Ұлағатты ұстаз

"Ұстаздық – ұлы іс" депті қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов. Меніңше, бұл – мәртебелі мамандыққа берілген шынайы баға. Ұстаз болу – үлкен абырой. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, жоғары идеялы адамға тән қасиет. Осындай жаны ізгі, жүрегі кең азаматтардың бірі Қазихан Жолмағамбетұлы Рсалин.
Қазихан Жолмағамбетұлының шыққан тегі де тегін емес-ті. Бұл кісі 1950 жылы Жітіқарада, көп балалы отбасында өмірге келген. Үйелмелі-сүйемелі шаңырақта туған он бір баланың бесеуі сәби күндерінде шетінеп кетті. Ол кезде қайбір медицина болды дейсіз?! Дәрідәрмек тапшы, адам баласы біліп болмайтын ауру түрі көп…
Әкесі – Жолмағамбет Рсалыұлы Нысанбай ауылының тумасы (Қамысты ауданындағы қазіргі Жайылма ауылы – автор). Бұл жер әлмисақтан Кіші жүздегі Жағалбайлының елі дейді көнекөз қариялар. Осы өңірден шыққан алғашқы көзі ашық, білімді азаматтың бірі Жолмағамбет бол-ған деседі. Ертеде өңір білімді мамандар-ға қат кезеңде, болашақ оқыған-тоқыған азаматтардың қолына көшетінін о баста-ақ білген ауыл ақсақалдары қаржы жиып, ортадан атасы Рсалыны мына тұрған Троицкде оқытыпты. Аштық пен қысастыққа тап болған Жолмағамбет те білім алудан бас тартқан жоқ. Орынбор мен Оралда оқып, орыс, араб, тілдерін еркін меңгерді. Ол уағында Меңдіқара аудандық ішкі істер бөлімін басқарған жылдары байқұлақтарды жоюға белсене қатысқан. Соғыстан бұрын ұзақ жыл бойы Жітіқарадағы алтын өндіретін артельде экономиканың маңызды бір саласына жетекшілік етіпті.
1937 жылдың денеңді қарыр қасіреті көптеген жерлесі тәрізді Жолмағамбет пен оның інісі Қуанышбайды да айналып өткен жоқ. Олар қылдай кінәсі жоқ болса да, атақты "үштіктің" алдында ақталарға "еш дәлел" таппады. Колыма түрмесінде аяғы мен қолын үсіткен кіші інісі азаппен көз жұмды. Жолмағамбеттің өзі соғыс жылдары айып батальонының құрамында алғы шепте, ең ауыр ұрыстарға қатысқан. Сөйте жүріп, рота командирлігіне жоғарылатылып, "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталған. Қанды қырғынға бастан-аяқ қатысқан жауынгер Жолмағамбет Рсалы-ұлы майдан даласынан туған жерге дін-аман оралғандардың бірі еді.
Тек қана 1959 жылы Қазақ ССР-і облыс-тық соты президиуымының №44-ші қаулысымен құрамында кеңестер үкіметіне қарсы ұлттық – бүлікші әрекет факті-лерінің болмауына байланысты 1937 жыл-ғы НКВД "үштігінің" шешімі жойылды. Соғыстан кейінгі жылдары әкесі жарықтық, Жітіқара ауданында қарапайым еңбек адамынан бастап аудандық атқару комитетіндегі әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, колхоз төрағасы қызметін атқарды. Жолмағамбет Рсалыұлын ел іші етене сыйлаушы еді.
Қазихан Жолмағамбетұлы – 1967 жылы Жітіқарадағы №1-ші орта мектепті бітірді. Енді қалайда жоғары білім алуы керек. Мектепте гуманитарлық пәндерге бейім болды. Оқып жүргенде заңгер бол-ғысы келген. Бірақ, ол арманы бір қарағанда қол жетпес сағымдай боп көрінді. Челябі не болмаса Алматыға барып оқудың реті келмеді. Сондықтан, ол әкесіне Қостанайдағы педагогикалық институттың тарих факультетіне түсуге уәде берді. Ол жылдары тарихшы мамандығы қат еді. "Институтта "өте жақсы" оқыдым. Ол кезде озат студенттерге 33 сом стипендия төлейтін. Кейде сенбі, жексенбі күндері жұмыс істедім. Жазды күндері студенттік құрылыс отрядтарымен бірге жиі табыс табуға шығатын едім. Бұл кезде аға-жеңгем Хан мен Гүлнар, Әуезхан, кіші інім – бәрі жұмыс істейтін. Ептеп маған көмектесіп тұрды. Біз осылай өсіп-жетілдік", – дейді Қазихан Жолмағамбет-ұлы өткені туралы сөз сабақтағанда.
1971 жылы Қазихан Рсалин қолына дипломы тиген соң, Денисов ауданының білім бөліміне келді. Ол кезде бөлімді Барид Кенжебаев басқаратын еді. Білім бөлі-мінің бастығы жас маманды бірден Сверд-лов орта мектебіне тарих пәнінен сабақ беруге жіберді. "Әлі жассың. Ізден, батыс тап!"– деп 36 сағат бергені есте. Мектеп директоры Александра Еремина мұны жылы қарсы алды. Бірақ, жас маманға тиесілі үй дайын емес-тін. Бұған күзгі жиынтерімге келген егіншілермен бірге барақ үлгісіндегі жатақханада тұруға тура келді.
Әлі есінде, үлкен бөлмеге он-он екі кереует қойылған. Екі механизатор төсекте етікшең ұйықтап жатыр. Стол үсті стақан, тіске басарға толы. Қабырғада ыбырсыған жұмысшы киімдері – көпәйке, мақталы шалбар. Бөлменің ортасында электр пеш. Үстінде әбден отқа қақталған шәйнек тұрар еді. Жас мұғалімге бұрыштан орын тиді…
Екі аптадан соң бұған екі қабатты үйден бір бөлме берілді. Қазекең Свердлов орта мектебінде жұмыс істеген жылдарын үлкен сағынышпен еске алады. Екі қабатты, типтік үлгідегі мектепте сол жылдары 360 бала оқитын. Маңайдағы Зааятск стансасы мен "Аят" совхозына қарасты екі бөлімшенің балалары қатынап оқиды. 120 оқушыға шақталған интернат болды. Мұның сыртында алыс ауылдардан күн сайын елу шақты баланы арнайы көлік тасиды.
– Мектеп директоры Александра Федоровна өте ақылды, талантты басшы-тұғын. Маған анамдай қамқорлық танытты. Барынша қолдап, қолпаштап отырды. Сабағыма жиі кіретін. Ақыл-кеңесін аямайды. Білгенін үйретуден жалықпайтын. Сол кісінің бастамасымен оқу жылының аяғына қарай маған семинар өткізу бұйырып, оған аудандық білім бөлімінің бастығы Б.Кенжебаев бастаған кілең мықты мамандар келіп қатысты. Басында ауданның бетке ұстар ұстаздары қалай бағалар екен деп сәл қобалжыдым. Бірақ, менің әрбір қимылымды, іс-әрекетімді мүлтіксіз бақылап отырған білім бөлімінің бастығы жұмысымды оң бағалап, Покров орта мектебіне директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне шақырды. Свердлов ауылында тұрғанда біз – Мария Уәлиқызы Сейітбатталовамен танысып, шаңырақ көтердік. Мария ол кезде Қостанай педагогикалық институтының филология факультетінде, үшінші курста оқитын. Ол кісі маған адал жар бола білді. Алтын асықтай екі ұл сыйлады. Қиын кезде қолтығымнан демеді. Жетістігіме бірге қуанды. Мария Уәлиқызы өзінің 36 жыл ғұмырын сүйікті ісіне арнаған жан. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, – дейді Қазихан Жолмағамбетұлы.
1973 жылы Қ.Рсалин Покров орта мектебіне ауысты. Мұнда небәрі бір-ақ жыл еңбек еткен оны әскери комиссариат шақырып, Қиыр Шығысқа, әскери борышын өтеуге жөнелтті. Ол Камчаткадағы атомды суасты флотының базасы орналасқан Рыбачье селосындағы бөлімде қызмет етті. Әскер қатарында жүріп КОКП қатарына өтті. 1975 жылы көктемде әскерден оралысымен баяғы Покров орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Сол жылы жазға салым Қазиханды ойламаған жерден Свердлов орта мектебіне директорлыққа тағайындады. Осылайша ол аттай сегіз жыл бойы өзінің алғаш еңбек жолын бастаған мектебін басқарды. 1983 жылы облыстық білім басқармасы Қ.Рсалинге шалғайдағы Қамысты аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстатты.
– Қамысты ауданының білім беру бөлімін табаны күректей 24 жыл басқарған, ҚР білім беру ісінің озық қызметкері, осы ауданның білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар талантты педагог Қазихан Жолмағамбетұлы – өресі биік, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдік әлемі көрінетін көкірегі жақсылыққа толы, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, ел жанды адамгершілігі жоғары абыройлы азамат. Өз еліне адал қызмет еткен Қазихан Жолмағамбетұлын халқы сыйлап, әріптестері пір тұтып, еңбегінің қызығынан қиындығы көп екенін көзім көріп куә болғандықтан осы естеліктерді жазбақшы болдым. 2000 жылы Қостанай облысының білім департаментінің кадр бөліміне жұмыс іздеп барғанымда, Әулиекөл, Науырзым және Қамысты ауданында химия пәнінің мұғалі-міне бос орын бар екенін айтты. "Қай ауданға барсам екен?" – деп тұрғанымда, сондағы бір қызметкер Қамысты ауданына барыңыз, Қазихан тамаша басшы дегенінің өзі бұл азаматтың абыройлы екенін білдірмей ме?! 2000-2007 жылдан бастап бірге қызметте бола жүріп, ол кісінің осы жылдарда бір рет дауыс көтергенін естіген жоқпын, өте сыпайы. Қарапайымдылығына, мәдениеттілігіне, ұстамдылығына талай тәнті болдым. Өзіндік басқару стилі бар. Әр ұстазға және қарамағындағы қызметкерлерге жанашырлықпен қарайтын, ішкі мәдениеті жоғары, адамгершілік пен біліктілікті ұштастыра білген басшы. Сонау 1991 жылы Қамысты орта мектебінің базасында қазақ сыныптарын ашты. Бұл ауданда қазақ мектебін ашу, мамандар әкелу оңай шаруа емес еді. Сол кезде, қазақ мектептеріне балаларын беруге екі ойлы болған ата-аналарды сендіру бір мәселе. Осы мәселелерді шешуде Қазихан Жолмағамбетұлы өте көрегендік танытты және өзі нағыз дипломант болатын, – дейді "Қамысты ауданы әкімдігі білім беру бөлімінің №2 Қамысты орта мектебі" мемлекеттік мекемесінің оқу ісінің меңгерушісі Құралай Қабдырақова.
Қазихан Жолмағамбетұлы 2007 жылы облыс орталығындағы жетім балаларға арналған №2-ші мектеп-интернаттың директорлығына тағайындалды. Мұнда жылдар бойы тамаша мұғалімдер мен тәрбие-шілерден құралған педагогикалық ұжым қалыптасқанмен, материалдық база жағы кемшін еді. Ғимаратқа елу жыл жөндеу жүргізілмеген. Интернат бөлмелерінде 20-30 адамнан жатады. Қала сыртындағы лагерь де оңып тұрған жоқ. Төбесінен су ағады, баяғы темір кереуеттер, тоңазыт-қыштар, электр плитасы, кәріз жүйесі істен шыққан. Бұған дейін бес жыл мектепті басқарған кісі ештеңе бітірмеген сияқты. Қысқасы, жұмыс бастан асады. Жасы болса 63-ке таяп қалған. Бірақ, Қазихан нар көтерер жүкке иығын төседі. Мектепке күрделі жөндеу жасатты, шаруашылық блок, көкөніс сақтайтын қойма, интернаттың 4-ші қабатының құрылысын бітірді. Мектеп-интернаттың жанжағын абаттандырды. Көпке ұзатпай қала сыртындағы лагерьді қалпына келтірді. Қазандық, жылыту жүйесін, су құбырын тартқызды. Бұл тек айтар ауызға жеңіл көрінуі мүмкін. "Мектеп-интернат өте күрделі ұжым. 200 жетім балаға басшылық ету қиынның қиыны екенін біле тұрсам да тәуекел етуге тура келді. Бұл тек қана сабақ берумен шектелу емес, күніне алты рет тамақтандыру, киім-кешекпен қамту, құжаттарын дұрыстау, ең бастысы балаларды еңбекке баулу екені аян. Интернатта би, хор, вокал, футбол, теннис, штанга, гір спортының үйірмесі тұрақты жұмыс істеді. 60 жұп шаңғы, коньки, шаналарымыз болды. Қыстың күні балаларға мұз айдынын жасап береміз. Сондықтан, мектеп оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда үнемі жүлделі орындарға ие болатын. Бүгінгі таңда мектеп – тағдыр талқысына ұшыраған балалар үшін ең қымбат мекен, – дейді Қазихан Рсалин.
Қазекең 2013 жылы зейнеткерлікке шықты. Қарап отырса, өмірінің қырық екі жылын білім беру ісіне арнапты. Соның 38 жылы басшылық қызметте өткен. Ол кісі: "Өмірде неге қол жеткізгің келсе де, талапшыл, мақсатты бол!" деген қағиданы жанына серік етті. Оның ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған емес. 1986 жылы ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі, 1992 жылы "Қазақстандағы білім беруді дамыту ісіне қосқан айрықша үлесі үшін" Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды. 2006 жылы облыс білім беру ісіне қосқан қомақты үлесі үшін есімі Қостанай облысының энциклопедиясына енгізілді. ҚР білім министрінің он шақты грамотасына, бес рет облыс әкімінің грамотасына ие болды. Басқа да марапаттан кенде емес. Бұл жарты ғасырға жуық уақытын бала тәрбиесіне арнап, ұстаздық жолдың сан өткелінен өткен қайраткер тұлға – Қазихан Жолмағамбетұлы Рсалиннің адал ақы, маңдай терінің өлшемі болса керек.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓