Гүлім Досымова: «Қалыпты өмірімізге қайта әкелетін – вакцина!»

Былтыр әлемді жайлаған белгісіз індет адамзат баласына алапат соққы болғаны рас. Бұл дерт әуел баста ең алпауыт деген елдердің өзін шарасыз күйде қалдырды. Коронавирустық инфекциямен күресу Қазақстан үшін де күтпеген жайт еді. Тосылдық, тоқырадық, бірақ әуелі Жаратушы, одан кейін ақ халатты жандардың арқасында ес жидық, жаппай сақтану шараларын мықтап қолға алғанның нәтижесі – аурудың беті қайта бастады. Осындай аласапыран шақта алдыңғы шепте тұрып, талайдың өміріне араша бола білген дәрігер қауымына қалайша бас имессің. Бірақ арқаны кеңге салатын кез емес әлі де.
2020 жылдың наурыз айында алғаш Нұр-Сұлтан мен Алматының айналасына түгел бекеттер қойылып, шығыс-кіріс тоқтаған уақта өңірімізден елордаға сегіз медицина маманы барған еді. Індетке алғаш қарсы тұрғандар арасында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлім Досымова бар болатын. Бір ай бойы астаналық әріптестеріне көмектескен абзал жан алдыңғы саптан үлкен тәжірибе жинақтап келді.
– Мен елордада департаментте жұмыс істедім, ал қалған әріптестерім бекеттерде кезекшілікте тұрды. Бір айдан кейін облысқа қайта оралған кезде бұл жақта індеттің тарауы енді басталып жатты. Маусым-шілде айларында шарықтау шегіне жеткенін білесіздер. Тек облыс орталығында ғана емес, аудан-қалалардың басқармаларымен жұмыс істедік. Мұнда жедел штаб орталығы орналасқан, жедел мәлімет, өңірлерден келетін статистиканы жасақтаймыз, аурулар саны мен деңгейін, олардың қаншасы оң, қаншасы теріс, қаншасы симптомды, қаншасы симптомсыз, зертханалық жұмыстар, емханалардың төсек-орындармен қамтылуы, дәрідәрмектің жеткіліктілігі, індетке қарсы ұйымдастыру, қаулылардың бәріне біздің департамент жауапты. Статистиканың бәрі қолымызда. Жұмыс күші жетіспейді. Сонда да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған командамыз жеңді деп айта аламын. Жұмысты әлі де жалғастырып жатырмыз, босаңсуға ерте, – дейді Гүлім Көптілеуқызы.
Кейіпкеріміз Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тумасы. Өмірбаяны өте қызық әрі өнегеге толы десек болады. 14 жасынан еңбекке араласқан, еңбек болғанда аудандық ауруханада санитарлықтан бастапты. Соның ішінде босану бөлімше-сінде. Елестетіп көріңізші, 14 жаста! Жазғы уақытта тұрақты жұмыс істейді екен де, оқу басталған кезде демалыс күндері кезекшілікке шығады.
– Бала күнімнен медицина қызметкері болуды армандадым. Бір жағы анам Күләш Оразбай-қызы да дәрігер, елде өмір бойы фельдшерлік-акушерлік пункте меңгеруші болып жұмыс істеді. Бұрын ауылда әйелдердің барлығы үйінде толғатып жататын, перзентханада босанды дегенді естімейтінбіз. Ауылымыз үлкен, шешем болса ондағы келіншектердің бәрін босандырды. Демек, сол туған балалардың бәрі анамның балалары. Кейін солар біздің үйге соғып, "кіндік шеше" деп анама алғыстарын айтып кетіп жүретін. Мен де ол кісінің жолын таңдадым, бірақ емдеуші емес, профилактикалық дәрігермін. Медицина саласына ерте келуім артынан оқуыма көп әсер етті. Әсіресе, практика кезінде. Аурухана өз үйіңдей, қаннан қорықпайсың, – дейді Г.Досымова.
Алдымен Орал медициналық училищесінен қызыл диплом алған кейіпкеріміз кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтын жоғарылатып тәмамдап алды. Студент күнінде Қостанайдың Талғат есімді азаматымен некелесіп, содан бері өңіріміздің денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді. Қостанайға келгенін бақыт санайды. Өмірлік серігі жеке кәсіпкер. Қыздары Динара Аслан есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Ал ұлдары Руслан да анасының жолымен келе жатыр – реаниматолог-анестезиолог. Қазір резидентурада білім алып жүр. Бас-аяғы он жыл оқып шығады. Ақтөбеде тұрады. Негізгі жұмысынан бөлек жедел жәрдемге қосымша орналасқан. Былтыр індет шарықтап, ауруханада орын болмаған кезде үй-үйлерге барып, оттегі жетіспей жатқан сырқаттардың ортасында жүрді.
Тығырықтан шығар жол болмай, аурудың асқынуы, дәрінің жетіспеушілігі, емханаларда орынның жоқтығы, жағдайдың күрделеніп кеткен тұсында мамандар жұмыстан шаршаса да, мойыған жоқ. Қайта бұл сынақ үлкен серпіліс берді. Себебі, олар осы салаға жантәнімен байланып қалған жандар.
– Егер біз қызметімізді тастап кетсек, індетпен қалай күресеміз, оның алдын кім алады? Сол үшін адам жанын сақтап қалуға өзіңнің бар күшжігеріңді салуың керек. Былтырғы тамыз айынан мемлекет, денсаулық сақтау министрлігі, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің дұрыс шешім қабылдауынан кейін жағдай тұрақталды. Бірақ байқағанымыздай, көбіне мерекеден кейін індеттің күрт өсіп кету жағдайы тіркеліп жатыр. Айталық, жаңа жылдан кейін. Бұл адамдардың бір-бірімен араласып кетуінен. Ал артынан халық жаппай вакцина ала бастап еді, сырқаттың таралуы шектеліп қалды. Сол себепті, әр адам өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қараса деймін. Қазір вакциналау жүргізіліп жатыр. Тегін! Егер жаппай екпе алсақ, қалыпты өмірімізге қайта ораламыз. Оның үстіне мемлекет екпенің үш түрінің бірін таңдауға мүмкіндік берді. Ал, ақылы екпеге зар болып жатқан қаншама елдер бар. Қазір жаз айлары, тойтомалақтың жиілейтін кезі. Жиын-мерекелер өткізбеуге, оған өзіңіз де бармауға кеңес беремін. Бастысы, тұрғындарды вакцина қабылдауға шақырамын, – дейді "Халық алғысы" медалінің иегері.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓