Мұражай ­ өлке тарихының шежіресі

Ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына орай жуырда «Үздік мектеп мұражайы» деп аталатын облыстық сырттай байқау өтті. Оған астықты аймақтың аудан, қалаларынан барлығы 31 мектеп мұражайы қатысып, өздерінің жұмыстарын ұсынған болатын.
Бұл байқауды психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығы ұйымдастырды. Мақсаты: жас ұрпақты мұражай жұмысына қызықтырып, өткен тарихымызды насихаттау, құнды жәдігерлермен таныстыру. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың бойындағы шығармашылық қасиеттерін шыңдап, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту. Жас өркендердің Ыбырай атамыз сияқты ағартушылық саласына бет бұрып, мәдени қызметтерге араласқаны қуантарлық жағдай. Мінекей, осындай зор мақсат­-міндетті арқалаған ауқымды іс­шарада облыстағы үлгілі оқушылардың жұмыстары сарапқа салынды.
– «Үздік мектеп мұражайы» сырттай байқауы соңғы алты жылдан бері қарай тұрақты түрде өтіп келеді. Әр екі жыл сайын бір рет ұйымдастырып отырамыз. Бүгінде Қостанай облысында 215 мектеп мұражайы жұмыс істеп тұр. Оқушылар мұражайдың жұмыстарына белсенді араласып, іздеу­зерттеу шараларына қатысады. Балалар мұражай арқылы туған жер тұлғаларының өрімбаянымен, қызықты тарихи деректермен танысады. Өлкенің өткен тарихын мұражайдан табамыз. Сондықтан, өскелең ұрпақты мұражай жұмысына қызықтырғанымыз дұрыс,– деді психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының директоры Елена Петренко.
2019 жылы өткен байқауға 29 мектеп мұражайының жұмысы қатысқан екен. Биыл педагогикалық ұжымдардың белсенділігі жоғары. Барлығы отыз бір мұражай бақ сынады. Байқау үш номинация бойынша өткізілді.
1) «Тарихи мұражайлар» (әскери-тарихи, әскери даңқы мұражайлары, еңбек даңқы мұражайлары, халықтар достастығы, мектеп тарихы, археология және этнография мұражайлары);
2) «Кешенді өлкетану мұражайлары» (өңірдің табиғатын, экономикасын, тарихын және мәдениет бөлімдерін қамтиды);
3) «Әдебиет мұражайлар» (атақты жазушылар туралы және олардың жергілікті өлкемен байланысы, сондай-ақ өз шығармаларында айқын көрсеткен жазушы-жерлестері туралы баяндайтын мұражайлар). Аталған номинациялардың нақты талаптары да болды. Яғни, мұражай туралы, оның жұмысының негізгі бағыты мен жинақталған қоры туралы толығырақ ақпарат ұсынылып, фотосуреттермен расталуы керек. Қойылған талаптарды дұрыс орындаған мұражай ұжымдары жүлделі орындарға ие болды.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓