Орқаш теңгелері

ХІХ ғасырдың аяқ тұсында өңірімізде тұз өндірісі қарқынмен дамып, «астың дәмін келтірер» байлықтың Ресей, одан әрі Еуропаға тасымалданып тұрғаны – сұранысқа аса ие болғандығының айғағы. Оған патша заманынан бергі архив материалдары мен заттай бұйымдар дәлел.
Осындай тұзға бай кеніштердің ең ірісі – қазіргі Қамысты ауданының Орқаш-Қарасу жері. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Орқаш тұзының, анау-мынау емес, тікелей Петербордағы патша сарайына жеткізіліп тұрғанын білеміз бе? Және осы тұзды сатып алу үшін Орқаш теңгелерімен есептескені жайында шынайы деректер бар. Ендеше оның аз-кем тарихын баяндай отырайық. Жалпы, Қамысты ауданындағы тұзға бай көлдің ауданы осыдан алпыс жыл бұрын 19 шаршы шақырымды құраған екен. Ұзындығы алты, ені төрт шақырымға жеткен баға жетпес орынның аумағы кейін тарыла бастады.
1919 жылдан «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) атауымен шыға бастаған газеттің №25 санында «Қостанай уезі Торғай һәм Ырғыз уездерін асыраушы, шаруа жүзінде байланған құнарсыз әккі уездердің күн көруі қиын» немесе «Дамбар болысының екінші ауылында жемелей сазды Жетікөл болысында, Аманқарағай болысында, Аманның ағашының ішінде тұз алатын сорлар бар» деген деректер кездеседі.
Бұл жерде Орқаш жайында айтылмаса да, келесі бір мәліметтерде осы елді мекеннен тұздың көп көлемде Ресей жеріне тасымалданғаны баяндалады. Бұл орын ол дәуірде тұз өндіретін ең ірі кеніш саналған. Мол қоры Орынбор жеріндегі Елек тұзынан кем түспеген әрі табиғи таза мөлдір, кристалды кесек күйінде дайын түрде өндіріліп отырыпты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Б.Абенованың «Ресей империясының қазақ өлкесіндегі аймақтық саясаты (1868-1891 жылдар)» атты монографиясында: «Орынбор өлкесіндегі байлықтардың бірін тұз кәсіпшілігі құрайтын. Алғашқы кезде Торғай облысындағы Орқаш және Жеменей (Жемелей деп те аталып жүр – Қ.Қ.) тұзды көлдерінен ас тұзын өндірумен Николаев уезі мен ішінара Торғай уезінің қазақтары, ал кейін Троицк, Верхнеуральск және Орынбор губерниясының басқа да қалаларынан келген тұз кәсіпшілері айналысты. 1887 жылы аталған көлдердің екеуі де әр көлден қазақтарға бір-бір тұз шөгіндісі бассейнінен немесе әр түтінге екі пұттан тұз бөліп беру шарты міндеттеліп, кәсіпкерлерге жалға берілді. Орқаш тұзы көлемінің молдығымен және құрамы мен сапасының жоғарылығымен ерекшеленетін еді. Екі көлден жылына 1,5 миллион пұттай ас тұзы өндіріліп, өлкеде сатылған тұздан артылғаны Орынбор губерниясының базарларына тасылды», – деген сөйлемдер кездеседі.
Қызығы сол, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Қостанай жеріндегі Орқаш және Жемелей кеніштерін мұрагерлік жолмен құрметті азамат атағын иеленген орынборлық көпес С.И.Назаров жалға алыпты. Назаровтың мұндай жоғары атаққа ие болуына Орқаш тұзын орыс императорының сарайына, одан әрі Еуропа мемлекеттеріне тасымалдап отырғаны себеп болған дейді мұрағат көздері.
Дәл осы 1895–1899 жылдары Назаровтар кәсіпшілік ақша маркасын шығарып келген екен. Ол 1, 5 және 25 номиналдары ретінде соғылған теңгелер. Қоладан құйылған жетонның бет жағында номиналы және дөңгелене жазылған «Марка «Орқаш» тұз өндіру кәсіпшілігі кассасына» («Марка въ кассу соляного промысла «Уркачъ») деген жазуы бар. Келесі бетінің ортасында «Назаров», ал айнала «Марка «Орқаш» тұз өндіру кәсіпшілігі кассасына» сөздері төте қаріппен жазылған. Айта кетейік, патшалық орыс жерінде мұндай теңгелер соғу құқығы кез келген саудагерге емес, тек бірінші дәрежелі гильдияға (түрлі елдерде саудагерлері бар көпестік бірлестік) берілетін аса жоғары құрмет саналды.
Ал кеніш басындағы тұз өндірушілер негізінен жалдамалы кедей қазақтар да, оларға төленетін ақы да өте төмен болған. Жергілікті халық пен маңайдағы ел көктем шығысымен кеніш басына жұмысқа жиналады. Кей деректерде мың пұт үйме тұз шығарған қара жұмысшының қолына «Орқаш» тұз өндіру кәсіпшілігі кассасына» жазуы бар 5 рубльдік марка тиеді. Яғни, әр пұтқа жарты тиыннан ақы беріледі деген сөз. Керісінше, Троицк базарында тұздың әр пұты 15-20 тиыннан саудаланған. Жұмысшылар ала жаздай аптап ыстықтың астында тізеден келетін тұзды суда ауыр еңбек етеді. Күн суыған мезгілде олардың маусым бойғы еткен ақылары төленеді. Ал енді ол марканы қайтадан ақшаға айналдыру үшін кедей шаруаларға табанын тоздырып шекара бойындағы Ор немесе әріректегі Орынборға барып, ондағы төлем кассаларын жағалауға тура келген екен.
1895 жылы Орқашта 300 мың пұтқа жуық өзі тұндырғыш тұз шығарылған. Ал 1900 жылы 82,5 мың пұтқа жуық өндірілген болса, келесі жылында ол 37,5 мың пұтқа дейін төмендеп кеткен. Оның себебі – жаздың жаңбарлы болуынан.
Орқаш ауылының сыртындағы тұзды кеніш маңынан қола жетондар сирек болса да табылып жатыр. 1 және 5 номиналды қола теңгелер жайында қызықты мәлімет YouTube видео-хостингіндегі «Иван Павлович» арнасында «Сохраняем историю! Жетон-марка 1 и 5 рублей купца Назарова. Соляные прииски Уркач Тургайской области» деген атаумен (https://www.youtube.com/watch?v=o57jQdIclT0) жарияланды.
Тағы бір қызық дерек, 2017 жылы 28 қаңтарда Мәскеудің «СтандАрт» қонақүйінде «Қысқы нумизматикалық аукцион» бәссаудасы өтті. Онда 5 рубльге теңестірілген Орқаш теңгесі саудаға қойылыпты. Салмағы 6,77 г., диаметрі 27 мм сирек кездесетін жез жетон өте жақсы сақталған екен. Бастапқы бағасы 4 мың рубльге бағаланған монета шарықтап барып 15,5 мыңға сатылып кеткен.
Қыдырбек Қиысхан

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓