Нұр-Сұлтан қаласынан ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, қоғам қайраткерлері ағартушының туған жеріне арнайы тағзым етуге келді. Жоспарланған дөңгелек үстел аясында «Ұлы педагог Ы.Алтынсариннің мұрасы мен оның қазақстандық білім берудегі рөлі» деген тақырыпта пікірлер өрбіді. Сол жиында айтылған кейбір ұсыныстарымды оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.
Біріншіден, 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, бір уақытта  еліміздегі барлық (меншігіне және оқыту тілдеріне қарамастан) мектеп табалдырығын алғаш аттағандардың басты сабағы «Кел балалар, оқылық!» атты сынып сағатында Ы.Алтынсариннің өмірбаяны мен шығармашылығы жайында айтылуы керек. Бұл іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрсын.
Екіншіден, еліміздегі барлық мектептердегі бесінші-жетінші сынып оқушыларын  Ы.Алтысариннің өмірі мен еңбегі жайлы диктант, сегізінші-тоғызыншы сыныпта оқитындарға мазмұндама, оныншы-он бірінші сыныптағы оқушыларға шығарма жаздырса, Ұлы ұстазға тағзым деген осы емес пе?
Үшіншіден, бұл дүниеде барлық нәрсенің өлшемі адам екені белгілі. Сол себептен ұлы ғұламалардың бірінші кезекте адамның тұлға болып қалыптасуына көп мән бергені белгілі. Кешегі ұлы хакім Абай да «Адам бол» қағидасын алға тартқан. Сондықтан әлем танып мойындаған қара сөздерін үңіліп оқуда. Ал адамды адам қылатын, адамнан тұлға қалыптастыратын нәрсе – тәрбие. Соңғы 30 жылдың ішінде біз Қазақстанның Тәуелсіз жаңа дәуірінде өмір сүріп келеміз. Қоғам өзгеруде, адам өзгеруде. Енді сол қоғам сұранысына сай алғашқы тәрбиешілер съезін өткізіп, мемлекеттік бағдарлама жасап тұжырымдама қабылдаса дұрыс болар еді.
 
Қалқаман Жақып,
А. Байтұрсын атындағы
Қостанай өңірлік университетінің
профессоры 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓