Жаңа емхана ашылды

Рудныйдың «ескі» бөлігін мекендеген тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ленин көшесі, 31 мекенжайы бойынша жаңа шағын емхана ашылды. Салтанатты шараға «Жемчужина-Стомед» компаниялар тобының директоры Алмат Исмағұлов, қала әкімінің орынбасары Денис Петрухно мен қоғам белсенділері қатысты.
Бөлімшені қонақтарға №2 емхананың бас дәрігері Юлия Аксютина таныстырды. Кіреберісте тіркеу бөлімі, электронды кезек пен жайлы күту залы, медбикелік пост пен жұқпалы ауруға шалдыққандар үшін сүзгі кабинеті жұмыс істеп тұр.
– Қазіргі таңда осы аумақта тұратын халықты тіркеумен айналысып жатырмыз. Емханада тегін препараттар мен еңбекке жарамсыздық парақшаларын беру, коронавирусқа қарсы екпе жасату, түрлі анализдер жасату тиімді ұйымдастырылған. Әзірге штатта 10 ғана қызметкер бар. Алдағы уақытта кардиолог, невропатолог, эндокринолог, УЗИ дәрігерлері де қабылдау жүргізбек. Ол үшін қажетті жабдықтардың барлығы бар. Алғашқы кезеңде кепілді тегін медициналық көмек көрсету аясында жұмыс істейміз. Ақылы қызметтер көрсету болашақтың еншісінде, – дейді бас дәрігер.
Шағын емхананың жобалық қуаты 10 мың пациент. Бүгінде 2,5 мың адам тіркеліп үлгерді. Ал жаңалықтан хабары жоқ азаматтар үшін ақпараттық насихат жұмысы қолға алынған.
– Біздің компания денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қос қолдап қолдайды және сапалы медициналық қызметтің тұрғындары үшін барынша қолжетімді етуге тырысады. Бұл – алғашқы қадам ғана. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – дейді "Жемчужина-Стомед" серіктестігінің басшысы Алмат Ерікұлы.
Қала әкімінің орынбасары Денис Петрухно тұрғындары емхананың ашылуымен құттықтап, медициналық ұйымның ұжымына табыс тіледі.
– Негізгі екі емханасына бару үшін МЖК шағын ауданы мен осы аумақтың тұрғындары қаланың бергі шетінен арғы шетіне сабылатын. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Барлығыңыз білесіздер, №39 шағын ауданда соңғы 3-4 жылдықтың ішінде көбқабатты төрт тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы екі зәулім үй аяқталуға жақын. Яғни, болашақта емхананың пациенттері тек арта береді. Осының барлығы рудныйлықтардың қолайлы өмір сүрулері үшін жасалып отыр, – деді ол.
Әзірге емхананың жұ-мыс уақыты таңертеңгі 8-ден кешкі 17-ге дейін. Жақын арада мекеме 20.00-ге дейін және сенбі күндері де жұмыс істейтін болады.
Тақырыпқа тұздық болсын, биыл Мира көшесіндегі балалар ауруханасының ғимаратына №1 қалалық емхананың қосымша корпусы іске қосылмақ. Бұл қаланың орталық көшелерінде тұратын азаматтар үшін қолайлы болмақ. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті 15 млн теңгенің бір бөлігі бөлінген. Сонымен қатар, Восточная көшесінде су жаңа емхана құрылысына қатысты инвестициялық жоба әзірленіп жатыр.
Қуаныш
 ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓