Биыл – 99,   келер жылы – 100  жыл! 

25 маусымда «Қостанай таңы» газетінің шыға бастағанына тура  99 жыл толады.  Қарт басылым – екі ғасырдың куәсі,  шежіресі, рухани келбеті.
Өңірдің басты басылымы өткен  ғасырда небір алмағайып кезеңді бастан өткерді. Елмен тағдырлас болды. Ұлтымыз  газет  арқылы мұңын шақты,  мұқтажын айтты, сырын ақтарды. Бәлкім сондықтан да болар Ахмет Байтұрсынов: «Газет – қазақтың көзі, құлағы һәм тілі», — деді. Басылым озық ойларды тоқайластырды, алысты жақындатты. Ұлт зиялыларының,  алаш баласының мінбері болды.
Қазақ журналистикасының атасы Мұхаметжан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин қазақ тіліндегі кәсіби газет стилінің негізін қалады. Газет жұрттың саяси санасын оятуға түрткі болды. Қазақ халқының болашақ  ұлт бостандығы, ұлт азаттығы, болашақ жеке мемлекеттік саясатты ұстану жолындағы ұлт идеологиясын орнықтыруға септігі тиді.
Журналистеріміздің  ізденіспен, еңбекпен тапқан тері  әріп болып жазылып , «Қостанай таңын» танымдық-ақпараттық,  өз көзқарасы бар, тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құралға айналдырды. Ал әлеуметтік желі – бар болғаны ақпарат беруші ғана.
Бүгінде газетінің шығармашылық ұжымы өзінің оқырмандарына өңірімізде болып жатқан маңызды оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына және мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне зор үлесін қосып келеді. Заман талабынан шыға білген газет ұжымы ақпарат айдынында өздерінің  лайықты  орнын алып отыр.
99 жыл – жай ғана сандық  көрсеткіш  емес. Бұл жылдарда орасан еңбек пен күш, рухани құндылықтар жатыр.
Уақыт талабына сай басылым түлеп түрленуде. Әлеуметтік желілерде, сайтта газетіміздің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырмыз. Газеттің соңғы жылдарғы сандары  электронды форматқа ауыстырылды.
Мәртебелі  оқырман!  Бүгіннен-ақ  ата басылым  «Қостанай таңының» 100 жылдық мерейлі  мерейтойлық шаралар бастау алды.
Осы орайда біз сіздерден газеттеріңіздің тарихы мен тағдырына қатысты сан алуан мазмұндағы хат-хабарларыңызды күтеміз. Әсіресе  кешегі кеңес заманындағы өктемдік пен қысастық кезеңдерде  баспасөз тарапынан қолдау мен қорғау немесе керісінше жазықсыз айыптаулар болса, бүкпей анық жазыңыздар. Сіз бен біз болып, жүз жылдық бел-белестерді еске түсіріп, тереңнен толғана айтар әңгіме аз болмаса керек, ағайын! Ұлттың рухын көтеретін, ұлттың мүддесін көздеген қызықты жарияланымдар туралы сыр шерткенге не жетсін! Кісінің тағдыр-талайына тікелей араласып, дер кезінде жанашырлық көмегін көрсеткен тілшілер болса, жақсылығын айтып, мерейін өсірсе, жарасымды болар еді. Газет сізге дос-жаран, туған-туыс табуға септігі тиді. Ендеше, бізбен ой бөлісуге, қызықты сыр шеруге сүйікті басылым хақында, оның халық алдындағы қызмет туралы хат-хабар, алуан тақырыпта материалдар күтеміз.
Жүз жылдық тарихында «Қостанай таңының» басты ұстанымы  тіл мен діл болды. Қазір де солай. Біз өңір тыныс-тіршілігін айта отырып,ұлтымыздың рухани азығы болуға, қазақтың жанын ұлттық құндылықтарымен байыта түсуге ұмтыламыз.
Бүгін 99 жылдық белесті еңсерген ұжымға шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Оқырманды қуантатын жағымды жаңалықтар арта берсін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылында аға басылыммен бірге жасасып, кейінгі ұрпаққа ақылшы бола білген, қаламы қарымды, қиялы жүйрік аға буын өкілдерін, қалың оқырманды осы бір айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓